Руларды санау
Тарау 35
Жаратқан Ие Мұсаға Иерихонға қарама-қарсы, Иорданның жағалауындағы Моабтың елсіз алқаптарында тіл қатып былай деді:
2 «Исраилдіктерге мына бұйрықты жеткіз: Олар өздерінің үлесіне тиген мұралық жерлерінен леуіліктерге тұруға бірнеше қаланы айналаларындағы жайылымдарымен қоса бөліп берсін!
3 Сол қалалар леуіліктерге қоныс, ал айналаларындағы жерлер олардың отар-табындары мен басқа да малдарына жайылым болады.
4 Леуіліктерге берілетін қалалардың қамалынан айнала мың шынтақ қашықтықта жатқан жердің барлығы сол қалаға тиісті жайылым болып саналсын.
5 Яғни қаланың сыртынан шығыс, оңтүстік, батыс, солтүстік жақтарының ұзындығы екі мың шынтақ болып табылатын үлкен төртбұрышты өлшеңдер. Қаланың өзі соның ортасында орналассын. Осы аумақ леуіліктер қоныстанатын қалалардың жайылымдары болсын.
6 Леуіліктерге тұруға берілетін қалалардың алтауы абайсызда кісі өлтіріп алған адамдарға арналған бас сауғалау қалалары болуға тиіс. Соған қоса леуіліктерге тағы қырық екі қала беріңдер.
7 Ал барлығы леуіліктерге жайылым жерлерімен қоса қырық сегіз қала берулерің керек.
8 Леуіліктерге қалаларын белгілеп бергенде, үлкенірек жер үлесін алған руларың қаланы көбірек, кішірек үлес алған руларың азырақ берсін. Демек, рулардың беретін қалаларының саны әрқайсысының алған мұралық жер үлесінің аумағына сай болсын».
9 Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді:
10 Исраилдіктерге мынаны айт: Сендер Иордан өзенінен өтіп, Қанахан еліне кіргеннен кейін,
11 елден өздеріңе бірнеше қаланы біреуді абайсызда өлтіріп алған адам қашып барып, паналайтын бас сауғалау қаласы етіп белгілеңдер.
12 Сол қалалар кісі өлтіріп алған адам бас сауғалайтын пана болады. Осылай ол жамағаттың алдында өз ісіне жауап беріп, үкімі кесілмес бұрын, қаны төгілген кісінің жазалаушы туысқаны оны өлтіріп қоя алмайды.
13 Өздеріңе алты қаланы бас сауғалау қаласы етіп тағайындаңдар.
14 Оның үшеуі Иордан өзенінің шығыс жағында, үшеуі Қанахан елінің өзінде орналасатын болсын.
15 Егер исраилдік не араларыңда тұрақты немесе уақытша тұрып жатқан жат жұрттық біреуді абайсызда өлтіріп алса, сол адам осы алты қаланың біреуіне қашып барып, бас сауғалай алады.
16 Бірақ егер сол адам бір кісіні темір құралмен ұрып өлтірген болса, онда оның кісі өлтіруші екені анық. Оны өлімге кесу қажет.
17 Немесе, егер адамның қолында біреуді өлтіре алатындай тас болып, ол сонымен басқа адамды ұрып өлтірсе, онда оның кісі өлтіруші екені анық. Оны өлімге кесу қажет.
18 Не болмаса, егер адамның қолында біреуді өлтіре алатындай ағаш бұйым болып, ол сонымен басқа адамды ұрып өлтірсе, онда оның кісі өлтіруші екені анық. Оны өлімге кесу қажет.
19 Өлген кісінің жазалаушы туысқаны сондай адамға кездескен жерінде жазасын тартқызсын.
20 Егер біреу басқа кісіні өшіккеннен итеріп немесе арам ниетпен оған қарай бір нәрсені лақтырып жіберіп, ол содан өліп қалса,
21 не болмаса анау өшігіп жұдырығымен соғып қалғаннан сол кісі өліп қалса, ондай адамды өлімге кесіңдер. Оның кісі өлтіруші екені анық. Өлген кісінің жазалаушы туысқаны әлгі адамға кездескен жерінде жазасын тартқызсын.
22 Ал егер біреу басқа адамды өшіккендіктен емес, абайламай, ешбір арам ниетсіз итеріп немесе оған бір затты лақтырып жібергеннен сол кісі өліп қалса
23 немесе адамды көрмей бір ауыр тасты абайсызда түсіріп алып, сол кісі өліп қалса және өлтірген адам оған жау болмаған, ешбір зияндық тілемеген болса,
24 онда жамағат абайламай кісі өлтірген адам мен қаны төгілген адамның жазалаушы туысқанының арасында мына заң ережелері бойынша шешім қабылдасын.
25 Жамағат абайсызда кісі өлтіргенді жазалаушының қолынан құтқарып алсын әрі оны бұрынырақ өзі бас сауғалап барған қаласына қайтарсын. Әлгі адамның тағайындалған бас діни қызметкер қайтыс болғанға дейін сол қалада тұра беруі қажет.
26 Ал егер кісі өлтірген адам бас сауғалау қаласынан өзге бір жаққа шықса,
27 әрі қаны төгілген адамның жазалаушы туысқаны оны сол қаланың сыртында ұстап алып, өлтірсе, онда жаза тартқызған туысқанға сонысы үшін еш айып тағылмайды.
28 Себебі абайсызда кісі өлтірген адам бас діни қызметкер қайтыс болғанға дейін сол қаладан шықпауға тиіс. Тек бас діни қызметкер қайтыс болғаннан кейін ғана кісі өлтірген адамның өзінің меншікті жеріне қайтуына болады.
29 Өздерің мен барлық келер ұрпақтарың болашақта қай жерде тұрсаңдар да, сендер орындауға тиісті заң ережелері, міне, осылар.
30 Біреуді әдейі өлтірген адамды тек куәгерлердің айтқандары бойынша ғана өлімге кесу керек. Жалғыз бір ғана адамның куәлігі кісі өлтіргенді әшкерелеп, өлімге кесуге жеткіліксіз.
31 Қасақана кісі өлтіріп, өлім жазасына лайықты адамға құн төлетіп, жанын аман сақтап қалуына жол бермеңдер! Ондай қылмыскерге міндетті түрде өлім жазасын тартқызу керек.
32 Бас сауғалау қаласына қашып барған адамға да бас діни қызметкер қайтыс болмай тұрып, құн төлетіп, өз мекеніне қайтуына жол бермеңдер!
33 Осы арқылы сендер өздерің тұрып жатқан елді арамданудан сақтайсыңдар. Себебі өлтірілген кісінің төгілген қаны елді арамдайды. Оны өлтірген адамның өз қаны төгілмей, төгілген қаннан арамданған елді тазартуға болмайды.
34 Сондай-ақ, ешқайсың өздерің мекендеген және Мен Өзім мекендеген елді еш арамдамаңдар! Себебі Мен, Жаратқан Ие, Исраил халқының арасында бірге тұратын боламын.