Ешуа
Тарау 11
Солтүстіктегі Хасор қаласының патшасы Ябин оңтүстік қалаларының күйрегендері туралы естігенде, мына патшалар мен халықтарға жедел хабар жіберді: Мадонның патшасы Жобабқа, Шимрон мен Ахшаптың патшаларына,
2 әрі солтүстіктегі таулы аймақта, Кінерет көлінің оңтүстігіндегі Иорданның алқабында, батыстағы төменгі қыраттарда және батыс жақтағы таулы Дорда билік құрған патшаларға,
3 сондай-ақ, шығыс пен батыс қанахандықтарға, аморлықтарға, хеттіктерге, перездіктерге, таудағы ебустіктерге және Хермон тауының етегіндегі Миспаның маңында тұратын хевтіктерге. (Осылардың бәріне Ябин патша хабар жіберіп оларды Исраил халқына қарсы соғысуға шақырды.)
4 Сонда бұл патшалар барлық сарбаздарын әрі көптеген аттары мен соғыс күймелерін ертіп шайқасқа аттанды. Олардың жасақтары жиналғанда саны теңіз жағалауындағы құм қиыршықтарындай шексіз көп болды.
5 Осы патшалардың бәрі Исраилге қарсы шайқасу үшін Мером су көздерінің маңында жиналып, қостарын тікті.
6 Жаратқан Ие Ешуаға тіл қатып былай деді: «Олардан қорқушы болма! Ертең осы уақытта Мен Өзім осылардың барлығын Исраилдің алдында қырып-жоямын. Олардың аттарының тілерсектерін қиып, соғыс күймелерін өртеп жібер!»
7 Содан Ешуа барлық жасақшыларын ертіп Мером су көздеріне аттанып, сол жауларынан тұтқиылдан тап берді.
8 Жаратқан Ие оларды Исраилдің қолына тапсырып, исраилдіктер оларға күйрете соққы берді; оларды үлкен Сидон қаласына дейін, әрі Мисрепот-Майымға және шығыстағы Миспа аңғарына дейін қуып барып, бірде-бір тірі жан қалдырмай қырып-жойды.
9 Ешуа Жаратқан Иенің айтқанын жүзеге асырып олардың аттарының тілерсектерін қиып, соғыс күймелерін өртеп жіберді.
10 Мұнан кейін Ешуа кері бұрылып, Хасор қаласын қолға түсіріп, патшасын семсермен өлтірді. Себебі Хасор (Исраилге қарсы соғысқан) осы патшалықтардың басы болған еді.
11 Исраилдіктер бүкіл қала тұрғындарын бірде-бір тірі жан қалдырмай семсердің жүзімен қырып-жойып, Хасор қаласын түгелдей өртеп жіберді.
12 Сонымен қатар Ешуа сол өзге патшаларды және олардың қалаларының бәрін де қолға түсірді. Жаратқан Иенің қызметшісі Мұса бұйырғандай, Тәңір Иенің қарғысына ұшыраған оларды семсердің жүзімен қырып-жойды.
13 Ал исраилдіктер төбе бастарында орналасқан бұл қалалардың тек Ешуа өртеп жіберген Хасордан басқа ешқайсысын өртеген жоқ.
14 Исраилдіктер сол қалалардың мал-мүлкін олжалады, бірақ олардың адамдарын бірде-бір тірі жан қалдырмай семсердің жүзімен құртты.
15 Жаратқан Ие Өзінің қызметшісі Мұсаға бұйырғандарды Мұса Ешуаға тапсырған еді. Ешуа соларды жүзеге асырып, Жаратқан Иенің Мұсаға берген бірде-бір бұйрығын орындаусыз қалдырған жоқ.
16 Осылай Ешуа мына елдің барлығын да қолға түсірді: (Яһудадағы) таулы жерді, оңтүстіктегі Негевте орналасқан күллі елсіз даланы, (соның шығыс жағындағы) Гөшен қаласының бүкіл жерін, батыстағы төменгі қыраттарды, Иорданның алқабын, (солтүстік) Исраилдің таулы аймағы мен төменгі қыраттарын.
17 Бұл жер (оңтүстіктегі) Сейірге қарай өрлеп баратын жолдағы Халақ тауынан бастап, Хермон тауының түбінде орналасқан Ливан аңғарындағы Бағал-Ғадқа дейін созылды. Ешуа ондағы барша патшаларды қолға түсіріп, көздерін құрту үшін,
18 олармен ұзақ уақыт соғыс жүргізді.
19 Гибеон қаласын мекендейтін хевтіктерден басқа бірде-бір қала исраилдіктермен бейбітшілік келісімін жасаған жоқ. Өзге қалалардың барлығы күшпен алынды,
20 өйткені Жаратқан Иенің Өзі жүректерін қасарыстырып қойғандықтан, олар Исраилге қарсы соғысқа шықты. Олар Жаратқан Иенің қарғысына ұшыраған соң, Оның Мұсаға бұйырғанына сай ешқандай аяусыз қырылып-жойылуға тиіс болды.
21 Сол уақытта Ешуа (жасақшыларын ертіп) Хеброн, Дебир, Анаб қалаларының таулы аймағы және Яһуда мен Исраилдің барлық басқа тауларына аттанды да, сонда тұратын Анақтың алып ұрпақтарының көзін құртты. Исраилдіктер Тәңір Иенің қарғысына ұшыраған солардың өздерін де, қалаларын да қырып-жойды.
22 Содан исраилдіктердің жерінде Анақтың ұрпақтарының ешқайсысы қалмай, тек Газа, Ғат пен Азот қалаларында тұратындары ғана тірі қалды.
23 Осылай Ешуа Жаратқан Иенің Мұсаға бұйырғандарының барлығына сәйкес бүкіл елді иемденіп алды. Оны исраилдіктерге өздері жататын рулары бойынша мұралық меншіктеріне үлестіріп берді. Сонымен соғыс бітіп, елде тыныштық орнады.