Руларды санау
Тарау 34
Жаратқан Ие Мұсаға тағы да тіл қатып былай деді:
2 «Исраилдіктерге мына бұйрықты жеткіз: Сендер Қанахан еліне кіргенде, мұралық меншіктерің болатын Қанахан елі мен оның шекаралары мынау болады:
3 Елдеріңнің оңтүстік бөлігі Сін даласынан басталып, Едомның шекарасын бойлай орналасатын болады. Сендердің оңтүстік шекараларың шығыстағы Өлі (Тұзды) теңіздің шетінен басталады.
4 Содан соң шекара оңтүстікке бұрылып, Шаяндар асуынан өтіп, Сін (даласы) арқылы Қадеш-Барнидің оңтүстік жағына дейін жетеді. Содан шекара Хасар-Адарға, одан әрі Асмонға қарай ұласып,
5 Асмоннан Мысырмен шекарадағы өзенге қарай бұрылып, сол арқылы үлкен теңізге дейін жетіп аяқталады.
6 Елдің батыс шекарасы — Жерорта теңізінің жағалауы. Сендердің батыс шекараларың, міне, осы.
7 Солтүстік шекараларың үшін Жерорта теңізінен (солтүстіктегі) Һор тауына дейін,
8 ал Һор тауынан Лебо-Хаматқа дейін шек белгілеңдер. Сол жерден шекара Седадқа дейін жететін болады.
9 Одан әрі шекара Сифронға қарай жалғасып, Хасар-Енанда бітеді. Сендердің солтүстік шекараларың, міне, осы.
10 Шығыс шекараларың үшін Хасар-Енаннан оңтүстікке қарай Шефамға дейін шекара белгілеңдер.
11 Шекара Шефамнан Аинның шығысындағы Риблаға дейін созылып, Кінерет (яғни Ғалилея) көлінің шығысындағы қыраттардың үстімен өтеді.
12 Одан Иордан өзенінің бойымен Өлі теңізге дейін жетіп аяқталады. Өздеріңе тиісті елдерің және оның жан-жағындағы шекаралары, міне, осылар болады».
13 Мұнан кейін Мұса исраилдіктерге өсиеттеп бұйрық беріп былай деді: «Иордан өзенінің арғы жағына өтіп, сонда қоныстанайын деп жатқан тоғыз ру мен бір рудың жартысына Жаратқан Иенің жеребе арқылы үлестіріліп берілсін деп бұйырған жері — осы.
14 Себебі Рубен, Ғад рулары және Манаса руының жартысы өздерінің меншікті жерлерін өз әулеттері бойынша
15 Иерихонның маңынан өтетін Иордан өзенінің шығыс жағынан алып қойды».
16 Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді:
17 «Сендерге елді мұралық меншіктеріңе үлестіріп беретін адамдардың есімдері мыналар: діни қызметкер Елазар және Нұн ұлы Ешуа.
18 Елді үлестіріп беруге көмектесу үшін әрбір рудан бір-бір жетекшіден тағайындаңдар.
19 Сол адамдардың есімдері мыналар: Яһуда руынан Ефунне ұлы Халеп,
20 Шимон руынан Амиһуд ұлы Самуил,
21 Бунямин руынан Қислон ұлы Елидад,
22 Дан руынан жетекшісі Жоғли ұлы Буки,
23 Жүсіптің ұлдарынан тараған екі рудан Манаса руынан жетекшісі Ефод ұлы Ханиел,
24 Ефрем руынан жетекшісі Шифтан ұлы Кемуел,
25 Забулон руынан жетекшісі Парнах ұлы Елзапан,
26 Исашар руынан жетекшісі Аззан ұлы Палтиел,
27 Ашир руынан жетекшісі Шеломи ұлы Ахиһуд,
28 Нафталим руынан жетекшісі Амиһуд ұлы Педахил».
29 Жаратқан Ие исраилдіктерге Қанахан елінде мұралық жерлерін үлестіріп беруге осы адамдарды тағайындады.