Мысырдан шығу

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40


Тарау 24

Кейін Жаратқан Ие Мұсаға былай деп те бұйырды: «Һаронды, (оның ұлдары) Надаб пен Әбиһуді және Исраилдің жетпіс рубасын ертіп тауға көтеріліп, Маған алысырақтан бас ұра тағзым етіңдер.
2 Тек сен ғана қасыма жақында, ал басқалар таяп келмесін! Халық саған еріп жоғары көтеріліп жүрмесін!»
3 Мұса қайтып келіп, халыққа Жаратқан Иенің күллі сөздері мен заңдарын жеткізгенде, бүкіл халық бірауыздан: «Жаратқан Иенің айтқандарының бәрін орындаймыз!» — деп жауап берді.
4 Сонда Мұса Жаратқан Иенің барлық сөздерін жазып қойды. Ертеңгісін ол ерте тұрып, таудың етегінде құрбандық орнын тұрғызып, Исраилдің он екі руының белгісі ретінде он екі тас бағананы орнатты.
5 Исраилдіктердің арасынан жас жігіттерді жіберіп, олар Жаратқан Иеге арнап бірнеше малдарды шалып, түгелдей өртеп ұсынды. Олар тағы бірсыпыра жас бұқаларды ризашылық құрбандығына шалды.
6 Мұса солардың қанының жартысын тостағандарға құйып, жартысын құрбандық орнының үстіне бүркіп шашты.
7 Содан кейін ол Келісім кітабын алып, халыққа дауыстап оқып берді. Олар: — Жаратқан Иенің айтқандарының бәрін орындап, мойынсұнатын боламыз, — деп жауап қайырды.
8 Содан Мұса қанды алып, оны халыққа бүркіп тұрып: — Бұл — Жаратқан Иенің осы айтылған сөздердің бәрі бойынша өздеріңмен жасаған Келісімін бекітетін қан, — деді.
9 Мұса мен Һарон, Надаб пен Әбиһу және Исраилдің жетпіс рубасысы жоғары көтеріліп,
10 Исраилдің сиынатын Құдайының аянын көрді. Оның табанының асты аспандай мөлдір, жарқылдаған саф көк асыл тас төселген алаңға ұқсады.
11 Құдай Исраилдің үрім-бұтағынан таңдаған басшыларына қарсы қол көтерген жоқ. Олар Құдайдың аянын көріп, Оның алдында тамақ ішті.
12 Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бұйырды: «Таудың басына көтеріліп, осы жерде бол. Мен саған халыққа үйрету үшін Өзім ережелерім мен өсиеттерімді жазған тас тақташаларды беремін».
13 Сонда Мұса көмекшісі Ешуамен бірге тауға көтерілді. Ал Мұсаның өзі ғана Құдай тауының басына шықты.
14 Ол рубасыларға: «Біз қайтып келгенше осы жерде қалыңдар. Һарон мен Һұр сендермен бірге болады. Мәселелері барлар соларға жүгінсін», — деген болатын.
15 Мұса көтеріліп бара жатқанда тауды (бағаналы) бұлт басып,
16 Жаратқан Иенің нұрлы салтанаты Синай тауына орнады. Бұлт тауды алты күн бойы жауып тұрды. Жетінші күні Жаратқан Ие бұлттың ортасынан Мұсаға тіл қатты.
17 Исраилдің үрім-бұтағының көздеріне Жаратқан Иенің нұрлы салтанаты таудың басында бәрін жалмап қоятын от іспетті көрінді.
18 Мұса бұлттың ортасына кіріп, таудың басына көтерілді. Қырық күн, қырық түн бойы ол сонда болды.