Руларды санау
Тарау 25
Ал Исраилдің көші Шиттим деген жерде тұрған кезде, халық моабтық қыздармен азғындық жасай бастады.
2 Бұлар халықты өздерінің жалған тәңірлеріне арнаған құрбандықтарына шақырған еді. Исраилдіктер солардан дайындалған тамақты жеп, моабтықтардың жалған тәңірлеріне иіліп табынды.
3 Осылай исраилдіктер пеғорлық Бағал атты жалған тәңірге мықтап беріліп кетті. Содан Жаратқан Иенің қаһары Исраил халқына қарсы лаулады.
4 Ол Мұсаға былай деді: «Осы халықтың барлық басшыларын ұстап алып, оларды күндіз Менің, Жаратқан Иенің, алдында (күллі жұрттың көзінше) дарға асып, іліп қой! Сонда Менің Исраилге деген жалындаған қаһарым басылады!»
5 Сондықтан Мұса Исраилдің төрешілеріне: «Әрқайсыларың пеғорлық Бағалға беріліп кеткен өз адамдарыңның барлығын өлтіріп жазалаңдар!» — деген әмір берді.
6 Дәл осы кезде исраилдіктердің біреуі бір мадияндық әйелді өз әулетіне алып келді. Адам онысын кездесу шатырының кіреберісі алдында қайғырып зарлап тұрған Мұса мен бүкіл исраилдік жамағаттың көз алдында істеді.
7 Мұны діни қызметкер Елазардың ұлы, Һаронның немересі Пінехес көрді. Ол жамағаттың ортасынан шықты да, қолына найзасын алды.
8 Пінехес исраилдік ер адам мен сол әйелдің артынан шатырға кіріп, екеуіне де найзасын сұғып алды. Найза еркекті тесіп өтіп, әйелдің ішіне қадалды. Осылай Пінехес исраилдіктердің басына түскен індеттің бетін әрі қайырды.
9 Ал індеттен қаза тапқандардың саны жиырма төрт мыңға жеткен еді.
10 Сонда Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді:
11 «Діни қызметкер Елазардың ұлы, Һаронның немересі Пінехес Менің исраилдіктерге деген қаһарымды басты. Ол солардың арасында Менің абыройымды Өзім іспетті жан сала құлшына қорғады. Сол себепті Мен Исраил халқының бәрін бірдей қаһарыммен қырып тауысқан жоқпын.
12 Сондықтан оған мынаны айт: Біліп қой, Мен сенімен амандық пен тыныштық туралы Келісімімді жасамақпын.
13 Мен Елазардың өзін және одан кейінгі ұрпақтарын әрқашан діни қызметкер қыламын деп уәде беріп Келісімімді бекітемін. Себебі ол қызмет еткен Құдайының абыройын жан сала қорғап, Исраил халқын күнәларының арамдығынан тазартты».
14 Мадияндық әйелмен бірге өлтірілген исраилдіктің есімі — Салу ұлы Зімри. Ол Шимон руындағы бір әулеттің басшысы еді.
15 Ал өлтірілген мадияндық әйелдің есімі — Хазба, ол мадияндықтардың бір әулетінің басшысы Сурдың қызы болатын.
16 Бұдан кейін Жаратқан Ие Мұсаға бұйрық беріп былай деді:
17 «Мадияндықтарға қарсы шығып, олардың көздерін жойыңдар!
18 Себебі олар Пеғорда сендерді жалған тәңірге табынуға азғырулары және өздерінің қарындасы — мадияндық әулет басының қызы Хазба арқылы сендерге қулық-сұмдықпен жәбір көрсетті. Сол Хазба Пеғордағы оқиға үшін болған індет кезінде өлтірілді».