Матай

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28


Тарау 1

Ыбырайым атаның ұрпағы Дәуіт патшаның әулетінен шыққан Иса Мәсіхтің ата-тегінің шежіресі былай құралған:
2 Ыбырайымнан Ысқақ, Ысқақтан Жақып, Жақыптан Яһуда мен оның аға-інілері,
3 ал Яһудадан Парес пен Зарах туды, олардың анасы Тамар болатын. Парестен Хесрон, Хесроннан Рам,
4 Рамнан Әминадап, Әминадаптан Нағасон, Нағасоннан Салмон,
5 Салмоннан Боғоз тарады, оның анасы Рахаб болатын. Боғоздан Ғабит туды, оның анасы Рут еді. Ғабиттен Есей,
6 Есейден Дәуіт патша туды. Дәуіттен Сүлеймен туды, оның анасы Ұрияның бұрынғы әйелі болатын.
7 Сүлейменнен Рохабоғам, Рохабоғамнан Абиях, Абияхтан Аса,
8 Асадан Жосапат, Жосапаттан Жорам, Жорамнан Ұзиях,
9 Ұзияхтан Жотам, Жотамнан Ахаз, Ахаздан Езекия,
10 Езекиядан Манаса, Манасадан Амон, Амоннан Жосия,
11 Жосиядан Ехониях пен оның аға-інілері тарады. Бұл, яһуди халқының көпшілігі Бабыл еліне жер аударылмас бұрын болған еді.
12 Бабылға жер аударылғаннан кейін Ехонияхтан Салатиел, Салатиелден Зоробабел,
13 Зоробабелден Әбиуд, Әбиудтен Елиәкім, Елиәкімнен Азор,
14 Азордан Садық, Садықтан Әкім, Әкімнен Елиуд,
15 Елиудтен Елазар, Елазардан Маттан, Маттаннан Жақып,
16 Жақыптан Мәриямның күйеуі Жүсіп тарады. Ал Мәриямнан Иса дүниеге келді, Ол Мәсіх («Құдай тағайындаған Құтқарушы Патша») деп те аталады.
17 Осылай Ыбырайымнан Дәуітке дейін он төрт ата, Дәуіттен халықтың Бабыл еліне жер аударылғанына дейін де он төрт ата, жер аударылғаннан Мәсіхке дейін де он төрт ата болды.
18 Иса Мәсіхтің дүниеге келуі былай болды: Оның анасы Мәриям Жүсіпке айттырылған еді. Ал екеуі әлі де қосылмай тұрғанда-ақ, Киелі Рухтың құдіретімен Мәриямның аяғы ауыр екендігі белгілі болды.
19 Болашақ күйеуі Жүсіп әділ кісі болғандықтан, қалыңдығын ел алдында ұятқа қалдырмау үшін ешкімге білдірмей келісімдерінен бас тартпақ болды.
20 Бірақ ол осыны ойлап жүргенде Жаратқан Иенің періштесі түсінде аян беріп: «Дәуіттің ұрпағы Жүсіп, қалыңдығың Мәриямға үйленуден шошынба! Себебі құрсағындағы Баласы Киелі Рухтан.
21 Мәриям Ұл таппақ, Оның атын Иса деп қой! Себебі Ол халқын күнәларынан құтқаратын болады», — деді.
22 Мұның бәрі Жаратқан Иенің (Ишая) пайғамбар арқылы алдын ала айтқанының жүзеге асуы үшін солай болды.
23 Ол былай деген: «Біліп алыңдар, пәк қыз құрсақ көтеріп, Ұл туады. Оған Имануил, яғни «Құдай бізбен бірге», деген ат қояды».
24 Жүсіп оянып, орнынан тұрғаннан кейін Жаратқан Иенің періштесінің бұйрығын орындап Мәриямға үйленді.
25 Ал Мәриям босанып, Ұлын тапқанша, Жүсіп онымен жақындасқан жоқ. Нәресте дүниеге келгеннен кейін Оның атын Иса деп қойды.