Ешуа
Тарау 15
Яһуда руына әулеттері бойынша үлестірілген жер ең оңтүстікте Едом елімен шектесіп, Сін атты елсіз далаға қарай созылады.
2 Яһуданың оңтүстік шекарасы Өлі теңіздің оңтүстігіндегі шығанақтан басталып,
3 содан Шаяндар асуының оңтүстік жағымен өтіп, Сін даласына дейін, сол арқылы Қадеш-Барни қаласынан оңтүстікке қарай жалғасады. Осыдан шекара Хесрон арқылы Адарға көтеріліп, одан Қарқаға бұрылып,
4 Асмонға жетіп, одан әрі Мысырмен шекарадағы өзеннің бойымен жүріп, Жерорта теңізінің жағасында аяқталады. Яһуда руының оңтүстік шекарасы осындай.
5 Шығыстағы шекара Өлі теңіздің бойымен Иорданның оған құятын атырауына дейін созылады. Яһуданың солтүстік шекарасы Иордан атырауындағы теңіз шығанағынан басталып,
6 Бет-Хоғылаға дейін көтеріліп, Бет-Арабаның солтүстік жағынан өтіп, «Боханның тасы» деген жерге дейін ұласады. Бохан Рубеннің ұлы еді.
7 Содан шекара Ахор аңғарынан Дебирге көтеріліп, солтүстікке қарай Ғылғалға бұрылады. Ғылғал тасқынды аңғардың оңтүстік жағындағы Адумим асуына қарама-қарсы орналасқан. Осыдан шекара Ен-Шәміш бұлағына дейін созылып, Ен-Рогелге жетеді.
8 Бұдан соң шекара ебустіктердің (кейінірек) Иерусалим деп аталған қаласы орналасқан төбенің оңтүстігіндегі Бен-Хенном аңғарының бойымен өрлеп, осы аңғардың батысындағы, Рефаим аңғарының солтүстік шетіндегі төбенің басына көтеріледі.
9 Шекара осы төбе басынан Нептоғах су көзіне жетіп, Ефрон тауындағы қалаларға дейін ұласады. Сол жерден ол Бағалахқа, яғни, Кирият-Иғарымға қарай бұрылады.
10 Бұдан кейін шекара Бағалахтан батысқа, Сейір тауына қарай иіліп, Иғарым, яғни, Кесалон тауының солтүстік беткейімен өтіп, Бет-Шәмішке төмендеп, Тимна арқылы өтеді.
11 Содан шекара Әкронның солтүстік беткейімен өтіп, Шикеронға қарай бұрылып, Бағалах тауы арқылы өтіп, Ябниелге жетеді, одан әрі Жерорта теңізіне келіп тіреледі.
12 Батыс шекарасы — сол теңіздің жағалауы. Яһуда руына әулеттері бойынша үлестірілген жердің айнала шекарасы осындай.
13 Ешуа Жаратқан Иенің өзіне берген бұйрығы бойынша Ефунне ұлы Халепке Яһуда руының жерінен жеке үлес берді. Атап айтқанда, оған Кирият-Арбаны, яғни Хебронды, белгіледі. Қаланың атындағы Арба деген есім алып Анақтың атасын білдірген.
14 Халеп (әулетінің ер адамдарын ертіп) Хеброннан Анақтың Шешай, Ахиман, Талмай есімді үш алып ұрпағын қуып шықты.
15 Сол жақтан ол Дебир қаласының тұрғындарына қарсы өрлеп аттанды. Дебир бұрынырақ Кирият-Сефер деп аталатын.
16 Халеп: «Кирият-Сеферге шабуыл жасап, оны иемденіп алған адамға мен қызым Ахсаны қосамын», — деп уәде етті.
17 Халептің інісі, Кеназдың ұлы Отниел сол қаланы иемденіп алды. Содан Халеп Отниелге қызы Ахсаны қосты.
18 Оған ұзатылар кезде Ахса Отниелді қайын атасынан егістік жер сұрап алуға көндірді. Мұнан кейін қызы келіп, есегінен түсіп жатқанда, Халеп оған: — Қандай бұйымтайың бар? — деді.
19 Қызы: — Бір айрықша жақсылық жасай көріңізші. Маған оңтүстіктегі сусыз даланы сыйлап отырсыз. Енді соған қоса су көздерін де берсеңіз екен, — деп өтінді. Сонда Халеп Ахсаға Жоғарғы және Төменгі деп аталатын су көздерін де сыйлады.
20 Яһуда руына әулеттері бойынша үлестірілген жер төмендегідей болды.
21 Яһуда руының ең оңтүстікте Едом еліне жақын орналасқан қалалары мыналар: Кәбісел, Едер, Ягур,
22 Кина, Димона, Адада,
23 Кедес, Хасор, Итнан,
24 Зиф, Телем, Балот,
25 Хасор-Хадата, Кериот-Хесрон, яғни Хасор,
26 Амам, Шема, Молада,
27 Хасар-Ғада, Хешмон, Бет-Пәлет,
28 Хасар-Шуал, Бер-Шеба, Бизиотея,
29 Бағалах, Иім, Әсем,
30 Елтолад, Кесил, Хорма,
31 Сикеләг, Мадманах, Сансанна,
32 Лебаот, Шилхим, Аин және Риммон. Сол аймақта Яһудаға барлығы жиырма тоғыз қала әрі оларға қарасты елді мекендер үлестірілді.
33 Батыстағы төменгі қыраттарда: Ештағол, Сора, Ашна,
34 Заноах, Ен-Ғанним, Таппуах, Енам,
35 Ярмут, Адуллам, Сохо, Әзека,
36 Шағараим, Адитаим, Гедера, яки Гедеротаим — он төрт қала әрі оларға қарасты елді мекендер;
37 Сенан, Хадаша, Мигдал-Ғад,
38 Дилеан, Миспа, Жоқтеил,
39 Лахыш, Босқат, Еглон,
40 Хабон, Лахмас, Хитлис,
41 Гедерот, Бет-Дагон, Нағама және Макед — он алты қала мен оларға қарасты елді мекендер;
42 Либна, Етер, Ашан,
43 Ифтах, Ашна, Несиб,
44 Кеил, Ахзиб, Мареша — тоғыз қала әрі оларға қарасты елді мекендер;
45 Әкрон мен оған қарасты елді мекендер мен қоныстар,
46 Әкроннан батыстағы теңізге қарай Азот қаласының маңындағы қалалар мен олардың айналаларындағы елді мекендер;
47 Азотқа қарасты елді мекендер мен қоныстар, Газа әрі оған қарасты, Мысырмен шекарадағы тасқынды аңғар мен Жерорта теңізінің жағалауына дейінгі аралықта орналасқан елді мекендер мен қоныстар;
48 таулы аймақта: Шамир, Ятир, Сохо,
49 Данах, Кирият-Санна, яғни Дабыр,
50 Анаб, Ештемо, Аним,
51 Гөшен, Холон мен Ғило — он бір қала әрі оларға қарасты елді мекендер;
52 Араб, Дума, Ешан,
53 Яним, Бет-Таппуах, Әфека,
54 Хумта, Кирият-Арба, яғни Хеброн, Сиор — тоғыз қала әрі оларға қарасты елді мекендер;
55 Мағон, Кәрмел, Зиф, Юта,
56 Ізрел, Жоқтам, Заноах,
57 Қайын, Гибея, Тимна — он қала әрі оларға қарасты елді мекендер;
58 Халхул, Бет-Сұр, Гедор,
59 Мағарат, Бет-Анот, Елтекон — алты қала әрі оларға қарасты елді мекендер;
60 Кирият-Бағал, яғни Кирият-Иғарым мен Рабба — екі қала әрі оларға қарасты елді мекендер;
61 иен далада: Бет-Араба, Міддин, Сеқаха,
62 Нибшан, Тұз қаласы (Ир-Мелах) және Ен-Геди — алты қала әрі оларға қарасты елді мекендер.
63 Яһуда руының адамдары Иерусалимде тұратын ебустіктерді қуып шығара алмады, содан ебустіктер осы күнге дейін Яһуданың адамдарымен бірге тұрып келеді.