Руларды санау

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36


Тарау 26

Сол індеттен кейін Жаратқан Ие Мұсаға және діни қызметкер Һарон ұлы Елазарға тіл қатып былай деді:
2 «Исраил қауымындағы шайқасқа жарамды, жасы жиырмаға толған не одан асқан барлық исраилдіктерді шыққан әулеттері бойынша түгендеп санап шығыңдар!»
3 Сол кезде бүкіл Исраил халқы Иерихон қаласына қарама-қарсы, Иордан өзенінің жағасындағы Моабтың елсіз алқаптарында қостарын тігіп аялдаған еді. Сонда Мұса мен діни қызметкер Елазар оларға былай деп жариялады:
4 «Жаратқан Ие Мұсаға бұйырғандай, жасы жиырмаға толған не одан асқан барлық ер адамдарды түгендеп санап шығыңдар!» Мысыр елінен көшіп шыққан Исраилдің бүкіл үрім-бұтағы мынау:
5 Исраилдің тұңғыш ұлы Рубеннің ұлдарынан тараған ұрпақтардың әулеттері мыналар: Ханохтан ханохтықтар, Паллудан паллулықтар,
6 Хесроннан хесрондықтар, Қармидан қармилықтар тарады.
7 Бұлар Рубеннен тараған әулеттер. Олардың жалпы саны қырық үш мың жеті жүз отыз екендігі анықталды.
8 Паллудың ұлы Елияп болды.
9 Елияптың ұлдары: Немуел, Датан, Абирон. Жаратқан Иеге мойынсұнбай, Мұса мен Һаронға қарсы шыққан Қорахтың сыбайластарының арасында осы Датан, Абирон атты қауым жетекшілері де болды.
10 Сол кезде жер қақ айырылып, оларды Қорахпен бірге жұтып қойды. Қорахтың тағы да екі жүз елу жақтасын сол күні Құдайдың оты жалмап құртты. Осылайша бұл адамдар басқаларға ескертетін мысал болды.
11 Алайда Қорахтың ұрпақтары толығымен құрып кетпеген еді.
12 Шимонның ұлдарынан тараған ұрпақтардың әулеттері мыналар: Емуелден емуелдіктер, Яминнен яминдіктер, Яхиннен яхиндіктер,
13 Зарахтан зарахтықтар, Саулдан саулдықтар тарады.
14 Бұлар Шимоннан тараған әулеттер. Олардың жалпы саны жиырма екі мың екі жүз екендігі анықталды.
15 Ғадтың ұлдарынан тараған ұрпақтардың әулеттері мыналар: Сефоннан сефондықтар, Хагиден хагиліктер, Шуниден шуниліктер,
16 Озниден озниліктер, Ериден ериліктер,
17 Ародидан ародилықтар, Арелиден арелиліктер тарады.
18 Бұлар Ғадтан тараған әулеттер. Олардың жалпы саны қырық мың бес жүз екендігі анықталды.
19 Яһуданың Ер мен Онан деген ұлдары да бар еді, бірақ олар Қанахан елінде қайтыс болды.
20 Ал Яһуданың қалған ұлдарынан тараған ұрпақтардың әулеттері мыналар: Шелахтан шелахтықтар, Парестен парестіктер, Зарахтан зарахтықтар тарады.
21 Парестің ұрпақтары: Хесроннан хесрондықтар, Хамулдан хамулдықтар тарады.
22 Бұлар Яһудадан тараған әулеттер. Олардың жалпы саны жетпіс алты мың бес жүз екендігі анықталды.
23 Исашардың ұлдарынан тараған ұрпақтардың әулеттері мыналар: Толадан толалықтар, Пуадан пуалықтар,
24 Яшубтан яшубтықтар, Шимроннан шимрондықтар тарады.
25 Бұлар Исашардан тараған әулеттер. Олардың жалпы саны алпыс төрт мың үш жүз екендігі анықталды.
26 Забулонның ұлдарынан тараған ұрпақтардың әулеттері мыналар: Середтен середтіктер, Елоннан елондықтар, Яхлелден яхлелдіктер тарады.
27 Бұлар Забулоннан тараған әулеттер. Олардың жалпы саны алпыс мың бес жүз екендігі анықталды.
28 Манаса мен Ефрем есімді екі ұлы арқылы Жүсіптен тараған ұрпақтардың әулеттері мыналар:
29 Манасаның ұрпақтары: Махырдан махырлықтар тарады. Махыр Ғилақадтың әкесі болатын, әрі Ғилақадтан ғилақадтықтар тарады.
30 Ғилақадтың ұрпақтары: Езерден езерліктер, Хелектен хелектіктер,
31 Азриелден азриелдіктер, Сихемнен сихемдіктер,
32 Шемидадан шемидалықтар, Хеферден хеферліктер тарады.
33 Хефер ұлы Салопахадтың ұлдары болмай, Махла, Ноға, Хоғла, Мылқа, Тирса есімді қыздары болды.
34 Бұлар Манасадан тараған әулеттер. Олардың жалпы саны елу екі мың жеті жүз екендігі анықталды.
35 Ефремнің ұлдарынан тараған ұрпақтардың әулеттері мыналар: Шутелахтан шутелахтықтар, Бехерден бехерліктер, Таханнан тахандықтар,
36 әрі Шутелахтың Әран деген ұрпағынан әрандықтар тарады.
37 Бұлар Ефремнен тараған әулеттер. Олардың жалпы саны отыз екі мың бес жүз екендігі анықталды. Жүсіптен (ұлдары Манаса мен Ефрем арқылы) тараған әулеттер, міне, осылар.
38 Буняминнің ұлдарынан тараған ұрпақтардың әулеттері мыналар: Беладан белалықтар, Ашбелден ашбелдіктер, Ахирамнан ахирамдықтар,
39 Шефуфамнан шефуфамдықтар, Хұфамнан хұфамдықтар тарады.
40 Беланың Ард пен Нағыман есімді екі ұлынан да екі әулет тарады: Ардтан ардтықтар, Нағыманнан нағымандықтар тарады.
41 Бұлар Буняминнен тараған әулеттер. Олардың жалпы саны қырық бес мың алты жүз екендігі анықталды.
42 Данның ұлдарынан тараған ұрпақтардың әулеттері мыналар: Шухамнан шухамдықтар тарады.
43 Дан руының барлығы шухамдықтар әулеті болды. Олардың жалпы саны алпыс төрт мың төрт жүз екендігі анықталды.
44 Аширдің ұлдарынан тараған ұрпақтардың әулеттері мыналар: Имнадан имналықтар, Ишуиден ишуиліктер, Берияхтан берияхтықтар тарады.
45 Осы соңғы әулет Берияхтың Хебер мен Малхиел деген екі ұлынан тараған хеберліктер мен малхиелдіктер әулеттеріне бөлінетін еді.
46 Аширдің тағы Серах есімді қызы да болған.
47 Бұлар Аширден тараған әулеттер. Олардың жалпы саны елу үш мың төрт жүз екендігі анықталды.
48 Нафталимнің ұлдарынан тараған ұрпақтардың әулеттері мыналар: Жахсиелден жахсиелдіктер, Гуниден гуниліктер,
49 Есерден есерліктер, Шилемнен шилемдіктер тарады.
50 Бұлар Нафталимнен тараған әулеттер. Олардың жалпы саны қырық бес мың төрт жүз екендігі анықталды.
51 Шайқасқа жарамды, жасы жиырмаға толған не одан асқан исраилдіктердің жалпы саны алты жүз бір мың жеті жүз отыз ер адам екендігі анықталды.
52 Бұдан кейін Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді:
53 «Елдің жері осы руларға меншікті үлестері болуға олардың адамдарының санына сәйкес бөлінуі керек.
54 Халқының саны көп руға мұралық жер көбірек, ал халқының саны аз руға жер азырақ берілуі тиіс. Жер әр рудың санақтан өткен адамдарының санына сәйкес бөлінуі керек.
55 Елдің жері жеребе арқылы үлестірілсін. Ол әркімге өзінің әкесінің руының аты бойынша беріледі.
56 Әрбір мұралық жер үлкенірек және кішірек әулеттердің арасында жеребе арқылы бөлінетін болады».
57 Леуіліктердің шыққан әулеттері бойынша түгенделіп саналғандар мыналар: Герсоннан герсондықтар, Қахаттан қахаттықтар, Мерариден мерариліктер тарады.
58 Леуіліктерге тағы мынадай әулеттер де жататын еді: лібіниліктер, хеброндықтар, мәхлиліктер, мұшилықтар, қорахтықтар. Қахаттан Ымрам тарады.
59 Ымрамның әйелінің есімі Иохебед болатын, ол да Мысыр елінде туған леуілік әйел еді. Ымрам мен Иохебедтің Һарон, Мұса мен Мәриям есімді екі ұл, бір қызы болды.
60 Һаронның Надаб пен Әбиһу, Елазар мен Ітамар есімді ұлдары бар еді.
61 Надаб пен Әбиһу Жаратқан Иенің алдында оттың Ол бұйырмаған бөтен түрін ұсынғанда өлімге ұшыраған болатын.
62 Жасы бір айдан жоғары еркек кіндікті леуіліктердің жалпы саны жиырма үш мың болды. Олар Исраилдің басқа руларымен бірге санаққа енгізілмеді. Себебі леуіліктерге олардың арасында жеке мұралық аймақ бөлінбеген еді.
63 Сонымен Иерихон қаласына қарама-қарсы, Иордан өзенінің жағасындағы Моабтың елсіз алқаптарында Мұса мен діни қызметкер Елазар исраилдіктерді түгендеп санаған кезде санақтан өткендер, міне, осылар болды.
64 Олардың арасында (содан отыз сегіз жыл бұрын) Синай атты елсіз далада болған бірінші санаққа енген исраилдіктерден бірде-бір адам болған жоқ.
65 Жаратқан Ие солар туралы «Олар сөзсіз елсіз далада қайтыс болады!» деп айтқандықтан Ефунне ұлы Халеп пен Нұн ұлы Ешуадан басқаның бәрі дүниеден өткен еді.