Ешуа
Тарау 10
Иерусалим патшасы Адони-Седек те Ешуаның Айды жаулап алып, тас-талқан етіп қиратқанын естіген еді. Ол, сондай-ақ, Ешуаның Иерихон қаласы мен оның патшасына әрі Ай мен оның патшасына да істегені туралы да хабардар болды. Енді ол Гибеон тұрғындарының исраилдіктермен бейбітшілік келісімін жасап, олардың арасында тұрып жатқандарын да біліп алды.
2 Сонда Иерусалим патшасы және оның халқы қатты қорқып кетті. Себебі Гибеонның өзі патшасы бар қалалардың біріндей үлкен және тұрғындары Ай қаласынан да көп болатын. Гибеонның ер азаматтарының бәрі мықты да батыл жауынгерлер еді.
3 Сондықтан Иерусалим патшасы Адони-Седек Хеброн патшасы Хоғамға, Ярмут патшасы Пирамға, Лахыш патшасы Япияхқа және Еглон патшасы Дебірге мынадай сәлем жіберді:
4 «Өрлеп келіп, Гибеонға шабуыл жасауға қол ұшын берсеңіздер екен! Өйткені олар Ешуамен және Исраил халқымен бейбітшілік келісімін жасапты».
5 Сонымен аморлықтардың Иерусалим, Хеброн, Ярмут, Лахыш, Еглон қалаларының бес патшасы барлық жасақтарын жинап, Гибеонға аттандырды. Олар Гибеонның маңында қостарын тігіп, қалаға қарсы шабуыл жасады.
6 Гибеондықтар Ғылғалдағы қонысында тұрған Ешуаға хабар жіберіп: «Тақсыр, бізге, сіздің құлдарыңызға, қолғабыс беруден бас тартпасаңыз екен! Тезірек бізге жетіп, көмектесе көріңіз! Таулы аймақта тұратын аморлықтардың барлық патшалары бірігіп, бізге қарсы аттанып келді!» — деп өтінді.
7 Ешуа күллі жасақшыларын, барлық мықты да батыл жауынгерлерін ертіп алып, Ғылғалдан Гибеонға өрлеп барды.
8 Жаратқан Ие Ешуаны: «Бұлардан қорқушы болма! Мен оларды сенің қолыңа тапсырып қойдым. Ешқайсысы да саған қарсы тұра алмайды!» — деп жігерлендірген болатын.
9 Ешуа жасағымен түні бойы жедел жүріп отырып, жауларына тұтқиылдан бас салды.
10 Жаратқан Ие аморлықтарда Исраилден зор үрей туғызып, исраилдіктер Гибеонның маңында жауға қатты соққы берді. Оларды Бет-Хорон асуына апаратын жолдың бойымен қуа отырып, Әзека, Макед деген жерлерге жеткенге дейін көбін қырып тастады.
11 Жау Исраил жасағынан қашып, Бет-Хорон асуынан өтіп, төмен түсіп бара жатқан кезде, олар Әзекаға жеткенге дейін Жаратқан Ие үстеріне аспаннан үлкен бұршақ тастарды жаудырды. Исраилдіктердің семсерлерінен қаза тапқандардан гөрі аспаннан жауған бұршақтардан қырылғандар көбірек болды.
12 Жаратқан Ие аморлықтарды исраилдіктердің қолдарына тапсырған күні Ешуа бүкіл Исраил жасағының көз алдында Жаратқан Иеге сиынып: «Күн Гибеон үстінде тоқтай тұрсын, ай да Аялон аңғары үстінде аялдай тұрсын», — деп мінажат етті.
13 Сонда халық жауларын жазалап болғанға дейін күн мен ай тоқтап тұрды. Бұл оқиға жайында «Яшардың кітабында» жазылған. Сол кезде күн дәл төбеде тұра қалып, шамамен бір күн бойы батуға асықпады.
14 Жаратқан Иенің пенденің сөзіне құлақ асып, оның айтқанын осылайша орындаған бұрын-соңды бірде-бір күн болған емес. Себебі шынымен Жаратқан Иенің Өзі Исраил үшін соғысты.
15 Ақыр соңында Ешуа Исраилдің бүкіл жасағымен Ғылғалдағы ел қонысына қайта оралды.
16 Ал осы аралықта аморлықтардың жаңағы бес патшасы қашып кетіп, Макед үңгіріне барып тығылған болатын.
17 «Сол бес патша өздері тығылып жатқан Макед үңгірінен табылды» деген хабар Ешуаға жеткенде,
18 ол былай деп бұйырды: «Дәу тастарды үңгірдің аузына домалатып жауып тастап, күзетшілер қойыңдар!
19 Қалғандарың тоқтамай, жауларыңды қуып, артынан шабуылдаңдар! Олардың өз қалаларына кірулеріне жол бермеңдер! Құдайларың Жаратқан Ие оларды сендердің қолдарыңа тапсырып отыр!»
20 Осылайша Ешуа бастаған исраилдіктер аморлықтарға қатты соққы беріп, оларды талқандап жойды. Жаудың азғана адамы өздерінің бекіністі қалаларына қашып кетті.
21 Ал исраилдіктер Макед үңгірінің жанында қосын тіккен Ешуаға аман-есен қайта оралды. Бұдан былай оларға қарсы бір сөз айтуға ешкімнің де дәті бармады.
22 Ешуа: «Үңгірдің аузын ашып, сол бес патшаны үңгірден шығарып, алдыма алып келіңдер!» — деп бұйырды.
23 Жасақшылар солай істеді де, бес патшаны: Иерусалим, Хеброн, Ярмут, Лахыш, Еглон қалаларының патшаларын үңгірден шығарып, Ешуаның алдына алып келді.
24 Сол кезде Ешуа Исраилдің күллі ер адамдарын жинап алып, өзімен бірге аттанған қолбасшыларға: «Бері келіңдер, аяқтарыңды мына патшалардың мойындарына қойыңдар!» — деп бұйырды. Қолбасшылар жақындап келді де, аяқтарын солардың мойындарына қойды.
25 Ешуа оларға: «Еш нәрседен қорқып, уайымдамаңдар! Қайратты да батыл болыңдар! Сендерге қарсы соғысқан барлық жауларыңа да Жаратқан Ие солай істейді», — деді.
26 Содан соң Ешуа патшаларды өлтіріп, денелерін бес ағашқа ілгізіп, кешке дейін солай қалдырды.
27 Күн бата бастағанда Ешуаның бұйрығымен олардың сүйектері төменге түсіріліп, өздері тығылған үңгірге тасталды. Үңгірдің аузы дәу тастармен бекітілді. Сол тастар күні бүгінге дейін сонда.
28 Сол күні Ешуа Макед қаласын да басып алды. Ол қаланың патшасы мен тұрғындарының бәрін семсердің жүзімен қырып-жойып, бірде-бір тірі жан қалдырмады. Иерихонның патшасына істегенін ол Македтің патшасына да істеді.
29 Содан соң Ешуа Исраилдің бүкіл жасағын бастап Македтен шығып, Либнаға аттанып, оған шабуыл жасады.
30 Жаратқан Ие Либнаны да патшасымен бірге Исраилдің қолына тапсырды. Исраилдіктер қаланың патшасы мен барша тұрғындарын семсердің жүзімен қырып-жойып, бірде-бір тірі жан қалдырмады. Ешуа Иерихонның патшасына істегенін Либнаның патшасына да істеді.
31 Мұнан кейін Ешуа Исраилдің бүкіл жасағын бастап Либнадан шығып, Лахышқа аттанды да, қаланы қоршап, оған да шабуыл жасады.
32 Жаратқан Ие Лахышты исраилдіктердің қолына тапсырып, олар қалаға екінші күні ие болды. Содан олар Либнаның халқын семсердің жүзімен қырғандай, Лахыштың халқын да қырып-жойып, бірде-бір тірі жан қалдырмады.
33 Гәзердің патшасы Һорам Лахыш қаласына көмекке келе жатқан болатын. Ешуа оның жасағына қатты соққы беріп, бірде-бір тірі жан қалдырмады.
34 Содан Ешуа Исраилдің бүкіл қарулы күшін ертіп Лахыштан Еглонға аттанды. Олар сол қаланы да қоршап, оған шабуыл жасап,
35 сол күні ие болды. Лахышта істегеніндей ондағы барлық тірі жанды да семсердің жүзімен түгелдей қырып-жойды.
36 Бұдан кейін Ешуа Исраилдің бүкіл жасағын бастап Еглоннан Хебронға өрлеп барып, сол қалаға да шабуыл жасап,
37 ие болды. Олар оның патшасын да, қаланың өзіндегі және оған қарасты елді мекендердегі адамдарды да семсердің жүзімен қырып-жойды. Ешуа Еглонда істегеніндей, Хебронда да бірде-бір тірі жан қалдырмай, барлығын да жойып жіберді.
38 Содан соң Ешуа Исраилдің бүкіл жасағын ертіп, артқа бұрылды да, Дебир қаласына жетіп, оған шабуыл жасады.
39 Олар қаланы оған қарасты қалаларымен қоса иемденіп алды да, Дебирдің патшасын қолға түсіріп, барлық тұрғындарын бірде-бір тірі жан қалдырмастан семсердің жүзімен қырып-жойды. Ешуа Хеброн мен Либнаны патшаларымен қоса қалай жойған болса, Дебирді де патшасымен қоса дәл солай жойып жіберді.
40 Осылай Ешуа бүкіл елді: таулы аймақтардың, оңтүстіктегі иен даланың, батыстағы төменгі қыраттардың және тау беткейлерінің тұрғындары мен олардың патшаларын жеңіп шықты. Ешуа бірде-бір тірі жан қалдырған жоқ, Исраилдің Құдай Иесі әмір еткендей, барлығын толығымен жойды.
41 Ешуа оларды Қадеш-Барниден Газаға дейінгі аралықта, бүкіл Гөшен аймағында және сол жерден Гибеонға дейінгі аралықта тізе бүктірді.
42 Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие Исраил үшін Өзі соғысып жүргендіктен, Ешуа осы барлық патшалар мен олардың жерін бір жорықта-ақ қолға түсірді.
43 Бұдан соң Ешуа Исраилдің бүкіл жасағымен бірге өздерінің Ғылғалдағы қонысына қайта оралды.