Шежірелер 2-ж

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36


Тарау 36

Яһуда елінің халқы Жосияның ұлы Жоғахазды әкесінің орнына Иерусалимде патша етіп тағайындады.
2 Жоғахаз патша болған кезде жасы жиырма үште еді. Ол Иерусалимде үш ай билік жүргізді.
3 Мысыр патшасы перғауын оны патшалық биліктен айырып, Яһуда еліне жүз ат басындай күміс, бір ат басындай алтын мөлшерінде алым-салық салды.
4 Сонымен қатар перғауын Жоғахаздың орнына оның бір туған бауыры Елиәкімді патша етіп, атын Жохақым деп өзгертті. Ал Жоғахазды Нехо перғауын Мысырға алып кетті.
5 Жохақым патша болған кезде жасы жиырма бесте еді. Ол Иерусалимде он бір жыл билік жүргізді. Жохақым Құдай Иеге жек көрінішті істер істеді.
6 Бірде Бабыл патшасы Набуходоносор Жохақымға қарсы аттанып, оны қола шынжырлармен кісендеп, Бабылға айдап алып кетті.
7 Оның үстіне Набуходоносор Жаратқан Иенің киелі үйінен бірнеше арнайы бұйымдарды еліне алып кеті. Оларды өзінің ғибадатханасында сақтап қойды.
8 Жохақымның қалған істері, оның жексұрын күнәлары және ол туралы табылған куәліктер «Солтүстік Исраил мен Яһуда патшаларының кітабында» баяндалған. Оның ұлы Ехониях орнын басып патша болды.
9 Ехониях патша болған кезде жасы он сегізде еді. Ол Иерусалимде үш ай он күн билік жүргізді. Ехониях Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеді.
10 Жыл басы — көктемде Бабыл патшасы Набуходоносор жауынгерлерін жіберіп, Ехониях патшаны Бабылға алдыртты. Әскер Ехонияхпен бірге Жаратқан Иенің киелі үйіндегі бағалы бұйымдарды да ала кетті. Бабыл патшасы Ехонияхтың орнына немере ағасы Седекияхты Яһуда мен Иерусалимнің үстінен патша етіп қойды.
11 Седекиях патша болған кезде жасы жиырма бірде еді. Ол Иерусалимде он бір жыл билік жүргізді.
12 Седекиях Құдай Иесін жек көрінішті істер істеді. Патша тіпті Жаратқан Иенің оған Еремия пайғамбар арқылы жеткізген сөздеріне де бағынбады.
13 Седекиях Набуходоносор патшаға адал болуға Құдайдың атымен ант берген болса да, оған қарсы көтерілді. Тоңмойын қыңыр болып, жүрегін қасарыстырған Седекиях Исраилдің сиынған Құдайы Жаратқан Иеге бет бұрудан бас тартты.
14 Оның үстіне діни қызметкерлердің күллі басшылары мен халық та барған сайын Хақ Тағалаға опасыздық жасап, басқа ұлттардың барлық жексұрын дәстүрлеріне еліктеді. Олар тіпті Жаратқан Иенің Иерусалимдегі Өзіне бағыштаған киелі үйін арамдауға дейін барды!
15 Ата-бабалары сиынған Құдайы Жаратқан Ие Өзінің таңдап алған халқына және жер бетіндегі тұрағына жаны ашып, қайта-қайта хабаршыларын жіберіп, оларға ескертіп келген еді.
16 Алайда олар Құдайдың хабаршыларын мазақ қылып, сөздеріне күліп, пайғамбарларын келекелей берді. Ақыр соңында Жаратқан Ие өз халқына әбден қаһарланды. Оларды енді аман қалдырудың ешбір шарасы қалмады.
17 Содан Құдай Өзінің таңдаған халқына қарсы Бабылдың халдей патшасын аттандырды. Сол патша семсерінің жүзімен елдің таңдаулыларын киелі үйдің өзінде өлтіріп, жас-кәрі демей, еркек болсын, әйел болсын, ешкімді аямай, халықтың көбін қырып тастады. Құдай олардың барлығын Бабыл патшасының қолына бере салған еді.
18 Шетелдік патша Құдайдың киелі үйіндегі үлкенді-кішілі жиһаздар мен бұйымдардың бәрін, әрі ондағы қазынаны, сонымен қатар патша мен әміршілерінің қазыналарын түгелдей Бабылға алып кетті.
19 Жауынгерлер Құдайдың киелі үйіне от қойып өртеп, Иерусалим қамалының қабырғаларын қиратып тастады. Олар қаладағы күллі сарайларды да өртеп, ондағы құнды нәрселердің барлығын құртты.
20 Шетелдік патша семсерінен аман қалғандарды Бабылға жер аударды. Олар парсы патшалығы күшейген кезге дейін Бабыл патшасы мен оның ұрпақтарының құлдығында жүрді.
21 Сол кезде елдің топырағы жетпіс жыл бойы тынығып жатты. Бұл, халықтың немқұрайды қарап, әр жетінші жылы өткізуге тиіс тынығу жылдарының орнын толтырды. Жаратқан Иенің Еремия пайғамбар арқылы алдын ала айтқаны осылайша орындалды.
22 Парсы патшасы Кирдің (Бабылға) билік құрған алғашқы жылы Жаратқан Ие оның жүрегіне түрткі салып, бүкіл патшалығы бойынша жарлық шығартып, хат та жазғызып жібертті. Бұл, Жаратқан Иенің Еремия арқылы алдын ала айтқан сөзінің жүзеге асуы үшін болды. Хатта былай деп жазылды:
23 «Парсы патшасы Кирдің бұйрығы мынау: Көктегі Құдай — Жаратқан Ие маған жер бетіндегі барлық патшалықтарды тапсырды. Ол мені Яһуда жеріндегі Иерусалим қаласында Өзіне арнап киелі үй салуға да тағайындады. Араларыңдағы Оның халқына жататын әр адам сол жаққа өрлеп барсын! Құдайы Жаратқан Ие оған жар бола көрсін!»