Мысырдан шығу

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40


Тарау 32

Ал Мұсаның таудың басынан ұзақ уақыт бойы төмен түспегенін көрген халық Һаронның қасына жиналып: — Кәне, бізге алдымызда жүріп отыратын тәңір мүсіндерін жасап беріңіз! Себебі бізді Мысыр жерінен бастап алып шыққан анау Мұса болса, оған не болғанын білмейміз, — деді.
2 Һарон оларға: — Ендеше әйелдерің мен ұл-қыздарыңның құлақтарындағы алтын сырғаларын шешіп алып, маған әкеліп беріңдер, — деп жауап қайырды.
3 Сонда бүкіл жұрт құлақтарынан алтын сырғаларын шешіп алып, Һаронға әкеліп берді.
4 Һарон сырғаларды қолдарынан қабыл алып, балқытып, құралмен қағып, жас бұқа мүсінін жасады. Сонда халық: — Әй, Исраил, сені Мысыр елінен бастап алып шыққан тәңірің — осы! — десті.
5 Мұны көрген Һарон мүсіннің қарсы алдынан құрбандық ұсынатын орын тұрғызып, қатты дауыстап: — Ертең Жаратқан Иеге арналған мейрам болады! — деп жариялады.
6 Олар келесі күні ерте тұрып, құрбандық шалып, өртеп жіберді. Содан соң басқа да мал алып келіп, ризашылық құрбандығы ретінде шалды. Халық жайғасып отырып, құрбандықтан ішіп-жеді; біраздан кейін олар азғын ойындар ойнау үшін орындарынан тұрды.
7 Сонда Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бұйырды: — Тезірек төмен түс! Сен Мысырдан бастап алып шыққан халқың азғындыққа салынды!
8 Олар Мен өздеріне өсиет еткен жолдан лезде тайып шығып, алтыннан құйылған жас бұқа мүсінін жасап алды. Соған иіліп құлшылық етіп, құрбандық шалып, «Әй, Исраил, сені Мысыр елінен бастап алып шыққан тәңірің — осы!» десті.
9 Жаратқан Ие Мұсаға тағы былай деді: — Мен бұл халықты назарымда ұстап келемін, оның тоң мойын қыңыр екеніне көзім жетті.
10 Енді Мені тоқтатуға тырыспа! Қаһарым лаулап, оларды құртып жібермекпін. Содан кейін өзіңнен үлкен бір халықты жаратамын.
11 Бірақ Мұса Құдай Иесіне жалбарынып былай деді: — Уа, Жаратқан Ие! Өзің Мысырдан ұлы күшпен, құдіретті қолыңмен бастап алып шыққан халқыңа қарсы неге қаһарың лаулайды?
12 Егер солай істесең, онда мысырлықтар: «Тәңір Ие оларды елімізден арам ниетпен, тауда қырып-жойып, жер бетінен жоқ қылу үшін алып шығыпты» деп жүрер. Қаһарыңды басып, халқыңа апат жіберемін деген райыңнан қайта гөр!
13 Қызметшілерің Ыбырайым, Ысқақ, Исраилді есіңе түсіре гөр. Оларға: «Сендердің ұрпақтарыңды аспандағы жұлдыздардай сансыз көбейтіп, Өзім беруге уәде еткен осы жерді сыйлаймын, олар соны мәңгі иемденетін болады» деп өз атыңмен ант берген едің ғой.
14 Сонда Жаратқан Ие халқына апат жіберемін деген ниетінен бас тартты.
15 Мұса екі тас тақташаны қолына ұстап, кері бұрылып, таудың басынан төмен түсіп кетті. Тақташалардың екі бетінде: алдыңғы және артқы жақтарында Келісімнің ережелері жазылған еді.
16 Тас тақташаларды жасау да, беттеріндегі сөздерді ойып жазу да Құдайдың ісі болатын.
17 (Мұсаны жарты жолда қарсы алған) Ешуа халықтың қатты дауыстаған у-шуын естіп: «Ел қонысындағы бұл шу соғыс кезінде шығатын айқай ғой!» — деді.
18 Ал Мұса: «Бұл жеңістің қуанышты үні емес, жеңілістің зарлайтын үні де емес. Қайта, мен айтылған ән-жырларды естіп тұрмын», — деп жауап қайырды.
19 Олар ел қонысына таяп, Мұса жас бұқа мүсінін әрі би билеген халықты көргенде қаһары лаулады. Содан ол тау етегінде тұрып, қолындағы тас тақташаларды жерге лақтырып жіберіп, быт-шытын шығарды.
20 Бұдан кейін исраилдіктердің жасап алған жас бұқа мүсінін алып, отқа салып құртты. Одан қалғанын ұнтақтап үгіп, суға араластырды да, соны халыққа ішкізді.
21 Һаронға қарап: — Осыншама зор күнәға батыратындай мына халық саған не істеді? — деген сұрақ қойды.
22 Һарон: — Қаһарыңызды лаулата көрмеңіз, мырзам. Бұл халықтың жамандыққа бейім екенін өзіңіз білесіз ғой.
23 Олар маған былай деді: «Бізге алдымызда жүріп отыратын Тәңір мүсінін жасап беріңіз! Себебі бізді Мысыр жерінен бастап алып шыққан анау Мұса болса, оған не болғанын білмейміз».
24 Мен оларға: «Кімнің алтын әшекейі болса, соларын шешіп алсын», — дедім. Олар маған алтындарын беріп, мен оны отқа салдым. Сонда одан әлгі жас бұқа шыға келді, — деп жауап берді.
25 Мұса халықтың жүгенсіз кетіп, Һаронның да олардың шектен шығуларына жол беріп, жауларына таба болғандарына көзі жетті.
26 Сондықтан ол ел қонысының кіреберіс қақпасы алдына шығып алып: — «Кім Жаратқан Иенің жағында болса, сол қасыма келсін!» — деп шақырды. Сонда оның қасына Леуі руының барлық ер адамдары жиналды.
27 Мұса оларға: — Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: әрқайсың семсерлеріңді белдеріңе байлап алып, қонысты бір қақпасынан екінші қақпасына дейін әрі-бері аралай жүре, (күнәға батқан) бауырларың, дос-жарандарың мен көршілеріңнің көзін құртыңдар! — деді.
28 Леуіліктер оның айтқандарын орындап, сол күні халықтың үш мыңдайы өлім құшты.
29 Содан кейін Мұса Леуі руының адамдарын тағы да жинап алып: — Бүгін сендер Жаратқан Иенің қызметіне толықтай бағышталып, тағайындалдыңдар. Себебі өз ұлдарың мен бауырларыңды аямай, (Оның еркін орындадыңдар). Содан Ол сендерге бүгін Өзінің жарылқауын төкті, — деді.
30 Келесі күні Мұса халыққа: — Сендер зор күнә жасадыңдар! Бірақ мен қазір қайтадан тау басына көтеріліп, Жаратқан Иенің алдына барамын. Мүмкін, сендердің жасаған күнәларың үшін Оның кешірімін ала алармын, — деді.
31 Сонымен Мұса Жаратқан Иенің алдына қайтып барып: — О, Ием, бұл халық зор күнәға батып, алтыннан тәңір мүсінін жасап алыпты.
32 Дегенмен олардың күнәсін кешіре гөр. Егер олай істемесең, онда (өз адамдарыңның есімдерін) жазып қойған кітабыңнан менің де есімімді сызып таста, — деп өтінді.
33 Ал Жаратқан Ие Мұсаға: — Бұл кітабымнан Менің алдымда күнә жасағандардың (есімдерін) сызып тастаймын.
34 Ал қазір бар да, халықты Мен айтқан жерге бастап алып бар. Міне, періштем алдыңда жүріп отырмақ. Менің соттайтын күнім жеткенде оларды бұл күнәлары үшін жазалайтын боламын, — деп жауап берді.
35 Кейінірек Жаратқан Ие халықты Һарон жасаған жас бұқа мүсініне табынғандарына бола індет жіберіп жазалады.