Руларды санау

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36


Тарау 12

Мұса құштық әйелге үйленген болатын. Бір күні Мәриям мен Һарон соған бола Мұсаны сынады.
2 Олар тағы былай деді: «Жаратқан Ие тек Мұсаға ғана сөйлеп пе еді? Ол бізге де сөйледі емес пе?» — Бұлары Жаратқан Иенің құлағына жетті.
3 Ал Мұса жер бетіндегі барлық адамдардың ең кішіпейілі болатын.
4 Жаратқан Ие кенеттен Мұса, Һарон, Мәриямды: «Үшеуің кездесу шатырына келіңдер!» — деп шақырды. Үшеуі сонда барды.
5 Жаратқан Иенің Өзі бағана тәрізді бұлтпен төмен түсіп, шатырдың кіреберісінде тұрып, Һарон мен Мәриям екеуін шақырды. Екеуі алға қарай шықты.
6 Жаратқан Ие оларға тіл қатып былай деді: «Енді сөзіме құлақ салыңдар! Сендердің араларыңда пайғамбар бар болса, оған аян арқылы көрініп, түсінде онымен тілдесемін.
7 Ал қызметшім Мұсамен бұлай емес. Ол — Менің бүкіл үйімдегі адал қызметшім.
8 Мен онымен жұмбақтап емес, бетпе-бет, анық тілдесемін. Мұса Менің — Жаратқан Иенің бейнесін көреді. Өз қызметшім Мұсаға қарсы сөйлеуден сендер қалайша қорықпадыңдар?»
9 Жаратқан Иенің қаһары оларға қарсы лап етіп, Өзі қастарынан алшақтап кетті.
10 Бұлт киелі шатырдан жоғары көтеріліп кеткенде, Мәриямның бүкіл денесін қардай аппақ алапес басып кетті. Һарон Мәриямға қарай бұрылғанда, оның алапес екенін көрді.
11 Сонда Һарон Мұсаға: «Уа, мырзам! Ақымақтықтан жасаған күнәмізді бізге қарсы қоймаңыз!
12 Мәриямның ана құрсағынан шығып жатқан өлі нәресте іспетті болуына жол бермеңіз. Оның тәнінің жартысы шіріп кетіпті!» — деп жалынды.
13 Мұса Жаратқан Иеге: — Уа, Құдай, оны сауықтыра гөр! — деп жалбарына сиынды.
14 Жаратқан Ие Мұсаға: — Егер әкесі бетіне түкіріп жіберген болса, Мәриям ұялғаннан жеті күн бойы жұрттың көзіне көріне алмай жүрмес пе еді? Сол сияқты ол ел қонысының сыртына жеті күнге аластатылсын. Содан кейін оны қайтадан алып келуге болады, — деді.
15 Осылайша Мәриям жеті күн бойы қоныстың сыртына аластатылды. Оны қайтып алып келмейінше, халық жолға шыққан жоқ.