Мысырдан шығу
Тарау 26
Киелі шатыр үшін он жабын жасат. Олар жіңішке зығыр және қою күлгін, күрең қызыл, ал қызыл түсті жүн жіптерден тоқылып, бетіне керубтердің бейнелері шебер кестеленсін.
2 Барлық жабындардың көлемі бірдей болсын: ұзындығы жиырма сегіз, ені төрт шынтақтан.
3 Жабындарды бес-бестен қатарластыра біріктіріп тіккіз.
4 Осылай біріктірілген екі жапқышты бір-біріне қосу үшін әрқайсысының бір жақ шетіне қою күлгін жіптен баулық сияқты елу ілгек дайындатып бекіттір. Екі жапқыштың жиегіндегі елу-елуден жасалған ілгектер бірдей қашықтықта бір-біріне тұспа-тұс келсін.
6 Алтыннан елу ілмек шығыршық жасатып, солармен жапқыштың екі жартысын біріктірт. Осылайша киелі шатыр біртұтас жапқышпен жабылатын болады.
7 Шатыр төбесін жабу үшін түбіттен тағы он бір жабын тоқыт.
8 Барлық он бір жабынның көлемі бірдей болсын: ұзындығы отыз, ені төрт шынтақтан.
9 Бес жабынды бір бөлек, келесі алты жабынды бір бөлек қатарластыра біріктіріп тіккіз. Ал алтыншы жабынды шатырдың алдыңғы жағынан екі қабаттап бүктеп қойғыз.
10 Осылай біріктірілген екі жапқышты бір-біріне қосу үшін бір жақ шетіне баулық сияқты елу ілгектен дайындатып бекіттір.
11 Қоладан елу ілмек шығыршық жасатып, ілгектерді солармен бекітіп, шатырдың төбесін осы біртұтас жапқышпен жапқыз.
12 Жабынның шатырдың төбесін жапқаннан артылып қалған бөлігі шатырдың артқы жағынан салбырап төмен түсіп тұрсын.
13 Ал жабындардың ұзындығынан артылып қалғаны шатырдың екі жанынан бір шынтақ бойы төмен салбырап жауып тұрсын.
14 Қызыл түске боялған қошқар терілерінен де шатырға арнап жапқыш қап жасат. Оның үстінен жабуға борсық терілерінен тағы бір жабын дайындат.
15 Шатыр үшін аққарағаннан қырлы бөренелер жасат, олар қабырғалары ретінде тік тұрмақ.
16 Бөренелердің ұзындығы он, ені бір жарым шынтақтан болсын.
17 Әрқайсысының табанында қатар тұрған екі төлкеден болсын. Күллі бөренелерді осылай жасат.
18 Шатырдың оңтүстік пен солтүстік бүйір қабырғалары үшін жиырма бөренеден және олардың табандары болатын қырық күміс тағаннан жасат: әр бөрененің екі шошақ тығыны үшін екі тағаннан дайындалсын.
22 Ал шатырдың батысқа қараған артқы қабырғасы үшін алты бөрене
23 және оның бұрыштары үшін тағы екі бөренеден жасат.
24 Сол бұрыштардағы бөренелер төменнен жоғарыға дейін жұпталып, бір шығыршығы бар жоғарғы жақта біріктірілсін.
25 Сонымен барлығы сегіз бөрене болады. Оларға арнап әрбіреуіне екі-екіден он алты күміс таған дайындат.
26 Киелі шатырдың оңтүстік, солтүстік және батыс қабырғалары үшін аққарағаннан көлденең бес сырықтан жасат.
28 Ал ортаңғы сырықтар бөренелердің ортасынан өтіп, қабырғаның бір басынан келесі басына дейін жететін болсын.
29 Бөренелерді, сырықтарды және бұларды өткізетін шығыршықтарды алтынмен қаптат.
30 Киелі шатырды өзіңе осы тау басында көрсетілген үлгіге сай дайындап тұрғыз!
31 Қою күлгін, күрең қызыл, ал қызыл жүн және жіңішке иірілген зығыр жіптерден (ішкі) шымылдық тоқытып, бетіне керубтердің бейнелерін шебер кестелет.
32 Аққарағаннан төрт бағана жасалып, алтынмен қапталып, оларға алтын ілгіштер орнатылсын. Бағаналар төрт күміс тағанға бекітіліп тұрғызылсын. Шымылдықты бағаналардағы алтын ілгіштерге ілгізіп қой.
33 Шымылдық ілінген соң оның ішкі жағына Келісім сандығы кіргізіліп қойылсын. Осылай шымылдық сендер үшін қасиетті бөлмені ең қасиетті бөлмеден ажыратып бөліп тұратын болады.
34 Мұнан кейін сол ең қасиетті бөлмеде Келісім сандығының бетіне қақпағын қойғыз.
35 Шымылдықтың сырт жағына (яғни қасиетті бөлмеге) үстелді, оған қарама-қарсы, киелі шатырдың оңтүстігіне қаратып, шам қойғышты орналастырт. Ал үстел солтүстік жақта тұрсын.
36 Киелі шатырдың кіреберісіне арнап қою күлгін, күрең қызыл, ал қызыл жүн және жіңішке иірілген зығыр жіптерден шымылдық тоқыт.
37 Оны іліп қою үшін аққарағаннан бес бағана жасатып, алтынмен қаптатып, оларға алтын ілгіштер орнатқыз. Бағаналарға арнап қоладан бес таған құйдыр.