Шежірелер 2-ж

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36


Тарау 17

Асаның ұлы Жосапат оның орнын басып Яһудаға патшалық құрды. Жосапат өзінің Солтүстік Исраилдің алдындағы жағдайын күшейту мақсатымен
2 Яһуданың қамалды қалаларында әскери бөлімдерді орналастырды. Патша бүкіл Яһуда жерінде, сондай-ақ, әкесі Аса кезінде Ефрем руының жерінен басып алған қалаларда да өз қарауылдарын қойды.
3 Ежелде арғы атасы Дәуіт жүрген тура жолдан Жосапат та таймағандықтан, Жаратқан Ие оған жар болды. Жосапат Бағал есімді тәңірсымақтың мүсіндеріне емес,
4 марқұм әкесінің сиынған Құдайына бет бұрып мойынсұнды. Осылай патша Жаратқан Иенің өсиеттерін орындап, Солтүстік Исраил халқының зұлым іс-әрекеттерін істеген жоқ.
5 Содан Жаратқан Ие Жосапаттың қолындағы патшалық билікті нығайтып, бүкіл Яһуда елі оған сыйлықтар алып келіп тұрды. Осылайша патша мол дәулет пен зор атақ-даңққа ие болды.
6 Патша шын жүректен Жаратқан Иеге бағышталған еді. Содан ол Яһуданың биіктеу жерлеріндегі жалған тәңірлерге табыну орындарын да, Ашераға арналған ағаш бағаналарды да қиратып алып тастады.
7 Патшалық құрған үшінші жылы Жосапат бірнеше лауазымды қызметкерлерін халыққа тәлім беру үшін Яһуда елінің қалаларына жіберді. Сол қызметкерлердің есімдері Бенхаил, Абадиях, Зәкәрия, Нетанел, Миқая еді.
8 Патша бұларға қоса Шемаях, Нетаниях, Забадиях, Асахил, Шемирамот, Ехонатан, Адониях, Тобиях, Тоб-Адониях есімді леуіліктерді де, Әлишама мен Жорам есімді діни қызметкерлерді де жолдады.
9 Жіберілгендер Жаратқан Иенің Таурат заңының кітабын алып, Яһуда елінде солардан тәлім бере бастады. Осылайша олар бүкіл Яһуда елін аралап, халыққа Таураттағы ережелерді үйретіп шықты.
10 Жаратқан Иенің Өзі Яһуданың айналасындағы елдердің бәріне үрей төндіргендіктен, Жосапатпен соғысуға олардың дәті бармады.
11 Қайта, бірсыпыра філістірлер Жосапат патшаға сыйлықтар және алым-салық ретінде күміс әкеліп, табыстап отырды. Көшпенді араб тайпалары да отарларынан жеті мың жеті жүз қошқар мен жеті мың жеті жүз серке айдап әкеліп беретін.
12 Күш-қуаты барған сайын өсе берген Жосапат Яһудада қорғандар және азық-түлік пен қару-жарақ қорлары сақталатын қалалар салғызды.
13 Осылайша ол Яһуданың қалаларына керек-жарақтың мол қорын жинап қойды. Оның мықты да ержүрек жасақшылары Иерусалимде тұрды.
14 Олардың әулеттері бойынша тізімі мынау: Мыңбасылардың қарамағында Яһуда руынан шыққан үш жүз мың мықты жауынгер болды. Оларды бастайтын қолбасшы Адна еді.
15 Одан кейінгі қолбасшы Жоханан екі жүз сексен мың сарбазды басқарды.
16 Содан кейінгі қолбасшы: өзін Жаратқан Иеге бағыштаған Зіхри ұлы Амасиях. Ол екі жүз мың мықты жауынгерге басшылық етті.
17 Күшті де батыл қолбасшы Әлияданың қарамағында Бунямин руынан шыққан, садақ, қалқанмен қаруланған екі жүз мың сарбаз болды.
18 Одан кейінгі қолбасшы Ехозабад соғысқа жабдықталған бір жүз сексен мың сарбазды бастады.
19 Осылар да, патшаның бүкіл Яһуда еліндегі бекіністі қалаларда орналастырған қарауылдары да оның қызметінде тұрды.