Шежірелер 2-ж
Тарау 24
Жоғас Яһуда елінің патшасы болған кезде жасы жетіде еді. Ол Иерусалимде қырық жыл билік жүргізді. Оның шешесінің аты-жөні бер-шебалық Сибия болатын.
2 Діни қызметкер Еходайдың тірі кезінде Жоғас Жаратқан Иеге ұнамды әділ істер істеді.
3 Еходай оған екі әйел таңдап алып берді. Жоғас олардан ұл-қыздар сүйді.
4 Біраз уақыт өткеннен кейін Жоғас Жаратқан Иенің киелі үйін жөндеуден өткізуді ұйғарды.
5 Патша леуіліктер мен діни қызметкерлерді жинап, оларға былай деп тапсырды: «Жыл сайын Яһуда елінің қалаларына шығып, Құдайдың киелі үйін жөндеп жаңартуға қажетті күмісті бүкіл Исраил халқынан жинаңдар! Осы істі тездетіп істеп келіңдер!» — деп тапсырды. Бірақ леуіліктер бұны дереу істеген жоқ.
6 Содан патша діни қызметкер Еходайды қасына шақырып, оған былай деді: «Сендер жан басы салығын Яһуда мен Иерусалимнен жинауды леуіліктерден неге талап етпедіңдер? Жаратқан Иенің қызметшісі Мұса ежелде осы салықты Келісімнің куәлігі сақталған киелі шатырға арнап Исраил халқынан жинауды белгілеген еді ғой».
7 Зұлым Аталияның балалары Жаратқан Иенің киелі үйіне бұзып кіріп, одан тек Құдайға ғана бағышталған арнайы бұйымдарды алып кеткен еді. Оларды Бағал атты тәңірсымақтың мүсіндеріне табыну үшін қолданатын.
8 Содан патша бұйрық беріп, ұсталарға бір жәшікті жасатып, Жаратқан Иенің киелі үйіне кіретін қақпаның сырт жағына қойды.
9 Мұнан кейін бүкіл Яһуда елі мен Иерусалим қаласында мынадай жарлық шықты: «Құдайдың қызметшісі Мұса Исраил халқына иен даланы кезіп жүрген заманда салған жан басы салығы Жаратқан Иеге арналып қайтадан әкелінсін!»
10 Сонда күллі басшылар мен халық ризашылықпен жан басы салықтарын әкеліп, жәшікке салып, оны толтырып тастады.
11 Жәшікте күміс көп жиналған сайын леуіліктер оны патша тағайындаған басқарушының кеңсесіне алып баратын. Сол жерге патшаның хатшысы және бас діни қызметкердің арнайы басқарушысы да келетін. Олар жәшікті бірге босатып, ғибадатханадағы өз орнына қайта апарып қоятын. Осыны күн сайын істеп, олар мол күміс жинады.
12 Патша мен діни қызметкер осы күмісті Жаратқан Иенің киелі үйіндегі жөндеу жұмыстарын басқарушыларға тапсыратын. Басқарушылар соған ғибадатхананы жөндейтін тас қалаушылар мен ағаш ұсталарын және темір, қоламен ғимаратты темір, қола тіректермен нығайтатын шеберлерді жалдап алды.
13 Жұмысшылар жан сала еңбек етіп, іс алға басты. Олар Құдайдың киелі үйін бекітіп бұрынғы қалпына келтірді.
14 Жұмыс аяқталғаннан кейін қалған күміс патша мен Еходайға әкелінді. Олар содан Жаратқан Иенің киелі үйіне қажетті құрал-жабдықтарды: қызмет өткізіп, құрбандықтарды шалып, өртеуге арналған бұйымдарды, алтын мен күмістен жасалған табақтар мен өзге де ыдыстарды жасатты. Еходайдың көзі тірі кезінің бәрінде Жаратқан Иенің киелі үйінде шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықтар тоқтаусыз ұсынылып отырды.
15 Осылай Еходай көп жасап қартайып, қайтыс болды. Сол кезде оның жасы жүз отызда еді.
16 Еходайдың Исраилге, Құдайға және Оның киелі үйіне жасаған ізгі қызметі үшін халық оның мәйітін Дәуіттің шаһарындағы патшалар зиратындағы бір қабірге қойды.
17 Ал діни қызметкер Еходай қайтыс болғаннан кейін, Яһуда елінің басшылары Жоғас патшаның алдына келіп, бастарын иіп, патшаны өздерінің айтқандарына құлақ асуға көндірді.
18 Содан олар ата-бабаларының сиынған Құдайы Жаратқан Иенің киелі үйін ескерусіз қалдырып, Ашераға арналған бағаналарға және басқа да тәңірсымақтардың мүсіндеріне табынатын болды. Олардың осы кінәларының кесірінен Құдайдың қаһары Яһуда мен Иерусалимге төнді.
19 Сонда да Жаратқан Ие оларды Өзіне қайтару үшін пайғамбарларын жіберді. Солар қанша ескертсе де, халық құлақ аспады.
20 Құдайдың Рухы Еходай ұлы Зәкәрия атты діни қызметкерге де қонды. Зәкәрия бүкіл халықтың алдына шығып, былай деді: «Құдай мынаны айтады: Сендер неге Жаратқан Иенің өсиеттерін бұза бересіңдер? Бұларыңмен табысқа жетпейсіңдер! Сендер Жаратқан Иеден бас тарттыңдар, енді Ол да сендерден бас тартатын болады!»
21 Бірақ басшылар Зәкәрияға қарсы сөз байласып, оны патшаның әмірімен Жаратқан Иенің киелі үйінің ауласында тас лақтырып өлтірді.
22 Осылайша Жоғас патша Зәкәрияның әкесі Еходайдың өзіне істеген жақсылығын ескермей, ұлын өлтіртті. Зәкәрия жан тапсырардың алдында: «Жаратқан Ие осыны көріп, жауабын сендерден талап етсін!» — деді.
23 Сол жылдың соңында Арама елінің әскері Жоғасқа қарсы аттанды. Олар Яһуда мен Иерусалимге басып кіріп, олардың халық арасындағы барлық басшыларын өлтірді. Жау әскері тонап алған олжаларының бәрін Дамаскідегі Арама патшасына жіберді.
24 Яһудалықтар ата-бабаларының сиынған Құдайы — Жаратқан Иеден бас тартып кеткен еді. Сол себепті Арама әскері азғана адаммен аттанып келсе де, Жаратқан Ие Яһуданың өте үлкен әскерін олардың қолына тапсырды. Осылай жау Жаратқан Иенің Жоғас патшаға шығарған үкімін орындап шықты.
25 Арамалықтар кетіп қалған кезде Жоғас патша қатты жаралы болып жатты. Оның діни қызметкер Еходайдың ұлы Зәкәрияның қанын төккені үшін, өз нөкерлері оған қарсы астыртын сөз байласып, төсекте жатқан жерінде өлтіріп тастады. Жоғастың мәйіті Дәуіттің шаһарындағы қабірге қойылды, бірақ патшалар зиратындағы қабірлердің біріне емес.
26 Патшаға қарсы сөз байласқан нөкерлер аммондық әйел Шимеяттің ұлы Забад және моабтық әйел Шимриттің ұлы Ехозабад болды.
27 Жоғастың ұлдары жайында, Жоғастың өзіне қарсы айтылған көптеген ауыр хабарлар жөнінде әрі оның Құдайдың киелі үйін нығайтып жөндегені туралы «Патшалар кітабына берілген түсіндірмелерде» жазулы тұр. Жоғастың ұлы Амасиях оның орнын басып, патша болды.