Ешуа
Тарау 13
Ешуаның жасы келіп, қартайған кезінде Жаратқан Ие оған тіл қатып былай деді: — Жасың ұлғайып, қартайып келесің. Ал елдің исраилдіктер иемденбеген жері әлі де көп.
2 Иемдену қажет аймақтар мыналар: біріншіден, філістірлер мен гешурліктердің жерлері:
3 Мысырдың шығыс жағындағы Шихор өзенінен Әкронның солтүстігіндегі шекарасына дейін созылған аймақ, ол қанахандықтардың жері болып саналады. Філістірлердің бес әміршісі билік жүргізген Газа, Азот, Ашкелон, Ғат, Әкрон атты қалалары әрі оңтүстіктегі ауилықтардың жері де осы аймаққа кіреді.
4 Сондай-ақ, қанахандықтардың (солтүстіктегі) бүкіл жері, сидондықтарға тиісті Меарадан аморлықтарға тиесілі Әфектің шегіне дейінгі өлке,
5 гебалдықтардың жері, Хермон тауының етегіндегі Бағал-Ғадтан Лебо-Хаматқа дейінгі бүкіл шығыс Ливан
6 және Ливаннан Мисрепот-Майымға дейінгі таулы аймақтың күллі тұрғындары әрі барлық сидондықтар мекендеген жер де әлі иемделінген жоқ. Мен Өзім бұларды Исраилдің үрім-бұтағының алдынан қуып шығамын. Менің өзіңе бұйырғаныма сай, сен міндетті түрде осы елді исраилдіктерге мұралық меншікке үлестіріп бер.
7 Сонымен осы елді тоғыз руға және Манаса руының жартысына мұралық меншікке үлестіріп бер.
8 Манаса руының екінші жартысына және Рубен, Ғад руларына мұралық жерлері Жаратқан Иенің қызметшісі Мұсаның үлестіргеніне сай Иордан өзенінің арғы, шығыс жағынан тиді.
9 Бұл жер Арнон аңғарының шетіндегі Арогерден және сол аңғардың ортасындағы қаладан басталды. Ол Медебадан әрі қарай орналасқан Дибон қаласына дейін созылған бүкіл жон даланы,
10 сонымен қатар аморлықтардың Хешебонда билік құрған патшасы Сихонның қарамағында болған, аммондықтардың шекарасына дейін орналасқан күллі қалаларын да қамтыды.
11 Сондай-ақ, Ғилақадты, гешурліктер мен махалықтардың бүкіл аймағын, Хермон тауы мен Салхаға дейінгі барлық Башан аймағын,
12 яғни Аштарот пен Едірейде Башан жеріне билік құрған Огтың бүкіл патшалығын, қамтыды. Ог Рафаның ұрпақтары деп аталатын алыптар нәсілінен қалған соңғы адамдардың бірі еді. Мұса оларды да жеңіп, елден аластатқан болатын.
13 Ал гешурліктер мен махалықтарды исраилдіктер қуып шығарған жоқ, олар әлі күнге дейін Исраил елімен бірге тұрып келді.
14 Тек Леуі руына Мұса мұралық жер берген жоқ. Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие уәде еткендей, Өзіне ұсынылған құрбандықтардың арнайы бөліктері леуіліктерге тиісті мұралық үлес болады.
15 Мұса Рубен руына әулеттері бойынша үлестіріп берген жер мынау:
16 Арнон аңғарының шетіндегі Арогер қаласынан және аңғардың ортасындағы қаладан басталып, Медеба маңындағы бүкіл жон дала,
17 Хешебон мен оның жон далада орналасқан барлық қалалары: Дибон, Бамот-Бағал, Бет-Бағал-Меон,
18 Яхас, Кедемот, Мефағат,
19 Кириятаим, Сибма, аңғардағы төбеде орналасқан Серет-Шахар және
20 Бет-Пеғор қалалары, сонымен қатар Писга тауының етектері және Бет-Ешимот.
21 Осылайша жон даладағы барлық қалалар әрі аморлықтардың Хешебонда билік құрған патшасы Сихонның бүкіл патшалығы Рубен руына берілді. Мұса кезінде Сихон патшаны және сол елде тұрып жатқан мадиандықтардың Еуи, Рекем, Сур, Хур және Реба деген көсемдерін жеңген болатын.
22 Исраилдіктер шайқаста жеңіп шыққан бұл жауларына қоса, сәуегейшілікпен айналысатын Беғор ұлы Балағамның да көзін құртты.
23 Рубендіктерге бөлінген жердің батыс шекарасы — Иордан өзені. Сонымен Рубеннің ұрпақтарына әулеттері бойынша мұралық меншікке берілген жер, міне, осы қалалар мен оларға қарасты елді мекендерді қамтыды.
24 Мұса Ғад руына әулеттері бойынша үлестіріп берген жер мынау:
25 Жазер аймағы, Ғилақад аймағындағы барлық қалалар және Рабба қаласының алдындағы Арогерге дейінгі Аммон елі,
26 Хешебоннан Рамат-Миспа мен Бетонимге дейінгі және Маханайымнан Дебирдің шекарасына дейінгі жер,
27 әрі аңғардағы Бет-Ғарам, Бет-Нимра, Соқот, Сафон әрі Хешебон патшасы Сихонның билігінің қалған бөлігі. Бұлар Иорданның шығыс жағында, Кінерет (яғни Ғалилея) көліне дейін созылған аймақта орналасқан.
28 Осылайша ғадтықтарға әулеттері бойынша мұралық меншікке берілген жер осы қалаларды әрі оларға қарасты елді мекендерді қамтыды.
29 Мұса Манаса руының жартысына әулеттері бойынша үлестіріп берген жер мынау:
30 Маханайымнан бастап, бүкіл Башан аймағын, Башанның патшасы Огтың билігіндегі барша жерді және Башандағы Жайыр қоныстарын, барлығы алпыс қаланы қамтитын аймақ,
31 бұған қоса Ғилақад аймағының жартысы, Аштарот және Едірей. Бұлар Ог патшаның Башандағы басты қалалары болған еді. Осы жер Манаса ұлы Махырдың үрім-бұтағының жартысына әулеттеріне сай үлестірілді.
32 Сонымен халық Иерихонға қарама-қарсы, Иорданның шығыс жағындағы Моабтың елсіз алқаптарында болғанда Мұса пайғамбар үлестірген мұралық жерлер, міне, осылар.
33 Ал Леуі руына Мұса мұралық меншікке жер берген жоқ. Өйткені Исраилдің Құдайы Жаратқан Иенің уәдесіне сай, олардың «мұралық үлесі» Оның Өзі болды.