Руларды санау

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36


Тарау 19

Жаратқан Ие Мұса мен Һаронға тіл қатып былай деді:
2 «Жаратқан Иенің бұйырған заңының тағы бір ережесі мынау: Исраил халқына мынаны айту керек: Олар бір жирен баспақты алып келсін. Сол жас сиырдың барлық жері сау, ешбір кемістігі жоқ болсын және оған ешқашан мойынтұрық салынбаған болуы керек.
3 Жас сиырды діни қызметкер Елазарға табыстасын. Содан соң мал ел қонысының сыртына шығарылып, біреу оны Елазардың көз алдында бауыздасын.
4 Діни қызметкер Елазар саусағын баспақтың қанына батырып алып, кездесу шатырының алдыңғы жағына қарай жеті рет бүріксін.
5 Малдың өзі: терісі, еті, қаны, жыны түгелімен Елазардың көз алдында өртеліп жіберілсін.
6 Діни қызметкер самырсынның бір жаңқасын, сайсағыздың бір бұтақшасын және ал қызыл түсті жүннің бір шүйкесін алып, жанып жатқан мал денесінің үстіне лақтырсын.
7 Содан соң діни қызметкер үстіндегі киімін жуып, өзі де сумен жуынсын. Бұдан кейін оған қонысқа қайтып келуге болады, алайда ол кешке дейін таза емес болып саналады.
8 Малдың денесін өртеген адам да киімін жуып, сумен жуынсын. Ол да кешке дейін арамданған болып саналады.
9 Арамданбаған басқа бір адам өртелген баспақтың күлін жинап алып, оны ел қонысының сыртындағы бір таза жерге апарып сақтап қойсын. Осы күл исраилдіктердің жамағаты үшін тазару рәсімінің суында қолдануға сақтала берсін. Бұл рәсім күнәдан тазарту үшін жасалады.
10 Жас сиырдың күлін жинаған адам да өз киімін жусын. Ол да кешке дейін таза емес болып саналады. Бұл — өздеріңе де, араларыңда тұрып жатқан жат жұрттықтарға да арналған тұрақты ереже».
11 Өлген адамның мәйітіне жанасқан әркім жеті күн бойы таза емес арамданған болып саналады.
12 Арамданғаннан кейінгі үшінші және жетінші күндері сондай адам арнайы сумен тазару рәсімінен өтсін. Бұдан кейін ол таза болады. Ал егер үшінші және жетінші күндері тазару рәсімінен өтпесе, онда ол таза болмайды.
13 Өлген адамның мәйітіне жанасып, тазару рәсімінен өтпеген әркім Жаратқан Иенің жер бетіндегі тұрағын арамдайды. Ондай адам Исраилдің қауымынан аластатылсын. Тазарту суы оған бүркіп себілмегендіктен ол арамданған күйінде қала береді.
14 Біреу үй ішінде қайтыс болған жағдайдағы ереже мынау: сол кезде үйде болғандардың және кейін оған кіргендердің барлығы жеті күн бойы таза емес болып саналады.
15 Сол үйдегі қақпағы жабылмай аузы ашық қалған әрбір ыдыс та арам.
16 Сол сияқты, далада семсерден қаза тапқан немесе өз ажалымен өлген адамның мәйітіне, сүйектеріне не қабіріне жанасқан әр кісі де жеті күн бойы таза емес болып саналады.
17 Осындай арамданған адамды тазару рәсімінен өткізу үшін алдымен шалынып, өртелген жирен баспақтың біраз күлін ыдысқа салып, үстіне ағынды судан құйсын.
18 Арамданбаған бір адам сайсағыздың бір бұтақшасын ыдыстағы суға малып алып, сонымен суды сол үйге, ондағы бұйымдар мен адамдардың бәріне бүріксін. Ол, сондай-ақ, өлген адамның сүйегіне, қаза тапқан не өз ажалымен өлген адамның мәйітіне немесе қабіріне жанасқан әркімге арнайы суды бүркіп себуі қажет.
19 Содан соң үшінші және жетінші күндері таза адам арамданған адамға сол судан бүріксін. Осылайша оны жетінші күні арамдығынан тазартады. Сол күні адам киімін жуып, өзі сумен жуынсын, сонда ол кеште арамданбаған болып саналады.
20 Ал егер біреу арамданып қалып, тазару рәсімінен өтпесе, ондайды жамағаттан аластату керек. Себебі ол үстіне тазару рәсімінің суын сепкізбей, Жаратқан Иенің киелі орнын арамдады.
21 Бұл — халыққа арналған тұрақты ереже. Тазарту рәсімінің суын бүркіп сепкен адам да киімін жусын. Ал тазару рәсімінің суы біреуге тисе, сол адам кешке дейін таза емес болып саналады.
22 Арамданған адам жанасқан кез келген нәрсе де арамданады. Сондай арамданған нәрсеге жанасқан әркім де кешке дейін таза емес болып саналады.