Руларды санау
Тарау 17
Мұнан кейін Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді:
2 «Исраилдіктерге он екі рудың он екі рубасының таяқтарын берсін деп бұйыр да, өзің соларды қабылдап ал. Әрбір рубасының есімін оның берген таяғына жазып қой.
3 Леуі руының таяғына Һаронның есімін жаз, өйткені әрбір рудың бір басшысының таяғы болу керек.
4 Таяқтарды кездесу шатырында Өзім сендермен кездесетін орын — Келісімнің айғақтары (сақталған сандықтың) алдына қой.
5 Мен кімді (діни қызметкер болуға) таңдап алған болсам, соның таяғы бүр жарады. Осылайша Мен исраилдіктердің өздеріңе қарсы күңкілдеп білдірген наразылықтарын доғартамын».
6 Мұса исраилдіктерге бұйырып, әрбір рубасы өз руының атынан бір таяқтан берді. Һаронның таяғы да солардың таяқтарының арасында болды.
7 Мұса таяқтардың барлығын алып, оларды Келісімнің айғақтары сақталған киелі шатырда Жаратқан Иенің алдына қойды.
8 Келесі күні Мұса киелі шатырға келіп қараса, Леуі руы үшін берілген Һаронның таяғы бүр жарып қана қоймай, гүлдеп, бадам жаңғақтарын да беріпті!
9 Мұса таяқтардың барлығын Жаратқан Иенің алдынан алып шықты да, оларды бүкіл Исраил халқына көрсетті. Халық таяқтарды қарап, әр рубасы өз таяғын қайтарып алды.
10 Сонда Жаратқан Ие Мұсаға былай деді: «Һаронның таяғын бағынбайтын қиқарларға ескертпе болу үшін Келісімнің айғақтары алдына қайтадан сақтап қой. Осылайша өздерінің Маған күңкілдеп наразылық білдірулерін доғарсын. Әйтпесе олар өлім құшады».
11 Мұса мұны дәл Жаратқан Иенің айтқанындай істеді.
12 Ал исраилдіктер Мұсаға: «Біз өлеміз, құрып бара жатырмыз! Бәріміз де құрып бара жатырмыз-ау!
13 Тіпті Жаратқан Иенің киелі шатырына таяп келетін адам да өлім құшады екен! Осылай бәріміз де құрып кетер ме екенбіз?» — деп қатты уайымдады.