Мысырдан шығу

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40


Тарау 36

Ендеше Беселиел мен Аһолияп та, Жаратқан Ие киелі шатырды дайындап, тұрғызып, жабдықтаудың бүкіл жұмысын іске асыруға ақыл-парасат пен қабілет дарытқан барлық басқа шеберлер де Оның тапсырғандарын түгелдей жасап шығарсын».
2 Осылайша Мұса Беселиел мен Аһолияпты да, Жаратқан Ие ақыл-парасат пен шеберлік дарытқан, шын жүректен келіп, жұмыс істеуге тілек білдірген тағы басқалардың барлығын да жұмыстарына кірісуге шақырды.
3 Олар Исраил халқы киелі шатырды тұрғызуға арнап әкелген сый-тартуларының барлығын Мұсадан қабылдап алды. Бұдан кейін де халық күн сайын ертеңмен Мұсаға өз еріктерімен сый-тартулар әкеліп жатты.
4 Сонда киелі шатырды дайындап жатқан шеберлер жұмыстарын тастап, Мұсаның алдына барып:
5 «Халық Жаратқан Ие тапсырған іске қажетті заттарды мөлшерден тыс әкеліп жатыр», — деп баяндады.
6 Содан Мұса жарлық шығарып, оны ел қонысына таратқызды: «Бұдан былай бірде-бір еркек не әйел киелі шатырға арнап заттар дайындап жасамасын!» Сонда исраилдіктер сый-тарту әкелулерін тоқтатты.
7 Өйткені олардың осыған дейін әкелгендері барлық жұмыстарды атқаруға жетіп, тіпті қажетті мөлшерден артылып жатты.
8 Сонымен күллі дарынды шеберлер бірігіп жұмыс істеп, киелі шатырды құруға қажетті заттарды жасап дайындады. Олар жіңішке зығыр және қою күлгін, күрең қызыл, ал қызыл түсті жүн жіптерден шатырдың он жабынын тоқыды. Солардың бетіне керубтердің бейнелері шеберлікпен кестеленді.
9 Барлық жабындардың көлемі бірдей еді: ұзындығы жиырма сегіз, ені төрт шынтақ.
10 Шеберлер Беселиелдің басшылығымен жабындарды бес-бестен қатарластыра біріктіріп тігіп шықты.
11 Осылай біріктірілген екі жапқышты бір-біріне қосу үшін олар әрқайсысының бір жақ шетіне қою күлгін жіптен баулық сияқты елу ілгектен дайындап бекітті.
12 Мұнан кейін шеберлер екі жапқыштың жиегіндегі елу-елуден жасалған ілгектерді бірдей қашықтықта бір-біріне тұспа-тұс келтірді.
13 Алтыннан елу ілмек шығыршық жасалып, солармен жапқыштың екі жартысы біріктірілді. Осылайша киелі шатыр біртұтас жапқышпен жабылатын болды.
14 Шатыр төбесін жабу үшін түбіттен тағы он бір жабын тоқылды.
15 Барлық он бір жабынның көлемі бірдей еді: ұзындығы отыз, ені төрт шынтақ.
16 Шеберлер бес жабынды бір бөлек, келесі алты жабынды бір бөлек қатарластыра біріктіріп тікті.
17 Осылай біріктірілген екі жапқышты бір-біріне қосу үшін әрқайсысының бір жақ шетіне баулық сияқты елу ілгектен дайындалып бекітілді.
18 Қоладан елу ілмек шығыршық жасалды. Ілгектер солармен бекітіліп, шатырдың төбесі осы біртұтас жапқышпен жабылатын болды.
19 Содан кейін шеберлер киелі шатырды жабу үшін қызыл түске боялған қошқар терілерінен де бір жапқыш қапты және оның үстінен жабуға борсық терілерінен тағы бір жабынды біріктіріп тікті.
20 Шатырдың қабырғалары үшін аққараған ағашынан тік тұрғызылатын қырлы бөренелер дайындалды.
21 Әр бөрененің ұзындығы он, ені бір жарым шынтақ болды.
22 Әрқайсысының табанында қатар тұрған екі шошақ тығыннан бар еді. Беселиел күллі бөренелерді осылай жасатты.
23 Шатырдың оңтүстік пен солтүстік бүйір қабырғалары үшін жиырма бөренеден және олардың табандары болатын қырық күміс тағаннан жасалды: әр бөрененің екі шошақ тығыны үшін қос тағаннан дайындалды.
27 Ал шатырдың батысқа қараған артқы қабырғасы үшін алты бөрене
28 және оның бұрыштары үшін тағы екі бөренеден жасалды.
29 Сол бұрыштардағы бөренелер төменнен жоғарыға дейін жұпталып, бір шығыршығы бар жоғарғы жақта біріктірілді. Беселиел екі бұрыш үшін де осылай істетті.
30 Сонымен барлығы сегіз бөрене болды. Оларға арнап әрбіреуіне екі-екіден он алты күміс таған дайындалды.
31 Беселиел аққараған ағашынан киелі шатырдың оңтүстік, солтүстік және батыс қабырғалары үшін көлденең бес сырықтан жасатты.
33 Ал ортаңғы сырықтар бөренелердің ортасынан өтіп, қабырғаның бір басынан келесі басына дейін жететін болды.
34 Бөренелер, сырықтар және бұларды өткізетін шығыршықтар алтынмен қапталды.
35 Қою күлгін, күрең қызыл, ал қызыл жүн және жіңішке зығыр жіптерден шымылдық тоқылып, бетіне керуб деген күзетші періштелердің бейнелері кестеленді.
36 Шеберлер аққарағаннан төрт бағана дайындап, алтынмен қаптап, оларға алтын ілгіштер орнатты. Бағаналар үшін төрт күміс таған құйып жасады.
37 Киелі шатырдың кіреберісіне де арнап қою күлгін, күрең қызыл, ал қызыл жүн және жіңішке зығыр жіптерден шымылдық тоқылды.
38 Оны іліп қою үшін ілгіштері бар бес бағана жасалды. Бағаналардың үстіңгі иықтарын және шымылдық ілінетін сырықтар алтынмен қапталды. Бағаналарға арнап қоладан бес таған құйылып дайындалды.