Мысырдан шығу

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40


Тарау 4

Сонда Мұса: — Ал егер исраилдіктер маған сенбей, айтқаныма құлақ аспастан: «Жаратқан Ие саған аян берген емес» десе, қайтемін? — деп жауап қайырды.
2 Жаратқан Ие оған: — Қолыңдағың не? — деді. — Таяғым. — Жаратқан Ие:
3 — Оны жерге лақтыр! — деді. Мұса (мал баққанда қолына ұстап жүретін) таяғын жерге лақтырып жібергенде, ол жыланға айналды. Мұса одан қаша жөнелді.
4 Ал Жаратқан Ие Мұсаға: — Қолыңды созып, оны құйрығынан ұстап ал! — деп бұйырды. Мұса жыланды ұстап алғанда, ол қолында қайтадан таяққа айналды.
5 Жаратқан Ие: — Осы құдіретті істі исраилдіктерге көрсет. Ол халқыңның ата-бабалары Ыбырайым, Ысқақ, Жақыптың сиынған Құдайы — Жаратқан Ие Өзім болып, мұнда саған аян бергендігіме солардың көздерін жеткізбек, — деді.
6 Содан кейін Жаратқан Ие оған: — Қолыңды қойныңа тық! — деп бұйырды. Мұса солай істеді де. Қолын суырып алғанда, қолы алапестен қар іспетті ағарып кетіпті.
7 Жаратқан Ие: — Қолыңды қайтадан тық! — деді. Мұса солай істеп, қолын қайта суырып алғанда, ол басқа дене мүшелері сияқты бұрынғы сап-сау қалпына келіпті.
8 — Егер исраилдіктер саған да, көрсеткен алғашқы құдіретті ісіңе де сенбесе, онда осы екіншісі олардың көздерін жеткізбек.
9 Ал егер олар осы екі кереметке де сенбей, айтқандарыңа құлақ аспай қойса, онда Ніл өзенінен су алып, құрғақ жерге төк. Сол су құрғақ жерде қанға айналады. —
10 Бірақ Мұса Жаратқан Иеге: — Уа, Ием! Мен бұрыннан бері де, Сен құлыңмен тілдесіп тұрған қазір де сөзге шешен адам емеспін. Аузым шабан, тілім жүйрік емес, — деп уайымын білдірді.
11 Ал Жаратқан Ие: — Адамға тілді бітірген кім? Оны мылқау не саңырау, көретін не соқыр ете алатын кім? Соны істей алатын Жаратқан Ие, Өзім, емеспін бе?
12 Енді бар! Мен саған жар болып, айтатын сөздеріңді үйретемін, — деп бұйырды.
13 Мұса: — Уа, Ием! Кез келген басқа біреуді жібере көрші, — деп жалынды.
14 Сонда Жаратқан Ие оған ашуланып, былай деп сөзін тамамдады: — Сенің леуілік Һарон атты ағаң бар емес пе? Оның сөзге шешен екенін білемін. Ол қазір-ақ сені қарсы алуға келе жатыр, өзіңді көргеніне шын жүректен қуанбақ.
15 Онымен сөйлесіп, айтатын сөздерін аузына салуың керек. Мен саған да, оған да жар болып, сөздерімді айтқызып, не істеулерің керек екенін Өзім үйретемін.
16 Сонда Һарон халыққа сенің атыңнан сөйлемек. Ол сенің аузың, ал сен ол үшін Құдай (іспетті жетекші) боласың.
17 Мына таяқ қолыңда жүрсін, сонымен Мен тапсырған құдіретті істерді көрсетпексің.
18 Мұса айдаладан қайын атасы Етордың қасына оралып: — Мысырдағы туысқандарыма барып, амандығын білейін деп едім, — деді. Етор: — Ендеше бар, жолың болсын, — деп келісті.
19 Жаратқан Ие Мұсаға Мадиян елінде: «Мысырға қайтып бар, көзіңді құртпақ болғандардың бәрі өлді», — деп те тапсырған еді.
20 Содан Мұса әйелі мен ұлдарын есекке отырғызып, Мысыр еліне қарай сапарға шықты. Өзі Құдай бұйырған таяқты қолына ала жүрді.
21 Жаратқан Ие Мұсаға мына тапсырманы да берді: — Мысырға қайтып барған соң, Мен өзіңе тапсырған кереметтердің бәрін перғауынның алдында көрсететін бол. Бірақ Мен оның жүрегін қасарыстырып қоямын, сондықтан ол халықтың кетуіне рұқсат етпейтін болады.
22 Бұлардан кейін перғауынға былай де: «Жаратқан Ие мынаны айтады: Исраил Менің ұлым — тұңғышым іспетті.
23 Саған бұйырған болатынмын: Ұлымды жібер, Өзіме қызмет етсін! Ал сен оны жіберуден бас тартып тұрсың. Ендеше Мен сенің ұлың — тұңғышыңды өлтіремін!»
24 Жолшыбай түнемелде Мұсаға Жаратқан Ие қарсы кездесіп, оның көзін құртпақ болды.
25 Бірақ әйелі Сипора тас пышақты ала сала, ұлын сүндеттеп жіберіп, тәнінен кесіп алғанын Мұсаның аяғына тигізді де: «Сен төгілген қанмен құтқарылған күйеуімсің», — деді.
26 Сонда Жаратқан Ие оны аман қалдырды. Ал Сипора Мұсаны «төгілген қанмен құтқарылған күйеуімсің» деп сүндет рәсіміне байланысты айтты.
27 Жаратқан Ие Һаронға: «Айдалаға барып, Мұсаны қарсы ал», — деген болатын. Һарон жолға шығып, Мұсамен Құдайдың тауының маңында кездесіп, құшақтап бетінен сүйді.
28 Мұса өзін жіберген Жаратқан Иенің күллі сөздерін де, Оның көрсетуге бұйырған бүкіл құдіретті істері туралы да Һаронға айтып берді.
29 Мұса мен Һарон Мысыр еліне барып, Исраилдің барлық рубасыларын жинап алды.
30 Һарон Жаратқан Иенің Мұсаға айтқан сөздерін түгелдей баяндап, тапсырған құдіретті істерін халықтың көз алдында көрсетті.
31 Сонда халық Құдайдың Мұса мен Һаронды жібергендігіне сенді. Олар Жаратқан Иенің өздерін назарында ұстап келгенін, азапты өмірлерін көріп тұрғанын естігенде Оған бас иіп тағзым етті.