Шежірелер 2-ж

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36


Тарау 23

Ал жетінші жылы діни қызметкер Еходайдың ықпалы күшейіп, әрекет етуге шешім қабылдады. Содан ол мына жүзбасылармен кеңесіп, келісім жасады: Жорам ұлы Азариях, Жоханан ұлы Ысмағұл, Ғабит ұлы Азариях, Адаях ұлы Мағасиях, Зіхри ұлы Елішапат.
2 Осы жүзбасылар Яһуда елін құпия аралап шығып, барлық қалалардағы леуіліктерді және Исраилдің әулет басшыларын жиналуға шақырды. Бұлар Иерусалимге жеткен соң,
3 бүкіл жамағат Құдайдың киелі үйінде жас патша Жоғаспен келісім жасады. Еходай оларға былай деп нұсқады: «Мынау патшаның ұлы! Жаратқан Ие Дәуіттің ұрпақтары жайлы уәде еткендей, мұның патшалық құруы керек!
4 Енді мынаны істеулерің қажет: Діни демалыс күні қызметке келетін леуіліктер мен діни қызметкерлер, сендердің үштен бірің қақпаларды күзетіңдер!
5 Келесі үштен бірің патша сарайын күзетіңдер! Ал соңғы үштен бірің Түпнегіз қақпасында күзетте тұрыңдар! Бүкіл халық Жаратқан Иенің киелі үйінің аулаларында тұрсын.
6 Бірақ Жаратқан Иенің киелі үйіне сонда қызмет көрсететін діни қызметкерлер мен леуіліктерден басқа ешкімді кіргізбеңдер! Арнайы тазару рәсімінен өткен сол діни қызметкерлер мен леуіліктер кіре берсін. Қалған халық Жаратқан Иенің берген ережелерін сақтап киелі үйдің сыртында тұрсын!
7 Леуіліктер қаруларын қолдарына ұстап алып патшаны айналдыра қоршап тұрсын! Кімде-кім киелі үйге рұқсатсыз кіріп келсе, соның көзін құртыңдар! Патша қайда бармасын, сендер де оның жанында болып бірге жүріңдер!»
8 Леуіліктер және Яһуданың барлық әулет басшылары діни қызметкер Еходайдың нұсқауларын түгелдей орындады. Олар діни демалыс күні қол астындағы адамдарының барлығын: қызметтерін сол күні бастайтындарын да, аяқтайтындарын да ертіп алып келді. Себебі діни қызметкер Еходай олардың ешбір тобын қызметтен босатпаған еді.
9 Еходай жүзбасыларға ежелде Дәуіт патшанікі болған, содан бері Құдайдың ғибадатханасында сақталып келе жатқан сүңгілерді және қалқандардың үлкен, кіші түрлерін үлестіріп берді.
10 Ол сонымен қатар патшаға жан-жағынан қорған болу үшін барлық ер адамдарды қолдарына қару ұстатып, киелі үйдің оң жағынан сол жағына және құрбандық үстеліне дейін айналдыра шеп құрғызып орналастырды.
11 Содан соң діни қызметкер Еходай мен оның ұлдары патшазада Жоғасты алып шығып, басына тәж кигізді де, қолына Келісімнің айғағын ұстатты. Олар Жоғасқа май жағу рәсімін орындап, оны патша етіп жариялады. Барлығы: «Патша жасасын!» — деп ұрандап айқай салды.
12 Халықтың жүгіріп келіп, патшаны мадақтаған дауыстарын Аталия да естіді. Содан ол бұның мән-жайын білу үшін халық жиналып тұрған Жаратқан Иенің ғибадатханасына қарай жөнелді.
13 Қараса, жас патшаның дәстүрге сай киелі үйдің кіреберісіндегі бағананың жанында тұр екен. Оның қасында басшылар мен кернейшілер тұрды. Бүкіл елден жиналған халық шаттана айқайлап, керней тартып жатты. Әнші-күйшілер саз аспаптарымен мадақтауды жетелеп жүрді. Аталия қатты ашуланып, көйлегінің өңірін айыра жыртып: «Қастандық, қастандық!» — деп айқайлап жіберді.
14 Діни қызметкер Еходай сақшылардың жүзбасыларын алға шығарып: «Оны сақшылар қатарларының арасымен алып шығыңдар! Егер әлдебіреу оған еретін болса, соның көзін құртыңдар! — деп бұйырды. Сондай-ақ: — Оны Жаратқан Иенің киелі үйінде өлтірмеңдер!» — деп те қосты.
15 Сақшылар Аталияны ұстап алып, патша сарайының ауласына аттарды кіргізетін қақпаға әкетіп, сол жерде көзін құртты.
16 Діни қызметкер Еходай халықпен және патшамен «Біз Жаратқан Иенің халқы боламыз» деген келісім жасасты.
17 Содан бүкіл халық Бағал атты жалған тәңірге арналған ғибадатханаға барып, оны қиратты. Олар ондағы құрбандық үстелдері мен тәңір мүсіндерін талқандап, сол құрбандық үстелдерінің алдында Бағалдың абызы Матанның көзін құртты.
18 Бұдан кейін діни қызметкер Еходай діни қызметкерлер мен леуіліктерге Жаратқан Иенің киелі үйін қарауды міндеттеді. Ежелде Дәуіт патша оларға Жаратқан Иенің киелі үйіндегі қызметтерді үлестіріп берген еді. Олар Мұса арқылы тапсырылған Таурат заңы бойынша шалынып, өртелетін құрбандықтарды ұсынуға да, Дәуіт патшаның қалдырып кеткен нұсқауына сай қуанышты ән-жыр айтуға да міндетті болды.
19 Сонымен қатар Еходай Жаратқан Иенің киелі үйінің қақпаларына күзетшілер қойды. Олар (Таураттың ережелері бойынша) қандай себеппен болмасын таза емес деп саналатын адамдарды кіргізбеуге тиісті еді.
20 Еходай өзімен бірге жүзбасыларын, ақсүйектерді, әкімдерді және бүкіл елдің халқын ілестіріп, патшаны Жаратқан Иенің киелі үйінен алып шығып, барлығы Жоғарғы қақпадан өтіп, патша сарайына кірді. Сол жерде патшаны өзінің патшалық тағына отырғызды.
21 Елдің күллі халқы бұған шат-шадыман болып қуанды. Аталия семсермен өлтірілгеннен кейін қала сабасына түсіп тыншыды.