Мысырдан шығу

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40


Тарау 17

Осыдан кейін Исраил үрім-бұтағының қауымы Син атты елсіз даладан шығып, Жаратқан Иенің бұйрығымен көштерін әрі қарай жалғастырды. Олар Рефідимге жайғасты, бірақ ол жерде ауыз суы болмады.
2 Халық Мұсаға ұрсып: — Бізге су тауып беріңдер! — деп талап етті. Мұса оларға: — Сендер неге маған ұрсасыңдар? Жаратқан Иеге сенбеушілік танытып, Оны еркінсіп сынамақсыңдар ма? — деп жауап берді.
3 Алайда халық шөлдегендіктен Мұсаға қарсы наразылық білдіруін қоймай: — Бізді Мысырдан неге алып шықтың? Өзімізді, балаларымызды, мал-жандарымызды шөлден қатыру үшін бе? — деп шағымданды.
4 Мұса Жаратқан Иеге қатты дауыстап сиынып: — Мына халықты не істесем екен? Олар мені таспен атқылап өлтірудің аз-ақ алдында тұр, — деді.
5 Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып: — Өзіңе Исраилдің рубасыларының бірнешеуін ертіп алып, жұртты бастап, Нілдің суын сабаған таяғыңды қолыңа ұстай жүр.
6 Мен Хориб тауындағы анау жартастың басында сенің қасыңда тұрамын. Жартасты таяғыңмен соққанда ішінен халық ішетін су шықпақ, — деді. Мұса Исраил халқының рубасыларының көзінше солай істегенде су аға жөнелді.
7 Кейін Мұса бұл жерді Маса («Еркінсіп сынау») және Меріба («Ұрсу») деп атады. Өйткені исраилдіктер сонда оған ұрсып, «Жаратқан Ие арамызда жүр ме, жоқ па» деп Тәңір Иені еркінсіп сынаған еді.
8 Сол кезде исраилдіктермен Рефідимде соғыспақ болып, амалектіктер таяп келіп қалған еді.
9 Мұса (көмекшісі) Ешуаға: — Жігіттерді таңдап алып, амалектіктермен шайқасуға аттан! Ертең мен Құдайдың таяғын қолыма алып, төбе басында тұрмақпын, — деп бұйырды.
10 Ешуа Мұсаның айтқандарын орындап, Амалек жасағына қарсы ұрысқа аттанып кетті, ал Мұса, Һарон және Һұр төбе басына шықты.
11 Мұса қолын аспанға қарай көтерген кезде Исраил жеңіп, ал қолын төмен түсіргенде Амалек басым түсіп жатты.
12 Бірақ Мұсаның қолдары талып қалды. Сонда Һарон мен Һұр үлкен тас алып келіп, соған Мұсаны отырғызды. Өздері біреуі оң жағында, екіншісі сол жағында тұрып, күн батқанша оның қолдарын сүйемелдеумен болды.
13 Осылайша Ешуа бастаған сарбаздар өткір жүзді семсерлерімен Амалек жасағын күйретті.
14 Содан кейін Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бұйырды: «Мынаны естелік үшін кітапқа жазып қой да, Ешуаның құлағына құя бер: Мен аспан астынан Амалектің атын біржола өшіріп тастаймын!»
15 Мұса сол жерде құрбандық ұсынатын орын салып, оны «Біздің туымыз — Жаратқан Ие» деп атады.
16 «Жаратқан Иенің тағына қарай қолдарымыз созылған еді. Оның Амалекке қарсы жүргізетін соғысы ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын болады», — деді.