Шежірелер 2-ж

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36


Тарау 32

Езекияның адалдықпен жасаған осындай күллі істерінен кейін, Ассур патшасы Сеннахирим Яһуда еліне қарсы аттанып, оның қамалды қалаларын қоршап, күшпен тартып алмақ болды.
2 Жаудың елге басып кіріп, астанасы Иерусалимге де қарсы соғыспақ болғанын көрген Езекия
3 уәзірлерімен және қолбасшыларымен кеңесіп, қала сыртындағы су көздерін бітеп тастау туралы ақылдасты. Олар патшаны қолдады.
4 Көптеген адамдар жиналып, Ассурдың патшалары өз әскерлеріне су таба алмай қиналсын деп, барлық бұлақ көздерін және сол жермен ағып жатқан жылғаны бітеп тастады.
5 Езекия іске бар ынтасымен, жан сала кірісіп, қамалдың құлап қалған барлық қабырғаларын қайта тұрғызып, үстіне бірнеше күзет мұнарасын да салды. Оның сыртынан тағы бір қабырға тұрғызып, Иерусалимдегі «Дәуіттің шаһары» делінген көне қорғанның саты тәрізді беткейіне де бекіністер салғызды. Сонымен қатар патша көп етіп қару-жарақ пен қалқандар жасатып,
6 халық үстінен әскери бастықтар тағайындады. Содан ол барлығын қала қақпасының жанындағы алаңға жинап, оларды былай деп жігерлендірді:
7 «Қайратты да батыл болыңдар! Ассур патшасынан және оның ертіп алып келе жатқан қалың тобырынан абыржып қорықпаңдар! Бәрінен де құдіретті күш оның емес, біздің жақта!
8 Жаудағының бары — білек күші ғана, ал бізге Құдайымыз Жаратқан Ие жар болып, біз үшін шайқасатын болады!» — Езекия патшаның бұл сөздерін естігенде халық жігерленді.
9 Осыдан кейін Ассур патшасы Сеннахирим бүкіл әскерімен бірге Яһуда елінің Лахыш қаласына шабуыл жасады. Сол кезде ол Иерусалимге нөкерлерін жіберіп, Езекия патшаға және сол қалаға бас сауғалаған Яһуда халқының бәріне мынадай хабар жолдады:
10 — Ассур патшасы Сеннахирим мынаны айтады: Сендер не нәрсеге арқа сүйеп, Иерусалимде қамалып отырып, тойтарыс бермексіңдер?
11 Езекия сендерді: «Сиынатын Құдайымыз Жаратқан Ие бізді Ассур патшасының қолынан құтқарады!» деп алдап, аштық пен шөлден қырғынға ұшыратпақ болып отыр емес пе?
12 Жаратқан Иеге арналған биіктеу жерлердегі табыну орындары мен құрбандық үстелдерін қиратып, Яһуда мен Иерусалимнің халқына «Жалғыз (Иерусалимдегі) құрбандық үстелінің алдында ғана ғибадат етіп, шалынған құрбандықтарыңды тек соның үстінде ғана өртеп ұсыныңдар!» деп бұйырған осы Езекия емес пе еді?
13 Расында менің әрі ата-бабамның басқа елдердің халықтарына не істегенімізді білмейсіңдер ме?! Сол халықтардың тәңірлері оларды менің қолымнан құтқара алды ма?
14 Аталарым талқандаған елдердің барлық тәңірлерінің қайсысы өз халқын менің қолымнан құтқара алды?! Ендеше сендер сиынатын Құдай да өздеріңді менің қолымнан құтқара алмайды!
15 Сондықтан Езекияның еліктіруіне алданбаңдар, осындай қулықпен көздеріңді байлауына жол бермеңдер! Оған тіпті сенбеңдер! Ешбір елдің не патшалықтың тәңірі өз халқын менің және ата-бабамның қолынан сақтай алмады. Сендер сиынатын Құдайдың өздеріңді менің қолымнан құтқаруы одан бетер мүмкін емес!
16 Сеннахиримнің жіберген нөкерлері Құдай Иеге және Оның қызметшісі Езекияға қарсы тағы да бірталай сөздер айтты.
17 Мұның үстіне Сеннахирим Исраилдің Құдайы Жаратқан Иеге тіл тигізген сайқымазақ хаттарын жіберіп, онда: «Басқа елдердің тәңірлері өздеріне сиынған халықтарын менен сақтап қала алмағанындай, Езекияның Тәңірі де халқын менен қорғай алмайды!» деп жазды.
18 Сеннахиримнің нөкерлері қаланы айналдыра қоршап тұрған қамал үстінде жиналған Иерусалим тұрғындарына қатты дауыспен яһудилердің тілінде айқайлап, қоқан-лоқы көрсетіп қорқыта бастады. Оларды үрейлендіріп, қаланы тезірек басып алмақ болды.
19 Сол нөкерлер Иерусалимнің халқы сиынатын Құдайын жер бетіндегі басқа халықтардың адам қолынан шыққан тәңірсымақтарындай көріп, Оған тіл тигізді.
20 Алайда Езекия патша және Амос ұлы Ишая пайғамбар осыған бола көктегі Құдайға жалбарына сиынды.
21 Сонда Жаратқан Ие періштесін жіберді. Періште Ассур патшасының әскер қосындағы барлық батырларын, қолбасшылары мен әміршілерін қырып кетті. Осылай масқара болған Сеннахирим еліне қайта оралды. Сол жерде ол өзінің табынатын жалған тәңірінің ғибадатханасына кіргенде оны өз ұлдары семсермен шауып өлтірді.
22 Жаратқан Ие осылай Езекияны және Иерусалимнің тұрғындарын Ассур патшасы Сеннахиримнің әрі барлық басқа жауларының қолынан құтқарып қалды. Оларды жан-жағынан қорғап, тыныштық сыйлады.
23 Көптеген елшілер Жаратқан Иеге арнап сый-тартулар және Яһуда патшасы Езекияға бағалы сыйлықтар алып, Иерусалимге ағылып келді. Сонымен күллі халықтар алдында Езекия патшаның мәртебесі өсіп, жоғарылады.
24 Сол күндері Езекия қатты науқастанып, өлім аузында жатты. Ол мінажат еткенде Жаратқан Ие оған хабарын жіберіп, ғажап белгі берді, (әрі оны кереметпен сауықтырды).
25 Бірақ Езекия өркөкіректеніп, осы көрген жақсылығына шүкірлік етпеді. Сонда Жаратқан Ие оған және Яһуда мен Иерусалимнің халқына қаһарланды.
26 Ал патшаның өзі де, Иерусалимнің тұрғындары да өркөкіректігіне өкінгенде, Жаратқан Ие оларға Езекияның көзі тірісінде қаһарын төккен жоқ.
27 Езекия кезінде орасан зор дәулет пен даңққа ие болған еді. Ол күмісі мен алтынын, асыл тастары мен хош иісті заттарын, қалқандары мен басқа да әр түрлі бағалы заттарын сақтайтын қазына үйлерін салғызды.
28 Сонымен қатар астық, шырын, май сақтайтын қоймалар және төрт түлік малға арнап қора-қопсылар жасатты.
29 Құдай оны соншама мол дүние-мүлікке кенелткендіктен, патша өзіне көптеп қыстақтар салғызып, қора-қора ірілі-ұсақты малға ие болды.
30 Гихон қайнар көзінің жоғарғы бұлағын бітеп тастап, суын (тауды үңгіп жасаған кәріз арқылы) батысқа, Дәуіттің шаһарының ішіне қарай бағыттап ағызған да патша Езекия еді. Ол не істесе де, табысқа жетіп жүрді.
31 Тек Бабыл патшалығының билеушілері Яһуда елінде болған ғажап керемет туралы сұрастыруға жіберген елшілері келгенде, Құдай Езекияның жүрегінің түкпір-түкпірінің бәрін білу үшін оны өз бетімен қалдырып, сынақтан өткізді.
32 Езекияның қалған өмір тарихы мен адал іс-әрекеті Амос ұлы Ишая пайғамбардың көрген аяндары мен көріністері баяндалған жазбада және «Яһуда мен Солтүстік Исраил патшаларының кітабында» жазылған.
33 Езекия көз жұмып ата-бабаларының қасына жөнелгенде, мәйіті Дәуіт патша әулетінің зиратының жоғарғы бөлігіндегі қабірге қойылды. Бүкіл Яһуда мен Иерусалим халқы оған зор сый-құрмет көрсетті. Оның ұлы Манаса орнын басып патша болды.