Мысырдан шығу
Тарау 40
Бұдан кейін Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бұйырды:
2 «Менімен кездесуге арналған тұрағым — киелі шатырды бірінші айдың бірінші күні құрғыз.
3 Келісімнің айғақтары сақталатын сандықты шатырдың ішіне қойғызып, шымылдықпен көзден тасалат.
4 (Нан тартулары қойылатын) үстелді әкелдіріп, оған қатысты нәрселерді орналастырт. Содан кейін шам қойғышты кіргізіп, үстіне шамдарын орнатқыз.
5 Хош иісті заттарды түтететін алтын үстелді Келісім сандығының алдыңғы жағына қойғызып, киелі шатырдың кіреберісіндегі шымылдықты ілгіз.
6 Құрбандық үстелін кездесу шатырының кіреберісінің алдыңғы жағына орналастырт.
7 Тазару рәсіміне арналған қазанды кездесу шатыры мен құрбандық үстелінің екі ортасына қойдырып, ішіне су құйғыз.
8 Шатырдың ауласын айналдыра пердемен қоршатып, оның кіреберісінің пердесін де ілгізіп қой.
9 Арнайы хош иісті майдан алып, киелі шатырға және оның ішіндегі әрбір бұйымға аздап жақ. Осылайша шатырды және оның барлық бұйымдарын Маған бағыштап, киелі қыл.
10 Мұнан кейін құрбандық үстелі мен оның құрал-саймандарына да осы май жағу рәсімін жасап, үстелді Маған бағышта, сонда ол ерекше киелі болады.
11 Қазан мен оның тұғырына аздап май жағып, оларды да Маған бағышта.
12 Содан кейін Һарон мен ұлдарын Өзіммен кездесу шатырының кіреберісіне алып келіп, сумен тазару рәсімінен өткіз.
13 Һаронға арнайы киімдерін кигізіп, май жағу рәсімін орындап, оны діни қызметкерім болуға Өзіме бағышта.
14 Һаронның ұлдарын да жақындатып, ұзын көйлектерін кигіз.
15 Менің діни қызметкерлерім болулары үшін әкесіне жасағандай, оларға да май жағу рәсімін орында. Осы рәсім орындалғанда өздері де, келер ұрпақтары да діни қызметкерлікке мәңгілік тағайындалады».
16 Мұса барлығын да дәл Жаратқан Ие өзіне бұйырғандай етіп жасады.
17 Осылайша (халық Мысырдан көшіп шыққаннан кейінгі) екінші жылдың бірінші айының бірінші күні Жаратқан Иенің жер бетіндегі тұрағы құрастырылды.
18 Мұса киелі шатырды құрған кезде оның тағандарын орын-орындарына қойғызып, бөренелерін тұрғызып, сырықтарын кигізіп, бағаналарын көтертті.
19 Мұнан соң киелі шатырдың үстіне жапқышын жайып, оның бетіне жабынын жапты. Мұның бәрі де Жаратқан Иенің бұйрығына сай болды.
20 Мұса Келісімнің айғақтарын екі тас тақтайшаны алып келіп, Келісім сандығының ішіне салды да, сандықтың шығыршықтарынан сырықтарды өткіздіріп, оның үстіне қақпақты қойғызды.
21 Содан кейін Келісім сандығын киелі шатырдың ішіне апарғызып, оның алдына арнаулы шымылдықты ілгізіп, Жаратқан Ие бұйырғандай сонымен Келісім сандығын көзден тасалатып қойды.
22 Мұса арнайы нан үстелін Жаратқан Иенің әмірі бойынша кездесу шатырының ішіне, оның солтүстік бетіне, ішкі шымылдықтың бергі жағына орналастыртты.
23 Үстелдің үстіне ол Жаратқан Иеге бағышталған нан тартуларын қатарластыра жайғастыртты.
24 Ал шам қойғышты кездесу шатырының оңтүстік бетіне, нан үстеліне қарама-қарсы орналастыртып,
25 үстіне шамдарды орнатқызып, Жаратқан Ие Өзіне бұйырғандай Оның алдына қойғызды.
26 Мұнан кейін Мұса (хош иісті заттар түтетілетін) алтын үстелді кездесу шатырының ішіне, ішкі шымылдықтың алдыңғы жағына қойғызып,
27 Жаратқан Ие бұйырғандай үстіне хош иісті заттарды түтеткізді.
28 Шатырдың кіреберісіне сыртқы шымылдықты ілгізді.
29 Мұнан соң ол Тәңір Иенің жер бетіндегі тұрағы — кездесу шатырының кіреберісінің жанына құрбандық үстелін орнатқызды. Оның үстінде ол шалынған құрбандықтарды және астық тартуларын Жаратқан Иенің бұйырғанындай Оған арнап өртеп жіберді.
30 Мұнан кейін Мұса қазанды кездесу шатыры мен құрбандық үстелінің ортасына орналастыртып, тазару рәсімін орындау үшін ішіне су құйғызды.
31 Мұса мен Һарон және оның ұлдары содан су алып, қол-аяқтарын жуатын болды.
32 Олар кездесу шатырына кірген және құрбандық үстеліне жақындаған сайын Жаратқан Ие Мұсаға бұйырғандай осы тазару рәсімін орындап отырды.
33 Ең соңында Мұса киелі шатыр мен құрбандық үстелінің айналасындағы ауланы қоршатқызып, оның кіреберісіндегі пердені ілгізді. Осылай Мұса барлық жұмыстарды аяғына дейін жүзеге асырды.
34 Сонда кездесу шатырын (бағана тәрізді) бұлт басып, Жаратқан Иенің жер бетіндегі тұрағы Оның нұрлы салтанатына кенелді.
35 Мұса кездесу шатырына кіре алмады, себебі оны бұлт жауып, Жаратқан Иенің жер бетіндегі тұрағы Оның нұрлы салтанатына бөленді.
36 Бұлт тұрақтан жоғары қарай көтерілген кезде ғана Исраилдің үрім-бұтағы жолға жиналып, көштерін жалғастыратын.
37 Олар бұлт жоғары көтерілмейінше жолға шықпай, бұлттың көтерілуін күтетін.
38 Осылайша Жаратқан Иенің бағана тәрізді бұлты киелі шатыр үстінде күндіз тұрып, түнде бұлт ішінен от жанып, бәріне де көрінетін. Исраил халқы мұны көшіп-қонып жүрген уақытының бәрінде көріп отырды.