Мысырдан шығу

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40


Тарау 35

Мұса Исраилдің үрім-бұтағының бүкіл қауымын жинап алып, оларға былай деді: «Жаратқан Ие орындауға мынаны бұйырған:
2 алты күн жұмыс істеуге арналған. Ал жетінші күн сендер тынығып демалатын, Жаратқан Иеге бағышталған киелі күн болсын! Сол күні жұмыс істеген әркім өлтірілуге тиіс.
3 Барлық тұрған жерлеріңде демалыс күні тіпті от та жақпаңдар!»
4 Мұса жиналған бүкіл Исраил қауымына сөзін жалғап былай деді: «Жаратқан Ие сендерге мынаны тапсырды:
5 Қолдарыңда барларыңнан Жаратқан Иеге арнап тарту беріңдер. Оған шын жүректен сый-тарту ұсынғысы келетіндер мыналарды алып келсін: алтын, күміс және қола,
6 қою күлгін, күрең қызыл, ал қызыл жүн әрі жіңішке иірілген зығыр жіптер, ешкінің түбітін,
7 қызыл түске боялған қошқар терілерін, борсық терілерін, аққараған ағашын,
8 майшамға арналған зәйтүн майын, жағу рәсіміне арналған майға қосылатын немесе түтетілетін хош иісті заттар,
9 сондай-ақ бас діни қызметкердің арнайы киіміне және кеуде қалтасына тағылатын оникс пен басқа да асыл тастар.
10 Араларыңдағы шебер атаулының барлығы келіп, Жаратқан Иенің тапсырғандарының бәрін де жасап дайындасын:
11 Оның жер бетіндегі тұрағы — киелі шатырды, соның төбесіндегі жапқышын, ілгектері мен ілмек шығыршықтарын, бөренелерін, сырықтарын, бағаналары мен тағандарын;
12 сондай-ақ, Келісім сандығы мен екі жағындағы сырықтарын, бетіндегі қақпағын және оны көзден тасалап тұрған шымылдықты;
13 (нан тартулары қойылатын) үстел мен сырықтарын, соған қажетті ыдыстарын және ұсынылатын нан тартуларын;
14 жарық түсіретін (жеті шырақты) шам қойғышты, қосымша құрал-саймандарын, шамдарын және жағуға қажетті майды;
15 түтету үстелі мен сырықтарын, жағу рәсіміне арналған майды, түтетілетін хош иісті заттарды; киелі шатырдың кіреберісіндегі шымылдықты,
16 шалынған құрбандықтар өртеліп ұсынылатын үстелді, оның қола торын, сырықтары мен қажетті құрал-саймандарын; (тазару рәсіміне арналған) қола қазан мен тұғырын;
17 ауланы қоршайтын бағаналарды тағандары, перделерімен қоса, сондай-ақ ауланың кіреберісінің перделерін,
18 шатырдың және ауланың қазықтары мен арқандарын,
19 қасиетті орында қызмет атқарғандардың әдемі тоқылған киімдерін және діни қызметкер Һарон мен оның ұлдарының арнайы киімдерін дайындасын».
20 Мұса осыларды айтып болған соң, Исраил үрім-бұтағының жиналған бүкіл жамағаты оның қасынан тарап кетті.
21 Мұнан кейін шын жүректен, өз еркімен Жаратқан Иеге арнап сый-тартулар бергілері келген барлығы да соларын алып келді. Осылай олар Жаратқан Иемен кездесетін киелі шатырды тұрғызып, ондағы қызметтерге қажетті бұйымдар мен арнайы киімдерді жасауға керекті заттарды әкелді.
22 Осыған ерік білдіргендердің бәрі де, еркек болсын, әйел болсын келді. Олар түрлі-түрлі алтын әшекейлерін: білезік, сырға-жүзік, алқаларын әкеліп, Жаратқан Иеге бағыштап ұсынды.
23 Қою күлгін, күрең қызыл, ал қызыл жүн және жіңішке зығыр жіптері мен ешкінің түбіті, қызыл түске боялған қошқар терісі әрі борсықтың терісі барлары да соларын әкеліп берді.
24 Күміс пен қоладан тарту әкелгендер де оларын Жаратқан Иеге арнады. Кімде аққараған ағашы бар болса, сол да ағашын киелі шатыр үшін қолдануға ұсынды.
25 Жіп иіре алатын шебер әйелдер қою күлгін, күрең қызыл, ал қызыл жүн не жіңішке зығыр жіптерді өз қолдарымен иіріп әкелді.
26 Түбіт иіре алатын барлық қабілетті әйелдер түбіт иірді.
27 Рубасылары оникс және басқа да асыл тастарды Һаронның арнайы сырт киімі мен кеуде қалтасы үшін алып келді.
28 Олар, сондай-ақ, май шамдарға, жағу рәсіміне және түтетілуге арнап зәйтүн майы мен хош иісті заттарды да ұсынды.
29 Исраилдің барлық әйелдері мен ер адамдары Жаратқан Иенің Мұса арқылы істеуге тапсырған күллі жұмыстары үшін өз жүрек қалауларымен Жаратқан Иеге арнап ерікті сый-тартуларын алып келді.
30 Содан Мұса Исраилдің үрім-бұтағына былай деді: «Біліп алыңдар: Жаратқан Ие Яһуда руынан шыққан Ұри ұлы Һұр немересі Беселиелді арнайы таңдап алды.
31 Оны Құдайдың Рухына кенелтіп, оған ақыл-парасат пен қабілет дарытып, барлық өнерден хабардар етіп қойды.
32 Ол Беселиелге алтын, күміс, қола бұйымдарға керемет көркем өрнектер жасауға,
33 асыл тастарды қашап өңдеп, жиектемеге қондыруға, ағаш кесіп, оюлап әшекейлеуге және кез келген көркем өнер жұмыстарын істеуге қабілет берді.
34 Мұның үстіне Жаратқан Ие Беселиелге және Дан руынан шыққан Ахисамах ұлы Аһолияпқа басқаларға тәлім беру дарынын да сыйлады.
35 Тәңір Ие сол екеуін қандай да болсын жұмысты істей алатын қабілетке кенелтті. Сондықтан олар зергерлер, жобалар ойлап шығаратын көркемдеушілер, шебер тоқымашылар ретінде, не болмаса қою күлгін, күрең қызыл, ал қызыл жүн және жіңішке зығыр жіптермен кестелеп тоқушылар ретінде әр қилы бұйымдарды әсем тоқып, күрделі жобаларды ойлап шығарып, жүзеге асыра алады.