Мысырдан шығу
Тарау 22
Біреу мүйізді ірі қара не ұсақ мал ұрлап, сойып алса немесе сатып жіберсе, ол айып ретінде бір ірі қара үшін бесеуін, бір ұсақ мал үшін төртеуін төлесін.
2 Біреу түнде бұзып кіріп жатқан ұрыға тап болып, оны ұрып өлтірсе, төгілген қан оның мойнына жүктелмейді.
3 Ал егер оқиға жарықта болған болса, онда төгілген қан оның мойнында. Ұры ұрлаған заттардың орнын толтырсын. Егер ештеңесі болмаса, онда соларды төлеу үшін өзі басыбайлы қызметшілікке сатылсын.
4 Егер ұрланған малдар, не мүйізді ірі қара, не есек, не қой-ешкі болсын, оның қолынан тірідей табылса, онда ол ұрлағандарын екі есе етіп қайтарып берсін.
5 Біреу егістігінде не жүзімдігінде малдарын бағып, олардың басқа біреудің егістігінде емін-еркін жайылуына жол берсе, онда ол өз егістігінің не жүзімдігінің өнімінің ең жақсысынан айып төлесін.
6 Егер өрт тұрып, тікенді бұталарды қамтып, жиналған астық бауларын, пісіп тұрған егінді, я болмаса бүкіл егістікті өртеп жіберсе, онда сол өртті шығарған адам шығынның орнын толтыруға тиіс.
7 Біреу жақынына ақшасын не дүниесін сақтап қоюға аманаттап, олар соның үйінен ұрланып, ұры қолға түссе, ол ұрлағандарын екі есе етіп қайтарсын.
8 Ал ұры табылмаса, үй иесі Құдай (тағайындаған төрешілердің) алдына барып, оның өз жақынының меншігіне қол сұқпағандығы айқындалсын.
9 Кез келген даулы мал-дүние туралы, мүйізді ірі қара, есек, қой-ешкі, киім-кешек не басқа да жоғалған меншік жайында біреу: «Жоғалтқаным осы!» — десе, екі жақ та мәселені төрешілердің алдына алып барсын. Олар Құдай алдында кімді кінәлі деп тапса, сол жақынына екі есе етіп қайтарсын.
10 Біреу жақынына есегін, мүйізді ірі қарасын, қой-ешкісін не басқа бір малын баға тұруға беріп, сол өліп немесе жарақаттанып қалса, яки біреу айдап кетіп, бұл жайтты ешкім көрмеген болса,
11 онда малды бағуға алып қалған «жақынымның меншігіне қол сұқпадым» деп Жаратқан Иенің алдында ант берсін. Екеуінің арасындағы даулы мәселе осылай шешілсін. Мал иесі мұны қабылдап, анау ештеңе төлемесін.
12 Алайда мал қорадан ұрланса, иесіне құны төленсін.
13 Егер жыртқыш аң-құсқа таланса, онда бағушы өлімтігін дәлел ретінде көрсетіп, ол үшін ештеңе төлемейді.
14 Біреу жақынының малын пайдалана тұруға сұрап алып, иесі жоқ кезде мал жарақаттанып не өліп қалса, оны алған адам құнын төлесін.
15 Бұл жағдай мал иесінің көз алдында болса, онда малдың құны төленбейді. Ал егер мал пайдалана тұруға жалға алынса, онда жалдама ақысы төленген шығынның орнын толтырады.
16 Біреу ешкімге айттырылмаған пәк қызды еліктіріп, онымен жақындасса, сол қалыңмалын төлеп, қызға үйленсін.
17 Ал әкесі оған қызын ұзатуға келіспесе, онда айыпкер қалыңмал мөлшерінде күміс ақша төлесін.
18 Сиқыршыларды тірі қалдырмаңдар!
19 Малмен жақындасатын әркім өлтірілсін!
20 Жалғыз Жаратқан Иеден басқа тәңірлерге құрбандық шалған әркім түп-тамырымен құртылсын!
21 Жат жұрттық келімсектерге қысым көрсетіп, зорлық-зомбылық жасамаңдар! Өздерің де Мысырда жат жұрттық болып тұрдыңдар ғой.
22 Жесірлер мен жетімдерге жәбір көрсетпеңдер!
23 Егер олар сендерден жәбір көргендіктен Маған жалбарынып сиынса, Мен (Жаратқан Ие) олардың зарларына құлақ салып,
24 қаһарыма мініп, сендерді семсермен өлтіртемін. Сонда өз әйелдерің жесір, балаларың жетім қалады.
25 Араларыңдағы халқымның мұқтаждықтағы біреуіне қарызға ақша берсең, пайдакүнем болып, бергенің үшін өсім ақша талап етпе!
26 Егер қарыздар жақыныңның шапанын кепілдікке алсаң, оны күн бата қайтарып беріп отыр.
27 Шапаны оның үстін жабатын жалғыз жамылғысы болғанда, сол бейшара не жамылып ұйықтамақ? Ол Маған жалбарынып сиынса, Мен оның зарына құлақ саламын, себебі Мен қайырымдымын.
28 Сонымен Құдайды қорлама! Халқыңның басшысына балағат сөз айтпа!
29 Қамбаларың мен күбілеріңе жинаған өнімдеріңнің алғашқыларын Маған ұсынуға сараң болмаңдар. Тұңғыш ұлдарыңды Маған бағыштаңдар!
30 Мүйізді ірі қара не ұсақ малдарыңның тұңғыш төлдерімен де солай істеңдер! Олар жеті күн бойы енелерінің бауырында болсын, ал сегізінші күні оларды Маған құрбандыққа шалыңдар.
31 Сонда сендер Маған бағышталған қасиетті боласыңдар. Далада таланған хайуанның етін жемей, итке тастаңдар!