Руларды санау

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36


Тарау 23

Сонда Балағам Балаққа: — Маған осы жерде жеті құрбандық орнын тұрғызып, жеті жас бұқа мен жеті қошқар дайындап қойыңыз, — деп тапсырды.
2 Балақ оның айтқанын орындады. Екеуі әрбір құрбандық орнында бір-бірден жас бұқа мен қошқарды құрбандыққа шалып, өртеп ұсынды.
3 Мұнан кейін Балағам Балаққа: — Мына шалынып, түгелдей өртелген құрбандықтарыңыздың қасында тұра тұрыңыз. Мен әрірек барып келейін, мүмкін, Жаратқан Ие кездесу үшін келіп қалар. Ол маған не ашып көрсетсе, соны сізге айтып беремін, — деп, бір тақыр төбе басына шығып кетті.
4 Сол жерде Құдай оған кездескенде, Балағам: — Жеті құрбандық орнын тұрғызып, әрқайсысында бір-бір жас бұқа мен қошқарды құрбандыққа шалып, өртеп ұсындым! — деді.
5 Жаратқан Ие Балағамның аузына айтатын сөздерін салып, оған: — Енді Балаққа қайтып бар да, оған осы хабарымды жеткіз, — деп бұйырды.
6 Сонымен Балағам қайтып келсе, Балақ өзінің шалып, түгелдей өртеген құрбандықтарының жанында тұр екен. Моаб елінің барлық әміршілері оның қасында болды.
7 Енді Балағам нақыл сөзін айтып былай деді: — Балақ мені шақырды Арама аймағынан, Моаб патшасы алдыртты шығыс тауларынан: «Келіп, Жақыптың ұрпағын қарғап беріңіз, — Деп, — Исраил халқын лағынеттеп кетіңіз!»
8 Құдай қарғамағанды мен қалайша қарғаймын? Жаратқан айып тақпағанға мен қалай тағамын?
9 Оны көріп тұрмын жартастың шыңынан, Оған қарап тұрмын төбе бастарынан. Бұл халық оңашаланып бөлек тұрады, Басқа ұлттарға қосылудан бас тартады.
10 Жақыптың құмдай көп ұрпағын кім есептер? Исраилдің төрттен бірінің өзін санап көр! Көз жұмған кезімде сол әділдердей өлейін, Бұлардай ақ өліммен дүниеден өтейін!
11 Балақ Балағамға: — Бұ не қылғаныңыз маған? Мен сізді жауымды қарғауға алдырттым, ал сіз оған ақ бата жаудырдыңыз?! — деп налыды.
12 Балағам: — Жаратқан Ие маған не бұйырса, дәл соны ғана айтуым қажет емес пе? — деп жауап берді.
13 Балақ: — Менімен бірге басқа бір жерге жүріңіз, халыққа сол жерден қарайсыз. Бірақ оны толығымен емес, тек бір бөлшегін ғана көретін боласыз. Сол жерден оларды қарғап беріңізші, — деді де,
14 көріпкелді Писга тауының басындағы «Қарауылдар» атты алаңқай жерге алып барды. Балақ патша сонда жеті құрбандық орнын тұрғызып, әрқайсысында бір жас бұқа мен бір қошқардан құрбандыққа шалып, өртеп ұсынды.
15 Көріпкел Балаққа: — Мен Құдаймен ана жақта кездесіп жатқанда сіз мұнда, түгелдей өртелген құрбандықтарыңыздың қасында тұра тұрыңыз, — деп тапсырды.
16 Мұнан кейін Жаратқан Ие Балағамды кездестіріп, оның аузына айтатын сөздерін салып беріп былай деп бұйырды: «Балаққа қайтып бар да, оған осы хабарымды жеткіз!»
17 Балағам қайтып келсе, патша Моаб елінің әміршілерімен бірге өзінің түгелдей өртелген құрбандықтарының жанында тұр екен. Балақ: — Жаратқан Ие не деді? — деп сұрады.
18 Сонда Балағам нақыл сөзін айтып былай деді: — Уа, Балақ, тұрыңыз да, мені тыңдаңыз, Иә, Сипор ұлы, маған құлақ салыңыз!
19 Құдай өтірік айтатын пенде емес, Ойын өзгерте беретін адам да емес. Ол айтса, сонысын іске асырмай ма, Әлде сөз беріп, онысын орындамай ма?
20 Мен ақ бата беруге тапсырма алдым, Құдай жарылқаса, соны өзгерте алмаймын.
21 Жақыптың ұрпағынан пәле көрінбейді, Исраил халқынан бейнет деген білінбейді. Құдайы Жаратқан Ие арасында тұрады, Оны Патшамыз деп кернеймен жар салады.
22 Халықты Мысырдан шығарған — Құдайдың Өзі, Жабайы бұқаның мүйізіндей оның күші.
23 Жақыпқа қарсы ешбір сиқырлық жүрмейді, Исраилге қарсы сәуегейлік өтпейді! Қазір де Жақып пен Исраил жөнінде: «Қарашы Құдайдың ісін!» — деп дәріптейді.
24 Ана арыстандай халық өрлеп шығады, Дәу арыстандай ол орнынан тұрады, Олжасын жалмап, қанын ішіп тояды, Содан соң ғана жатып, тыным табады.
25 Балақ сонда Балағамға: — Ендеше бұл халыққа қарғыс та айтпаңыз, бата да бермеңіз! — деп бұйырды.
26 Балағам оған: — Жаратқан Ие маған не айтса, соның бәрін істеуге тиіспін деп өзіңізге ескертпеп пе едім? — деп жауап берді.
27 Сонда Балақ патша Балағамға: — Жүріңізші, басқа бір жерге барайық. Мүмкін, Құдай сіздің оларды сол жерден қарғағаныңызды құп көрер, — деді.
28 Патша Балағамды елсіз далаға қарап тұрған Пеғор тауының басына алып барды.
29 Сол жерде Балағам тағы да Балаққа: — Маған осында жеті құрбандық орнын тұрғызып, жеті бұқа мен жеті қошқар дайындап қойыңыз, — деп тапсырды.
30 Балақ оның айтқанын орындап, әрбір құрбандық орнына бір-бірден бұқа мен қошқар шалып, өртеп ұсынды.