Матай
Тарау 3
Сол заманда шомылдыру рәсімін орындаушы Жақия пайғамбар келіп, Яһудея аймағындағы айдалада былай деп уағыз айта бастады:
2 «Теріс жолдан қайтып, Құдай жолына түсіңдер! Құдай Патшалығының жер бетіне орнайтын кезі таяп қалды!»
3 Ишая пайғамбардың ежелде былай деп алдын ала айтқаны Жақия туралы болатын: «Жар салған дауыс шығады айдалада: Жаратқан Иеге жолды дайындаңдар, Түзу қылып даңғыл жолды салыңдар!»
4 Жақия түйе жүнінен шапан киіп, қайыс белбеумен белін буып жүретін. Жейтін азығы шегіртке және жабайы араның балы болды.
5 Сол уақытта Иерусалим қаласынан, бүкіл Яһудея аймағынан және Иордан жағасындағы барлық өңірден халық Жақияның қасына ағылып келіп жатты.
6 Олар күнәларын мойындаған соң, Жақия оларды Иордан өзенінде шомылдыру рәсімінен өткізді.
7 Сол рәсімнен өту үшін көптеген парызшылдар мен саддукейлер де келді. Бірақ Жақия оларды көргенде, қатаң ескертіп былай деді: — Ей, улы жыланның тұқымдары! Келешектегі қаһарлы жазадан құтылуды сендерге кім үйретті?
8 Егер шынымен теріс жолдарыңнан қайтып, Құдай жолына түссеңдер, соған лайықты іс істеңдер!
9 «Біздің түп атамыз — Ыбырайым» деп мақтанбаңдар! Сендерге шын айтамын: Құдай Ыбырайымға мына тастардан да ұрпақ жасап бере алады.
10 Қазірдің өзінде-ақ ағаш түбінде балта дайын тұр! Жақсы жеміс бермейтін әрбір ағаш шабылып, отқа тасталады!
11 Мен сендерді теріс жолдан қайтқандарыңның белгісі ретінде суға шомылдыру рәсімінен ғана өткіземін. Ал менен құдіретті Біреу менен кейін келе жатыр. Ол сендерді Киелі Рухына әрі отқа шомылдырады. Оның құлы болып кебісін әперуге де тұрмаймын.
12 Ол бидайды желпушіге ұқсайды: күрегі қолында, қырманын тазартып, «бидайын» жинап, қамбасына құяды, бірақ «қауызын» тозақтың сөнбес отына жағады!
13 Сол шамада Иса Жақияның шомылдыру рәсімінен өту үшін Ғалилеядан Иордан өзеніне келіп жетті.
14 Бірақ Жақия Оны тоқтатып: — Осы рәсімнен Сіздің мені өткізгеніңіз жөн бола тұра, қалайша маған келіп тұрсыз? — деді.
15 Иса оған: — Қазір осылай болсын. Солай Құдайдың әділ еркін толық орындауға тиіспіз, — деп жауап берді. Жақия Оның айтқанына көнді.
16 Иса шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін дереу судан шықты. Сол сәтте көк ашылып, Иса Өзіне көгершін сияқты төмендеп келіп, қонған Құдай Рухын көрді.
17 Сонда көктен: «Бұл — Менің сүйікті рухани Ұлым, Оған толықтай ризамын!» — деген дауыс естілді.