Матай

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28


Тарау 19

Иса осы айтқандарын тамамдаған соң, Ғалилеядан шығып, Яһудея аймағына әрі Иордан өзенінің шығыс бетіне барды.
2 Оның соңынан халық көптеп еріп, Иса оларды сол жерде ауруларынан сауықтырды.
3 Бірнеше парызшылдар қасына келіп, Исаны сынақтан өткізбек болып: — Күйеуінің кез келген себептен әйелімен ажырасуына бола ма? — деген сұрақ қойды.
4 Исаның жауабы мынау болды: — Сендер Жаратқан Иенің әуел бастан-ақ «адамды бірін еркек, бірін әйел қылып» жаратқанын (Тауратта) оқымап па едіңдер?!
5 Сол кезде Ол былай деген: «Сондықтан еркек әке-шешесін тастап, әйеліне қосылады, сөйтіп екеуі біртұтас болады».
6 Осылайша олар енді екеу емес, біртұтас. Сонымен Құдай қосқанды адам баласы ажыратпасын! —
7 Парызшылдар қарсылық білдіріп: — Олай болса, күйеуі арнайы куәлік қағазын жазып берсе, әйелімен ажырасуына болады деген ережені Мұса пайғамбар неге жазып қалдырған? — деді.
8 Иса оларға былай деп жауап қатты: — Мұса жүректеріңнің Құдайдың еркіне мойынсұнбай қасарысқандығына бола әйелдеріңмен ажырасуға жол берген. Алайда әуел баста бұл олай болмаған еді.
9 Сендерге айтамын: кім жеңіл жүріске түспеген әйелімен ажырасып, басқаны алса, сол неке адалдығын бұзады. (Күйеуімен ажырасқан әйелге үйленген де неке адалдығын бұзады.)
10 Сонда шәкірттері: — Егер еркектің әйелінің алдындағы міндеті осындай болса, онда үйленбеген артық, — деді. Иса:
11 — Бұл айтқандарымды жұрттың бәрі емес, Құдай бұйырғандар ғана ұға алады.
12 Себебі үйлене алмайтын түрлі адамдар бар: кейбіреулері некеге жарамайтын болып туған, басқаларын кісілер сондай еткен, ал тағы біреулері — Құдай Патшалығына көбірек қызмет ету үшін некеден бас тартқандар. Мұны ұғына алатындар ұғынсын! — деп сөзін қорытты.
13 Жұрт Исаға балаларын алып келіп, Одан қолын балалардың үстіне қойып мінажат етіп бата берсін деп өтінді. Бірақ шәкірттері оларға тыйым салды.
14 Ал Иса былай деді: «Балалардың Маған келуіне жол беріңдер, оларға кедергі жасамаңдар! Құдайдың Патшалығы сондайлар үшін».
15 Содан Иса бұл жас балалардың үстіне қолын қойып бата берді; мұнан кейін сол жерден кетіп қалды.
16 Сол кезде біреу Исаға келіп: — Ізгі Ұстаз! Мәңгілік өмірге ие болу үшін қандай игі істер істеуім керек? — деген сұрақ қойды. Иса оған:
17 — Менен неге игілік туралы сұрайсың? Нағыз игілікті — Біреу-ақ. Мәңгілік өмірге ие болу үшін Оның өсиеттерін орындайтын бол! — деп жауап берді. Әлгі кісі:
18 — Қайсыларын? — деп сұрады. — «Кісі өлтірме; неке адалдығын бұзба; ұрлық жасама; жалған куәлік берме;
19 ата-анаңды сыйла!» және «Өзіңді қалай сүйсең, маңайыңдағы адамды да солай сүй!» — деді Иса.
20 Жігіт: — Бұлардың бәрін де (жастайымнан) орындап келемін. Маған тағы не нәрсе жетіспейді? — дегенде,
21 Иса оған былай жауап берді: — Егер мүлтіксіз болғың келсе, барып, мал-мүлкіңді сатып, түскен ақшаны мұқтаждарға үлестіріп бер. Сонда сенің қазынаң көкте болады. Өзің қайтып келіп, шәкіртім болып соңымнан ер!
22 Бұл сөзді естігенде жігіт еңсесі түсіп, қапаланып, сол жерден кетіп қалды. Себебі ол аса дәулетті болатын.
23 Содан Иса шәкірттеріне қарап былай деді: — Сендерге шындығын айтамын: байлардың Құдай Патшалығына кіруі тым қиын!
24 Тағы да айтамын: байдың Құдай Патшалығына кіруінен гөрі түйенің ине көзінен өтуі оңай. —
25 Мұны естіген шәкірттері қатты таңғалып: — Ендеше кім (Құдайдың қаһарынан) құтқарыла алады?! — деген сауал қойды.
26 Иса оларға қарап: — Бұл, адамның қолынан келмейді, бірақ Құдайдың қолынан бәрі де келеді, — деп жауап берді.
27 Петір: — Міне, біз барлығын қалдырып, Сіздің соңыңыздан еріп жүрміз. Сол үшін бізді не күтіп тұр? — деп сұрады.
28 Сонда Иса былай деп жауап қатты: — Сендерге шындығын айтамын: әлем жаңарған кезде, Мен Билеуші ретінде көктен қайтып келіп, салтанатты тағымда отырғанда, сендер де он екі тақта отырып, Исраилдің он екі руына билік жүргізетін боласыңдар.
29 Үй-жайын, бауырларын, әке-шешесін, бала-шағасын не жер-суын Маған бола қалдырған әркімге қарымтасы жүз есе артығымен қайтарылады, әрі ол мәңгілік өмірге ие болады.
30 Сол заманда көптеген алдыңғы қатарлылар соңғылар болады, ал соңғылар алдыңғы қатарға шығады.