Ешуа

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24


Тарау 17

Ал енді, Жүсіптің тұңғышы Манасадан тараған рудың жартысына үлестірілген жер мынау: Махыр әулеті батыл жауынгерлер болғандықтан, оларға (Иорданның шығыс жағындағы) Ғилақад пен Башан аймақтары иемденуге берілген еді.
2 Манасаның қалған ұрпақтарына (Иорданның батыс жағында) әулеттері бойынша мұралық жер үлестірілді. Манасаның еркек кіндікті ұрпақтарынан Әбиезер, Хелек, Асриел, Сихем, Хефер, Шемида әулеттері тарады.
3 Ал Манасаның шөпшегі, Махырдың шөбересі, Ғилақадтың немересі, Хефер ұлы Салопахадта ұл болмай, Махла, Ноға, Хоғла, Мылқа, Тирса атты қыздары ғана болды.
4 Бұлар діни қызметкер Елазардың, Нұн ұлы Ешуаның және елдің басқа да басқарушыларының алдына келіп: «Ағайындарымызға берілгендей, мұралық жер бізге де берілсін деп Жаратқан Ие Мұсаға бұйырған еді ғой», — деді. Осылайша Жаратқан Иенің бұйрығына сай, оларға мұралық жер әкелерінің еркек кіндікті туысқандары қатарлы берілді.
5 Сонымен Манаса руының жері Иордан өзенінің арғы шығыс жағындағы Ғилақад пен Башан аймақтарына қоса тағы Қанахан елінің ішіндегі он аймақтан да тұратын болды.
6 Себебі Манасаның сол бес немене қызы еркек кіндікті туысқандары секілді мұралық жерге ие болды. Ғилақад аймағы Манасаның басқа ұрпақтарының үлесіне тиген еді.
7 Манаса руының шекарасы Аширден Сихемнің шығысындағы Михметахқа дейінгі аралықты алып жатады. Содан соң шекара оңтүстікке, Ен-Таппуахтың тұрғындарына қарай бұрылады.
8 Таппуах аймағы Манаса руына, ал Манасаның шекарасындағы Таппуах қаласы Ефрем руына жатады.
9 Бұл жерден шекара Қанах жылғасына, сол жылғаның оңтүстік жағына қарай бұрылады. Мұндағы қалалар Манасаның қалаларының арасында орналасса да, Ефрем руына жатады. Содан Манаса руының шекарасы жылғаның солтүстік жағымен жүріп отырып, теңізге келіп тіреледі.
10 Оңтүстік жақтағы жер Ефремдікі, ал солтүстіктегісі Манасанікі. Манаса руының жерінің бір шеті теңізбен ұласып жатса, солтүстігінде Ашир, шығысында Исашар руларының жерлерімен шектеседі.
11 Ал Исашар мен Ашир руларының ішіндегі Бет-Шан, Ибелам, Дор, Ендор, Тағанах, Мегидо қалаларының тұрғындары және айналаларындағы елді мекендер Манаса руына жатуға тиіс. Осындағы Дор қаласының Нафот деген қосымша аты бар.
12 Бірақ манасалықтар бұл қалаларды қолға түсіре алмады, сондықтан оларда қанахандықтар әлі де тұрып келеді.
13 Исраилдіктер күшейіп алған кезде қанахандықтарды өздеріне міндетті жұмыс істеп, қызмет көрсетуге мәжбүрледі, бірақ оларды елден түгелдей қуып жібермеді.
14 Жүсіптен тараған екі рудың басшылары Ешуаға тіл қатып: — Сіз неге бізге елден бір ғана үлес, бір ғана мұралық жер беріп отырсыз? Жаратқан Ие жарылқап, біз үлкен ел болып отырмыз ғой, — деді.
15 Ешуа оларға: — Үлкен ел екенсіңдер, Ефремнің таулы аймағы сендерге тарлық қылады екен. Онда перездіктер мен рафалықтар тұрып жатқан орманды аймаққа көтеріліп барып, орманды кесіп, өздеріңе жер тазартып дайындап алыңдар, — деп жауап берді.
16 Ал Жүсіп руының адамдары: — Таулы аймақтың бізге жеткіліксіз екені рас, әрі төменгі жазықты, Бет-Шанды және Ізрел алқабын мекендейтін барлық қанахандықтардың темір соғыс күймелері бар емес пе? — деп жауап қайырды.
17 Сонда Ешуа Жүсіптің үрім-бұтағы — Ефрем мен Манаса руларына: — Сендер үлкен елсіңдер, күш-қуаттарың да мол. Сендерге тиер үлес тек біреу ғана болмайды,
18 таулы, орманды аймақ та сендерге беріледі. Оны кесіп, тазартып, ең шетіне дейін иемденіп аласыңдар. Қанахандықтардың темір соғыс күймелері және зор күш-қуаты болса да, сендер оларды елден қуып шығасыңдар, — деп жігерлендірді.