Ешуа
Тарау 19
Екінші жеребе әулеттері бойынша Шимон руына түсті. Бұл руға үлестірілген мұралық жер Яһуда руының жерінің ішінде жататын болды.
2 Шимон руына мына қалалар тиді: Бер-Шеба, яки Шеба, Молада,
3 Хасар-Шуал, Балах, Әсем,
4 Елтолад, Бетул, Хорма,
5 Сикеләг, Бет-Марқабот, Хасар-Суса,
6 Бет-Лебағот, Шарухен — он үш қала әрі оларға қарасты елді мекендер,
7 Аин, Риммон, Етер, Ашан — төрт қала әрі оларға қарасты елді мекендер.
8 Бұларға қоса олардың айналаларындағы Бағалат-Берге, яғни Негевтегі Рамаққа, дейінгі жердегі барлық елді мекендер де берілді. Әулеттері бойынша Шимон руына берілген мұралық жер, міне, осы.
9 Шимон руына мұралық жер Яһуда руының үлесінен берілді, себебі Яһуданың үлесі өздері үшін тым үлкен болатын. Сондықтан Шимонның ұрпақтарына мұралық жер Яһуданың үлесінің ішінен берілді.
10 Үшінші жеребе әулеттері бойынша Забулон руына түсті. Оларға тиген жердің шекарасы Сарыдқа дейін созылып,
11 содан батысқа қарай көтеріліп, Маралаға, содан Дабешетке, одан соң Жоқнеамның қасындағы жылғаға дейін жетеді.
12 Шекара Сарыдтан шығысқа бағыт алып, Қислот-Табордың жеріне дейін барады да, Дабератқа дейін ұласып, одан Япияға дейін көтеріледі.
13 Сол жерден шекара шығысқа қарай Ғат-Хефер мен Ита-Қасынға кесіп өтіп, Риммонға жетіп, Неяға қарай бұрылады.
14 Содан соң ол солтүстікте Ханатонға қарай айналып, Ифтах-Ел аңғарына келіп тіреледі.
15 Забулонның жері бұдан басқа Қаттат, Нахалал, Шимрон, Идала және Бетлехемді де — барлығы он екі қаланы әрі оларға қарасты елді мекендерді қамтиды.
16 Сонымен әулеттері бойынша Забулон руының үлесіне тиген мұралық жер, ондағы қалалар мен оларға қарасты елді мекендер, міне, осылар.
17 Төртінші жеребе әулеттері бойынша Исашар руына салынды.
18 Оларға тиісті жер Ізрел, Кесулот, Шунем,
19 Хафараим, Шион, Анахарат,
20 Раббит, Қишион, Әбес,
21 Ремет, Ен-Ғанним, Ен-Хадда және Бет-Пәсесті қамтиды.
22 Шекара Табор, Шахасима және Бет-Шәміштің шегімен жанасып, Иордан өзеніне барып тіреледі. Осы жердің аумағына барлығы он алты қала әрі оларға қарасты елді мекендер кіреді.
23 Сонымен әулеттері бойынша Исашар руының үлесіне тиген мұралық жер, ондағы қалалар әрі оларға қарасты елді мекендер, міне, осылар.
24 Бесінші жеребе әулеттері бойынша Ашир руына түсті.
25 Оның жеріне Хелқат, Хали, Бетен, Ахшап,
26 Аламәлік, Амад, Мишал кіреді. Батыс шекарасы Қармил тауы мен Шихор-Либнатпен жанасып,
27 содан шығысқа қарай бұрылып Бет-Дагонға дейін жетеді де, Забулонның жерімен солтүстікте орналасқан Ифтах-Ел аңғарында шектесіп, Бет-Емек пен Нейелмен де жанасады. Бұдан кейін шекара Қабулдың сол жағымен өтіп,
28 Еброн, Рехоб, Хаммон, Қанахқа және үлкен Сидон қаласына қарай жалғаса береді.
29 Содан соң шекара Рамаққа қарай кері бұрылып, бекіністі Тир қаласына жетіп, Хосаға қарай бұрылады да, Ахзибтың маңайында теңізге келіп тіреледі.
30 Аширдің жеріне тағы Умма, Әфек, Рехоб — барлығы жиырма екі қала әрі оларға қарасты елді мекендер кіреді.
31 Сонымен әулеттері бойынша Ашир руының үлесіне тиген мұралық жер, ондағы қалалар әрі оларға қарасты елді мекендер, міне, осылар.
32 Алтыншы жеребе әулеттері бойынша Нафталим руына түсті.
33 Нафталим руының шекарасы Хелефтен басталып, Сананымдағы дәу емен ағашы мен Ябниел арқылы өтіп, Лақумға дейін жетеді де, Иордан өзеніне келіп тіреледі.
34 Содан соң ол батысқа, Азнот-Таборға қарай бұрылып, Хұқоққа беттейді. Сонымен Нафталимнің жері оңтүстікте Забулонмен, батыста Аширмен, шығыста Иордан өзенімен шектеседі.
35 Бекіністі қалалары: Сиддим, Сер, Хамат, Раққат, Кінерет,
36 Адама, Рамақ, Хасор,
37 Кедес, Едірей, Ен-Хасор,
38 Ирон, Мигдал-Ел, Хорем, Бет-Анат және Бет-Шәміш. Барлығы он тоғыз қала әрі оларға қарасты елді мекендер болды.
39 Нафталим руына әулеттері бойынша тиген мұралық жер, ондағы қалалар әрі оларға қарасты елді мекендер, міне, осылар.
40 Жетінші жеребе әулеттері бойынша Дан руына түсті.
41 Оның мұралық жеріне Сора, Ештағол, Ир-Шәміш,
42 Шағалаббин, Аялон, Итла,
43 Елон, Тимна, Әкрон,
44 Елтеке, Гибетон, Бағалат,
45 Еһуд, Бене-Берақ, Ғат-Риммон,
46 Ме-Жарқон, Рақон және Яффаның алдындағы аймақ кірді.
47 Дан руы өзіне берілген мұралық жеріне ие бола алмай, одан айырылып қалды. Сонда олар Ләшемге қарсы соғысып, оны қолға түсіріп, тұрғындарын семсердің жүзімен қырып тастады. Дандықтар сол қалаға өздері қоныстанып алды да, Ләшем деген атын түп аталарының құрметіне Дан деп өзгертті.
48 Дан руының үлесіне әулеттері бойынша тиген мұралық жер, ондағы қалалар әрі оларға қарасты елді мекендер, міне, осылар.
49 Елді мұралық жер етіп шекараларына сәйкес үлестіріп болғаннан кейін, исраилдіктер өз араларынан Нұн ұлы Ешуаға да мұралық жер бөліп берді.
50 Жаратқан Иенің бұйрығы бойынша, олар Ешуаға өзі сұраған қаласын: Ефремнің таулы аймағындағы Тимнат-Серахты бегіледі. Ешуа сол қаланы қайта салып, сонда орналасты.
51 Діни қызметкер Елазар, Нұн ұлы Ешуа және исраилдік рулардың әулет басыларының Шилода Жаратқан Иенің алдында, Оның кездесу шатырының кіреберісінде жеребе тастап үлестірген мұралық жерлері, міне, осылар. Сонымен олар жерді үлеске бөлуді аяқтады.