Ешуа

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24


Тарау 23

Бұдан кейін арада көп уақыт өтті. Жаратқан Ие Исраилге айналаларындағы жауларының барлығынан тыныштық сыйлаған болатын. Ешуа қартайып, жасы ұлғайған еді.
2 Содан бір күні Ешуа бүкіл Исраилді, яғни халықтың ақсақалдарын, рубасыларын, төрешілері мен басқарушыларын, шақырып алып, оларға былай деді: — Міне, мен қартайып, жасым ұлғайды.
3 Құдайларың Жаратқан Иенің сендер үшін елдегі барлық халықтарға не істегенінің бәрін де өз көздеріңмен көрдіңдер. Құдай Иелеріңнің Өзі сендер үшін соғыс жүргізді.
4 Қараңдаршы, (шығыстағы) Иордан өзенінен батыстағы Жерорта теңізіне дейінгі аралықта әлі де қалып қойған мына халықтардың жерін және өзім елден аластатқан халықтардың жерін сендердің руларыңа жеребе бойынша үлестіріп бердім.
5 Құдай Иелеріңнің Өзі елде қалып қойған халықтарды алдарыңнан қуып шығарады. Сонда Құдай Иелерің уәде еткендей, сендер олардың жерін иемденіп аласыңдар.
6 Сонымен өте берік болып Мұсаның Таурат кітабында жазылғандардың бәрін мұқият орындап, одан не оңға да, не солға да бұрылмаңдар!
7 Демек, араларыңда қалып қойған халықтармен араласып кетпеңдер! Олардың табынатын жалған тәңірлерінің аттарын ауыздарыңа да алмаңдар, солардың аттарымен ант та етпеңдер! Сол жалған тәңірлерге ешқандай ғибадат етіп, иіліп табынбаңдар да!
8 Керісінше, бүгінге дейін істеп келгендеріңдей, бұдан былай да Құдайларың Жаратқан Иеден ажырамастай берік ұстаныңдар!
9 Себебі Жаратқан Ие үлкен де күшті халықтарды алдарыңнан қуып шығарды, солардың ешқайсысы осы күнге дейін сендерге қарсы тұрып, жеңіп шыға алмады.
10 Берген уәдесіне сай, Құдай Иелерің сендер үшін Өзі соғысып жүргендіктен, әрқайсыларың жаудың мың адамын тықсырып қуасыңдар.
11 Сондықтан Құдай Иелеріңді сүюге барынша ұмтылыңдар!
12 Алайда егер Жаратқан Иеден теріс бұрылып, сол халықтардың араларыңда қалып қойған адамдарымен тығыз байланысып, қыз алысып, қыз берісіп араласатын болсаңдар,
13 онда мынаны біліп қойыңдар: Құдай Иелерің осы халықтарды бұдан былай алдарыңнан қуып шығармайтын болады. Керісінше, сол халықтар өздеріңе тұзақ пен тор, еттеріңе тиген қамшы, көздеріңе кірген тікен іспетті болып, ақыр соңында сендер Құдай Иелерің өздеріңе табыстаған осы шұрайлы елден құрып кетесіңдер.
14 Ал енді, адам атаулы іспетті мен де бұ дүниеден өтпекшімін. Шын жүректен, бар жан дүниелеріңмен мынаны мойындауларың керек: Құдай Иелеріңнің өздеріңе берген барлық игілікті уәделерінің біреуі қалмастан бәрі жүзеге асты. Оның бір сөзі де орындаусыз қалған жоқ.
15 Бірақ егер Оған мойынсұнбасаңдар, онда Құдайларың Жаратқан Иенің уәде еткен бүкіл жақсылықтарының жүзеге асқандары сияқты, Жаратқан Иенің Өзі алдын ала білдірген қарғыстардың бәрі де жүзеге асатын болады. Құдай Иелерің өздеріңе табыстаған шұрайлы елінде сендерді құртып жібергенге дейін солай болады.
16 Егер сендер Құдай Иелеріңнің өздеріңе өсиеттеген Келісімін бұзып, бөгде тәңірлердің жолына түсіп, оларға иіліп құлшылық ететін болсаңдар, онда Жаратқан Иенің қаһары сендерге қарсы лап ете өршиді. Содан сендер Оның өздеріңе табыстаған осы шұрайлы елінен іздерің де қалмай лезде құрып кетесіңдер.