Матай

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28


Тарау 16

Сол жердегі парызшылдар мен саддукейлер Исаның қасына келді. Оның билігін сынау үшін Исадан көктің құдіретімен бір керемет көрсетуін сұрады.
2 Иса оларға былай деп жауап берді: — Сендер кешке «Күн ашық болады, қызарып батты ғой» деп жорисыңдар,
3 ал таңертең «Бүгін дауыл тұрады, аспан қып-қызыл әрі бұлыңғыр екен» дейсіңдер. Осылай аспанның құбылыстарын түсіне білесіңдер, бірақ қазіргі заманда болып жатқан оқиғаларды ұға алмайсыңдар!
4 Жаман, опасыз ұрпақ (билігімді дәлелдейтін) керемет көрсетуімді талап етеді. Бірақ осы ұрпаққа Жүніс пайғамбардың кереметінен басқасы көрсетілмейді! — Мұнан кейін Иса оларды тастап, сол жерден кетіп қалды.
5 Иса шәкірттерімен көлдің ар жағына өтті. Шәкірттер нан ала келуді ұмытып кеткен еді.
6 Иса оларға: — Абайлаңдар, парызшылдар мен саддукейлердің «ашытқыларынан» сақтаныңдар! — деп ескертті.
7 Шәкірттері өзара пікірлесіп: — Бұны нанымыздың жоқтығынан айтқан шығар, — десті.
8 Иса оларын біле қойып, былай деп сұрады: — Сенімі аздарым-ай, неге сендер нанымыз жоқ деп пікірлесіп отырсыңдар?
9 Жасағандарымды әлі де не түсінбей, не ескермей келесіңдер ме? Бес күлше нан бес мың адамға жетіп, қалдықтардан неше себет жинап едіңдер?
10 Әрі жеті күлше төрт мың адамға жетіп, артылып қалғаны қанша үлкен себет болды?
11 Менің сендерге: «Парызшылдар мен саддукейлердің ашытқысынан сақтаныңдар!» дегенімде нан туралы айтпағанымды қалайша ұға алмайсыңдар? —
12 Сонда шәкірттері Исаның нандағы ашытқыдан емес, парызшылдар мен саддукейлердің жалған тәлімдерінен сақтандырғанын түсінді.
13 Бірде Иса Філіп-Кесариясы қаласының маңына барып, жеткеннен кейін, шәкірттеріне: — Жұрт көктен келген Билеушіні кім деп жүр? — деген сұрақ қойды.
14 Олар: — Біреулері Сізді шомылдыру рәсімін жасаған Жақия, ал басқалары Ілияс пайғамбар, тағы басқалары Еремия немесе ежелгі пайғамбарлардың өзге біреуі деп жүр, — деді.
15 Сонда Иса: — Ал сендер Мені кім дейсіңдер? — деп сұрады.
16 Шимон Петір: — Сіз Мәсіхсіз, мәңгі тірі Құдайдың рухани Ұлысыз! — деп жауап берді.
17 Иса оған: — Сен бақыттысың, Жүніс ұлы Шимон: саған мұны адам баласы емес, көктегі Әкем білдірді!
18 Бұдан былай сенің атың Петір («Тас») болады. Осы іргетастың үстіне Мен Өзіме сенушілердің қауымын саламын. Оны өлімнің күштері де жеңе алмайтын болады.
19 Саған Құдай Патшалығына жол ашатын кілттерді тапсырамын; жер бетінде тыйым салғаныңды да, рұқсат еткеніңді де көктегі Әкем бекітпек, — деді.
20 Содан кейін Иса Өзінің Мәсіх екені туралы ешкімге тіс жармауды шәкірттеріне қатты ескертті.
21 Сол кезден бастап Иса Өзінің Иерусалимге баруға тиісті екенін ашық білдіре бастады: — Ол жерде Мен рубасылар, басты діни қызметкерлер мен дін мұғалімдерінен көп азап шегуге тиіспін: Менің өлтірілуім, бірақ содан кейінгі үшінші күні қайтадан тірілуім де қажет! — деді.
22 Сонда Петір Исаны былайырақ алып шығып: — Құдай сақтасын, Мырза, ондай нәрсе басыңызға түсе көрмесін! — деп қарсылық білдіре бастады.
23 Бірақ Иса Петірге бұрылып: — Менен аулақ кет, әзәзіл! Маған тұзақ құрып жатырсың: сен Құдайдың емес, адамның қалауын ойлап тұрсың, — деп тыйым салды.
24 Бұдан кейін Иса шәкірттеріне мынаны айтты: — Маған еріп шәкіртім болғысы келген әркім өз еркі бойынша өмір сүруін қойсын, әрі айқышын арқалаған кісідей азапты өлімге дайын болып Менің жолыммен жүрсін!
25 Себебі кім өмірімді сақтаймын десе, одан айырылады, ал өмірін Мен үшін қиған әркім оған (мәңгі) иелік етеді.
26 Адам бүкіл дүниеге ие болып, сол себепті (мәңгілік) өмірінен айырылса, бұдан оған не пайда? Яки адам өз өмірі үшін қандай құн төлей алады?
27 Себебі Мен періштелерімді ертіп Әкемнің салтанатты ұлылығымен Билеуші ретінде көктен қайтып келген кезімде әркімге істеген істеріне қарай сыйын беремін.
28 Сендерге шын айтамын: осында тұрған кейбіреулерің Менің Құдай тағайындаған Билеуші ретінде Патшалығымның нұрлы салтанатымен келуімді өз көздеріңмен көрмей, өлмейсіңдер.