Шежірелер 2-ж

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36


Тарау 11

Рохабоғам Иерусалимге қайтып келген соң, (Солтүстік) Исраилге қарсы аттанып, бүкіл патшалықты өзіне қайтарып алмақ болды. Сол үшін Яһуда мен Бунямин халқынан бір жүз сексен мың таңдаулы сарбазын жинады.
2 Бірақ Құдай Ие Өзінің таңдаған адамы Шемаяхқа сөзін арнап былай деді:
3 «Яһуданың патшасы Сүлеймен ұлы Рохабоғамға және Яһуда мен Буняминнің жерлерінде тұратын исраилдіктерге тіл қатып былай де:
4 Жаратқан Ие мынаны айтады: Жорыққа аттанып, өз ағайындарыңмен соғыспаңдар! Барлығың да үйлеріңе қайтыңдар! Себебі мұны істеп отырған Өзіммін!» Сонда олар Жаратқан Иенің сөздеріне құлақ асып, Еробоғамға қарсы аттанған жорықтан кері қайтты.
5 Рохабоғам Иерусалимде тұрып, Яһуда елін қорғау үшін бірнеше қалаларда қамалдар салды.
6 Олар: Бетлехем, Етам, Теқоя,
7 Бет-Сұр, Соқо, Адуллам,
8 Ғат, Мареша, Зиф,
9 Адораим, Лахыш, Әзека,
10 Сора, Аялон, Хеброн. Осы қамалды қалалар Яһуда мен Бунямин руларының жерінде орналасқан.
11 Рохабоғам сол қалалардың бекіністерін күшейтіп, қолбасшыларын тағайындап, оларда азық-түлік, зәйтүн майы және шарап қорларын дайындады.
12 Сонымен қатар ол барлық қалаларды қалқан, найзалармен жабдықтап, мықтап бекітті. Осылай Яһуда мен Бунямин рулары Рохабоғамның билігінде қалды.
13 Исраилдің күллі аймақтарындағы діни қызметкерлер мен леуіліктер Рохабоғамды жақтады.
14 Солтүстік Исраилдің патшасы Еробоғам мен оның ұлдары оларды Жаратқан Иеге қызмет етуден аластатты. Сондықтан көптеген леуіліктер мұралық жайылымдарын, үй-жайларын тастап, Яһуда мен Иерусалимге көшіп келді.
15 Еробоғам жалған тәңірлердің ешкі және жас бұқа кейпіндегі мүсіндерін жасатып, солар үшін және биіктеу жерлердегі табыну орындары үшін өзінің діни қызметкерлерін тағайындады.
16 Алайда халықтың барлық руларында Исраилдің Құдайы Жаратқан Иеге шын жүректен бет бұрып, Оның еркін сұраған адамдар болды. Олар ата-бабаларының сиынған Құдайы Жаратқан Иеге арнап құрбандық шалу үшін Оған адал болып қалған леуіліктердің соңынан Иерусалимге барды.
17 Бұлар үш жыл бойы Яһуда патшалығын күшейтіп, Сүлеймен ұлы Рохабоғамды қолдады. Олар осы кезеңде Дәуіт пен Сүлеймен іспетті Құдай жолымен жүрді.
18 Рохабоғам Дәуіт ұлы Еримоттың қызы Махалатқа үйленді. Соның шешесі Есей ұлы Елиәбтің қызы Әбихаил еді.
19 Махалаттан Егуш, Шәмәриях, Заһам атты үш ұл дүниеге келді.
20 Бұдан кейін Рохабоғам Абессаломның (немере) қызы Махаға үйленіп, одан Абиях, Аттай, Зиза, Шеломит есімді төрт ұл сүйді.
21 Рохабоғам Маханы өзінің басқа әйелдері мен кәнизактарына қарағанда көбірек ұнатты. Рохабоғамның жалпы он сегіз әйелі, алпыс кәнизагы болды, солардан жиырма сегіз ұл, алпыс қыз көрді.
22 Патша Махадан туған ұлы Абияхты патшазадалардың басшысы етіп, оны өзінің орнын басатын патша болуға тағайындады.
23 Рохабоғам көрегендікпен әрекет етіп, өзге ұлдарын Яһуда мен Буняминнің күллі аймақтарына және барлық бекітілген қалаларға орналастырды. Оларды керек-жарағымен молынан қамтамасыз етіп, бірнеше әйел алуларына жағдай жасады.