Шежірелер 2-ж

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36


Тарау 16

Ал Асаның патшалық құрған отыз алтыншы жылы Солтүстік Исраилдің патшасы Бағаса Яһуда еліне қарсы аттанып, өрлеп барды. Бағаса Аса патшаның жеріне ешкім кіріп-шыға алмау үшін екі елдің шекарасындағы Рамақ қаласын қамалмен бекітіп қойды.
2 Сонда Аса патша Жаратқан Иенің киелі үйінің және өз сарайының қазыналарынан алтын-күміс алып шықты. Оларды Арама елінің Дамаск қаласында тұратын патшасы Бен-Хададқа жіберді. Аса патша оған мынадай сәлемін жолдады:
3 «Екеуіміздің әкелеріміздің арасында келісім болғанындай, енді біз де сондай келісім жасасайық! Міне, мен сізге күміс пен алтын жіберіп отырмын. Өзіңіздің Солтүстік Исраилдің патшасы Бағасамен жасасқан келісіміңізден бас тарта көріңіз. Ол менің шекарамнан кері шегініп кетсін!»
4 Бен-Хадад Аса патшаның өтінішіне құлақ асып, өзінің қолбасшыларын Солтүстік Исраилдің қалаларына қарсы аттандырды. Олар Ион, Дан, Әбел-Маим қалаларын әрі Нафталим руының жеріндегі азық-түлік пен қару-жарақ қорлары сақталатын қалалардың барлығын басып алды.
5 Бағаса патша бұл туралы естігенде, Рамақ қаласын бекітуін тоқтатып, сол жұмысынан бас тартып, кері шегінді.
6 Сонда Аса патша Яһуда елінің барлық ер адамдарын ертіп алып, Рамаққа аттанды. Олар Бағаса салып жатқан қамалдың тастары мен бөренелерін тасып алып кетті. Аса патша солармен өзіне қарасты Геба және Миспа қалаларын бекітті.
7 Сол кезде Ханани пайғамбар Яһуда патшасы Асаға барып, оған былай деді: «Сіз Құдайыңыз Жаратқан Иеге емес, Арама елінің патшасына сенім арттыңыз. Сондықтан Арама патшасының әскері сіздің қолыңыздан құтылып кетті, ал сіз оны өзіңізге бағындыру мүмкіндігінен айырылып қалдыңыз.
8 Есіңізге түсіріңіз, құштықтар мен либиялықтар көптеген соғыс күймелері мен салт атты сарбаздары бар үлкен қол жинап, аттанып келмеп пе еді?! Бірақ сіз Жаратқан Иеге сенім артқандықтан, Ол соларды қолыңызға түсірді ғой.
9 Себебі Жаратқан Ие Өзіне шын жүректен бағышталып, адал болып жүргендерді күш-қуат беріп қолдау үшін, бүкіл жер жүзін назарында ұстап отырады. Осы істегеніңіз үлкен ақылсыздық болды. Сол үшін де бұдан былай соғыстан көз ашпайтын боласыз!»
10 Осыны естігенде Аса патша пайғамбарға қатты ашуланды. Ашуының күшті болғаны сонша, пайғамбарды бұғаулатып, қамап қойғызды. Аса сол кездері халқының басқа да бірқатар адамдарына қысымшылық көрсетіп, жәбірледі.
11 Асаның іс-әрекеттері басынан аяғына дейін «Яһуда мен Солтүстік Исраил патшаларының кітабында» баяндалған.
12 Патшалық құруының отыз тоғызыншы жылы Аса аяқ ауруына шалдықты. Ауруы одан бетер асқына берсе де, Аса Жаратқан Иеге емес, тек дәрігерлерге ғана бет бұрып, сауықтыруын сұрады.
13 Содан ол патшалық құруының қырық бірінші жылы көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелді.
14 Асаның мәйіті Дәуіттің шаһарындағы өзі жартастан үңгіп дайындатқан қабірге, ондағы түрлі хош иісті заттар мен иісмайларға толы жайылған төсекке қойылды. Патшаның құрметіне үлкен от жағылды.