Шежірелер 2-ж
Тарау 18
Осылай Яһуда патшасы Жосапат мол байлық пен зор атақ-даңқты иемденді. Алайда ол (соған қанағаттанбай, Солтүстік Исраилдің зұлым патшасы) Ахабпен одақтасып, құдандалы болды.
2 Біраз жыл өткен соң Жосапат сапарға шығып, Ахабтың астанасы Самарияға қонаққа барды. Ахаб Жосапат патшаның және оған еріп келген нөкерлерінің құрметіне көп қылып ұсақ және мүйізді ірі қара мал сойып, той жасады. Ахаб Жосапатты Ғилақад аймағындағы Рамот қаласына бірігіп аттанып, шабуыл жасауға еліктірмек болды.
3 Содан Ахаб Жосапатқа: — Менімен бірге Ғилақадтағы Рамот қаласына аттанасыз ба? — деген сауал қойды. Жосапат Ахабқа: — Өзім де, халқым да сіздің құзырыңыздамыз. Сізбен бірге соғысқа аттанамыз, — деп жауап берді.
4 Мұнан кейін ол: — Алдымен Жаратқан Иенің осыған айтатын сөзін біліп алсаңыз екен! — деп қосты.
5 Сонда Ахаб патша пайғамбарларды: шамамен төрт жүз адамды жинап алып, оларға мына сұрақты қойды: — Ғилақадтағы Рамот қаласы үшін шайқасуға аттануымыз қажет пе? Әлде содан бас тартайын ба? — Барлығы: — Өрлеп аттаныңыз! Құдай оны патшамыздың қолына тапсырып отыр, — деді.
6 Ал Жосапат: — Бұл жерде Жаратқан Иенің де пайғамбары жоқ па екен? Сол арқылы Жаратқан Иенің еркін сұрап біліп алайық, — деп қоймады
7 Ахаб патша: — Елімізде Жаратқан Иенің еркін сұрап білуімізге болатын әлі де бір адам бар, Имелах ұлы Миқая. Бірақ оны жек көремін. Ол мен туралы әрдайым жақсы емес, тек жағымсыз пайғамбарлық сөздерді ғана айтады. — деп жауап қайырды. Ал Жосапат былай деп өтінді: — О, патша, солай дей көрмеңіз. (Оның да не айтарын тыңдап көрейікші.)
8 Содан Солтүстік Исраилдің патшасы Ахаб бір нөкерін шақырып алып, оған: «Имелах ұлы Миқаяны тез алып кел!» — деп бұйырды.
9 Осы сәтте Солтүстік Исраилдің патшасы Ахаб және Яһуда елінің патшасы Жосапат патшалық киімдерін киіп, Самария қаласының қақпасының жанындағы ашық алаңда орналасқан екі тақта отырған еді. Әлгі пайғамбарлардың барлығы екеуінің алдында ерекше күйге түсіп, не болатыны туралы сәуегейлік айтып жатты.
10 Хенаған ұлы Седекиях өзіне темірден екі мүйіз жасап алып: — Жаратқан Ие мынаны айтады: Осы мүйіздер сияқты зор күшпен арамалықтарды сүзіп, біржола құртасың! — деп пайғамбарлық сөз айтқансыды.
11 Басқа пайғамбарлардың барлығы да дәл солай: — Ғилақадтағы Рамотқа өрлеп барып, жеңіске жетіңіз! Жаратқан Ие оны патшаның қолына тапсырып отыр, — деп пайғамбарлық сөз айтқансып жатты.
12 Миқаяны шақыруға барған нөкер оған былай деп бұйырды: — Тыңда, пайғамбарлардың бәрі бірауыздан патшаға жағымды сөз айтуда. Сенің сөзің де солардікіндей болсын! Сен де жағымды жайтты болжамдарсың! —
13 Бірақ Миқая: — Мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында шын айтамын: Құдайым маған нені білдірсе, тек соны ғана айтып беремін! — деп ант етті.
14 Миқая пайғамбар патшаның алдына келгенде, патша оған: — Миқая, біздің Ғилақадтағы Рамот қаласы үшін шайқасуымыз қажет пе? Әлде содан бас тартайын ба? — деген сауал қойды. Миқая (сықақтап) былай деп жауап берді: — Өрлеп аттаныңыз, жеңіске жетесіз! Жаратқан Ие қаланы қолыңызға түсіреді! —
15 Ал Ахаб патша оған: — Жаратқан Иенің атынан тек шындықты ғана айт деп саған қанша рет бұйыруға тиіспін? — деп ескертті.
16 Сонда Миқая былай деді: — Мен (бір бейнелі көріністе) бүкіл Исраилдің бағушысы жоқ қойлар сияқты қыраттарда бытырап жүргенін көрдім. Жаратқан Ие мынаны айтты: Бұлардың қожайыны жоқ екен. Дұрысы, барлығы да үйлеріне тыныштықпен қайтсын!
17 Солтүстік Исраилдің патшасы Ахаб Жосапатқа: «Ол мен туралы әрдайым жақсы емес, тек жағымсыз пайғамбарлық сөздерді ғана айтады демеп пе едім?!» — деп налыды.
18 Ал Миқая сөзін жалғастырып былай деді: — Сондықтан Жаратқан Иенің сөзін тыңдаңыздар! Мен Өзінің тағында отырған Жаратқан Иенің аянын көрдім. Көктегілердің бүкіл тобы Оның оң және сол жақтарында тұрды.
19 Сонда Жаратқан Ие: «Исраилдің патшасы Ахабты Ғилақадтағы Рамотқа өрлеп аттанып, сол жерде қаза табуға қайсың сендіресіңдер?» деген сауал қойды. Біреуі ананы, біреуі мынаны айтты.
20 Ақыры бір рух ортаға шыға келді де, Жаратқан Иенің алдында тұра қалып: «Оны мен сендіремін» деп ұсынды. Жаратқан Ие одан: «Соны қалай істемексің?» деп сұрағанда,
21 рух: «Мен сол жерге барып, Ахабтың барлық пайғамбарларының аузындағы өтірік хабар айтқызатын рух боламын!» деп жауап берді. Сонда Жаратқан Ие: «Сен оны сендіріп, табысты боласың. Бар да солай істе!» деп шешті.
22 Ал енді, міне, қараңыз: Жаратқан Ие мына барлық пайғамбарларыңыздың ауыздарына өтірік хабар айтқызатын рухты салып қойған. Себебі Жаратқан Ие сіздің басыңызға пәле түсетінін алдын ала кесіп қойды!
23 Сол сәтте Хенаған ұлы Седекиях Миқаяның қасына барып, оны бетінен шапалақпен тартып жіберіп: — Жаратқан Иенің Рухы сен арқылы сөйлеу үшін менен қалай ғана шығып кетті екен, ә?! — деп сөкті.
24 Миқая оған: — Соны ішкі бөлмеге кіріп, тығылған күніңде білетін боласың! — деп жауап берді.
25 Ал Ахаб патша былай деп әмір етті: — Миқаяны ұстаңдар! Оны қала әкімі Амонға және патшазада Жоғасқа қайтарып алып барыңдар!
26 Оларға былай деңдер: «Патшаның бұйрығы мынау: Осы адамды түрмеге жабыңдар! Мен аман-есен қайтып келгенше, оған біразырақ нан мен су ғана беріңдер!» —
27 Сонда Миқая оны сақтандырып: — Егер де шынымен аман-есен қайтып келсеңіз, онда Жаратқан Иенің мен арқылы сөйлемегені! Айтқандарыма құлақ түріңдер, уа, барлық халықтар! — деді.
28 Сонда да Солтүстік Исраилдің патшасы Ахаб пен Яһуда елінің патшасы Жосапат әскерлерін ертіп Ғилақадтың таулы аймағындағы Рамот қаласына өрлеп аттанды.
29 Ахаб Жосапатқа: «Мен шайқасқа патшалық киімдерімді кимей-ақ шығайын, ал сіз киіп шығыңызшы», — деп ұсынған еді. Содан Ахаб патша өзін ешкім танып қоймасын деп киімін өзгертіп, барлығы шайқасқа шықты.
30 Арама патшасы өзінің соғыс күймелерін басқаратын басшыларына: «Не жасақшылардың біреуімен, не қайсыбір басшымен емес, тек Солтүстік Исраилдің патшасының өзімен ғана шайқасып, соның көзін құртыңдар!» — деп бұйырып қойған болатын.
31 Сол себепті соғыс күймелерін жүргізетіндер (патшалық киімдерін киген) Жосапатты көргенде, «Бұл әрине Солтүстік Исраилдің патшасы!» — деп айқай салды. Содан олар оған қарай бұрылып, бас салды. Ал Жосапат (өз ұранын) айқайлап жіберді. Құдай Ие оған жар болып, бас салушыларды оның қасынан басқа жаққа бұрып алып кетті.
32 Өйткені күйме жүргізушілер оның Солтүстік Исраилдің патшасы емес екенін аңғарып, одан кері қайтып, жібере салды.
33 Ал бір жасақшы садағын кездейсоқ ата салғанда, жебесі Солтүстік Исраилдің патшасы Ахабқа дәл тиіп, оның сауытының қосылған жеріне қадалды. Сонда Ахаб өзінің соғыс күймесін жүргізушіге бұйырып: «Күймені бұр да, мені шайқастан алып шық! Жараланып қалдым», — деді.
34 Күні бойы қатты ұрыс болып, Ахаб патша арамалықтарға қарама-қарсы өз күймесінің ішінде тік тұрғызылған қалпы кешке дейін қала берді. Қансыраған патша күн батқан кезде өлді.