Руларды санау
Тарау 21
Негев өлкесіндегі Арад қаласының қанахандық патшасы Исраил халқының Атарим жолымен келе жатқанын естіп, оларды шабуылдап, біразын тұтқындады.
2 Сонда исраилдіктер Жаратқан Иеге: «Егер осы халықты біздің қолымызға тапсырсаң, онда біз олардың қалаларын Өзіңе бағыштап, толығымен құртатын боламыз», — деген ант берді.
3 Жаратқан Ие исраилдіктердің өтініштеріне құлақ салып, қанахандықтарды олардың қолдарына тапсырды. Исраилдіктер солардың өздері мен қалаларын Құдайға бағыштап, толығымен құртты. Содан осы жер Хорма (Құрту) деп аталып кетті.
4 Һор тауынан исраилдіктер Едом елін сырт айналып өтпек болып, Қамысты теңізге қарай бет алды. Жолшыбай халықтың шыдамы таусылып,
5 Құдайға және Мұсаға қарсы сөйлеп: «Бізді не үшін Мысырдан алып шықтыңдар? Мына иен далада қырылуымыз үшін бе? Жейтін нан, ішетін суымыз жоқ! Әлгі жеп жүрген жиренішті тамағымыздан әбден мезі болдық!» — деді.
6 Сонда Жаратқан Ие халық арасына отқа ұқсаған улы жыландар жіберіп, солар Исраил халқының арасынан көптеген адамды шағып өлтірді.
7 Халық Мұсаның алдына келіп: «Біз Жаратқан Иеге және өзіңізге қарсы сөйлеп күнә жасадық. Мына жыландарды бізден аластата көрсін деп Жаратқан Иеге біз үшін өтініш жасап сиыныңызшы!» — деп жалынды. Содан Мұса халық үшін өтініп сиынды.
8 Сонда Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бұйырды: «Отқа ұқсаған улы жыланның мүсінін жасап ал да, оны белгі беретін бағананың басына бекітіп, жоғары көтеріп қой! Жылан шаққан әркім соған қараса, тірі қалады».
9 Сонымен Мұса мыстан жылан мүсінін жасап, оны бағананың басына бекітіп, жоғары көтеріп қойды. Жылан шағып алған әркім мыс жыланға қарағанда, тірі қалып отырды.
10 Исраилдің үрім-бұтағы әрі қарай жылжып, Оботқа жетіп, сонда қостарын тікті.
11 Олар Оботтан шығып, Моаб елінің шығысындағы елсіз даладағы Ие-Абаримге көшіп барып, сонда аялдады.
12 Бұл жерден олар Зәред аңғарына барып, сонда қостарын тікті.
13 Халық сол жерден иен даладағы Арнонның арғы жағына өтіп, сонда тоқтады. Арнон — аморлықтардың аймағынан бері ағатын өзен, ол Моаб елін аморлықтардың аймағынан бөліп тұратын шекарасы еді.
14 Сол себепті «Жаратқан Иенің шайқастары» деген кітапта былай деп жазылған: «Суфаның маңайындағы Уахеп қаласы және Арнон өзені мен
15 оның Ар деген елді мекенге қарай созылып жатқан сайлары Моаб шекарасының бойында орналасқан».
16 Сол жерден исраилдіктер Бегерге көшіп барды. Жаратқан Ие сондағы құдық туралы Мұсаға: «Халықты жина, Мен оларға су беремін», — деді.
17 Сол кезде Исраил халқы мына әнді шырқады: «Уа, құдық, суыңды сарқырата бер, Құдық жайында айтыңдар әндер!
18 Оны ойып қазды билеушілер, Халықтың озаттары, жетекшілер, Қолдарында асатаяқ пен сүңгілер». Елсіз даладан халық Матанаға,
19 содан Нахалиелге және Бамотқа көшіп-қонды.
20 Бамоттан олар Моаб еліндегі алқапқа көшіп барды. Сол маңайдағы Писга тауы құлазыған далаға тіреліп тұр.
21 Мұнан кейін Исраил халқы елшілері арқылы аморлықтардың патшасы Сихонға мынадай сәлем жіберді:
22 «Жеріңізден өтуімізге рұқсат етсеңіз екен. Не егістіктеріңізге, не жүзімдіктеріңізге бұрылмаймыз, құдықтарыңыздан су да ішпейміз. Тек Патшаның үлкен жолымен ғана жеріңізден өтіп шығамыз».
23 Бірақ Сихон Исраилге өз жері арқылы жүріп өтуге рұқсат бермей, бүкіл жасағын жинап, Исраилге қарсы елсіз далаға аттанды. Яхас деген жерге жетіп, исраилдіктермен шайқасты.
24 Исраилдіктер Сихонның жасағын семсердің жүзімен қырып-жойып, Арнон өзенінен Ябок өзеніне дейінгі аралықтағы оның жерін иемденіп алды. (Ябоктың арғы жағындағы) аммондықтардың шекарасы бекіністі болғандықтан, олар тек соған дейін барды.
25 Исраил халқы аморлықтардың барлық қалаларын да қолға түсіріп, соларды, әсіресе, Хешебон мен оған қарасты елді мекендеріне қоныстанып алды.
26 Себебі Хешебон аморлықтардың патшасы Сихонның тұрған қаласы болатын. Ол Моабтың бұрынғы патшасына шабуыл жасап, оның Арнонға дейінгі бүкіл жерін тартып алған еді.
27 Сондықтан жыраулар ол туралы мынадай нақыл айтқан: «Келіңдер Хешебонға, Сихонның қаласына, Қайта салынып, бекітілсін астана!
28 Себебі Хешебоннан от жалыны шықты, Сихонның қаласынан алау лап етті, Моабтың Ар қаласын жалмап қойды, Арнон қыраттарының иелерін қырды.
29 Уа, Моаб халқы, қасірет саған! Хамосқа табынған халық қырылған. Хамос өз «ұлдарын» қашуға қалдырды, «Қыздарын» Амор патшасы Сихонға олжалатты,
30 Ал біз оларды жебе атып талқандадық, Дибонға дейінгі Хешебон елін құрттық, Медеба мен Нофаға дейін ойран салдық!»
31 Осылайша исраилдіктер аморлықтардың жеріне қоныстанып алды.
32 Кейін Мұса Жазер қаласына барлаушылар жіберді. Исраил жасағы оған қарасты елді мекендерді басып алып, сондағы аморлықтардың жерін де иемденді.
33 Бұдан кейін исраилдіктер бұрылып, Башан аймағына баратын жолмен жоғары қарай өрледі. Сонда Башанның патшасы Ог бүкіл жасағын ертіп олармен шайқасуға Едірейге аттанды.
34 Ал Жаратқан Ие Мұсаға: «Одан қорықпа! Себебі Мен оның өзін, бүкіл жасағы мен елін сенің қолыңа тапсырып отырмын. Аморлықтардың Хешебонда тұрған патшасы Сихонға не істеген болсаң, оған да дәл соны істе!» — деді.
35 Сонымен исраилдіктер Ог патшаны, оның ұлдарын және бүкіл жасағын бір адамын да тірі қалдырмай қырып тастап, жерлерін иемденіп алды.