Ешуа
Тарау 4
Бүкіл халық Иордан өзенінің арғы бетіне өтіп болғаннан кейін, Жаратқан Ие Ешуаға тіл қатып былай деді:
2 «Халық арасынан он екі адамды, әрбір рудан бір-бір адамнан шақырып алыңдар.
3 Оларға мынадай бұйрық беріңдер: Діни қызметкерлердің Иорданның ортасында қозғалмай тұрған жерінен он екі тас алыңдар. Оларды бүгін кеште халық түнейтін жерге дейін көтеріп апарып, сонда қойыңдар».
4 Сонда Ешуа исраилдіктердің он екі руынан бір-бірден өзі тағайындаған адамдарын шақырып алып,
5 оларға былай деп бұйырды: «Иордан өзенінің ортасына, Құдайларың Жаратқан Иенің Келісім сандығының алдына, барыңдар. Сол жерден әрқайсың Исраил руларының санына сай бір-бір тастан көтеріп, иықтарыңа салып алыңдар.
6 Бұл тастар араларыңда ескерткіш болсын. Болашақта бала-шағаларың: «Бұл тастар сіздер үшін нені білдіреді?» деп сұрағанда,
7 оларға: «Иордан өзенінің суы Жаратқан Иенің Келісім сандығының алдында кесілгендей қақ айырылды. Келісім сандығы Иорданды кесіп өткенде өзеннің суы ақпай тұра қалды. Сондықтан осы тастар Исраил халқы үшін мәңгілік ескерткіш болады» деп жауап беріңдер».
8 Исраилдіктер Ешуаның бұйрығын жүзеге асырды. Олар Жаратқан Ие Ешуаға айтқандай, Иордан өзенінің ортасынан Исраил руларының санына сәйкес етіп он екі тас алды. Оларды халықтың түнеуге тоқтаған жеріне көтеріп апарып, сол жерге қойды.
9 Сонымен Ешуа Келісім сандығын көтерген діни қызметкерлердің аяқтары Иорданның ортасында тұрған жерден алынған он екі тасты (ескерткіш ретінде) орнатып қойды. Сол тастар күні бүгінге дейін сол жерде.
10 Жаратқан Иенің Ешуа халыққа жеткізсін дегенінің барлығы Мұсаның Ешуаға бұйырғандарына сай толықтай жүзеге асып біткенше, Келісім сандығын көтеріп жүрген діни қызметкерлер Иорданның ортасында тұра берді. Халық өзеннен тездетіп өте шықты.
11 Бүкіл халық өтіп болған соң Жаратқан Иенің Келісім сандығы оны көтеріп жүрген діни қызметкерлермен бірге барша халықтың көз алдында өзеннен өте шықты.
12 Рубен мен Ғад руларының және Манаса руының жартысының қаруланған адамдары Мұсаның айтқан бұйрығына сай барлық басқа исраилдіктерден бұрын өтіп кеткен еді.
13 Барлығы, шамамен қырық мыңдай шайқасқа қаруланған адам, Жаратқан Иенің алдынан өзеннің арғы жағына, Иерихон жазығына саппен өтіп шықты.
14 Сол күні Жаратқан Ие бүкіл Исраилдің көз алдында Ешуаның мерейін мейлінше үстем қылды. Олар кезінде Мұсаны өмір бойы құрметтеп өткендей, енді Ешуаны да құрметтейтін болды.
15 Жаратқан Ие Ешуаға:
16 «Келісім сандығын көтеріп жүрген діни қызметкерлерге Иордан өзенінен шықсын де!» — деп бұйырғанда,
17 Ешуа оларға: «Өзеннен бері шығыңдар!» — деген болатын.
18 Міне, ғажап, Жаратқан Иенің Келісім сандығын көтеріп жүрген діни қызметкерлер Иорданның ортасынан шығып, аяқтары қара жерге тиісімен, өзеннің суы өз орнына қайта келіп, бұрынғыдай арнасынан шығып тасып аға жөнелді.
19 Осылай халық бірінші айдың оныншы күні Иордан өзенін кесіп өтті. Олар Иерихон қаласының шығыс жағындағы Ғылғалда тоқтап, қостарын тікті.
20 Иорданнан алынған он екі тасты Ешуа Ғылғалда тұрғызып қойып,
21 исраилдіктерге былай деді: «Болашақта балаларың сендерден: «Мына тастардың мағынасы қандай?» деп сұраған кезде,
22 оларға мынаны түсіндіріп беріңдер: «Халқымыз Исраил осы жерде Иордан өзенін құрғақ жермен кесіп өтті».
23 Себебі Құдайларың Жаратқан Ие сендер Иордан өзенінен өткенше оның суын көздеріңнің алдында құрғатып қойды. Ол бұрын біз Қамысты теңізден өтіп болғанша оның суын да дәл солай құрғата тұрған еді.
24 Ол жер бетіндегі барлық халықтардың Жаратқан Иенің зор құдіретін білулері үшін және сендер Құдайларың Жаратқан Иені құрметтеулерің үшін осылай істеді».