Матай
Тарау 21
Осылай Иса мен шәкірттері Иерусалимге таяп, Зәйтүн тауының беткейіндегі Бетфаге ауылына жақындап келді. Сонда Иса екі шәкіртін жұмсап,
2 оларға мынадай тапсырма берді: — Қарсы алдарыңдағы ауылға барыңдар. Оған кірген бойда байлаулы тұрған бір ұрғашы есекті және қасында тұрған тайқарды көресіңдер. Соларды шешіп, алып келіңдер.
3 Егер біреу сендерге бірдеңе дей қалса, оған: «Бұлар Мырзамызға керек» деп жауап беріңдер. Сонда ол дереу жібере салады.
4 Осының бәрі орындалғанда (ежелде Зәкәрия) пайғамбар айтқан мына тәрізді сөздер жүзеге асты:
5 Сион халқына мынаны айтыңдар: «Қара, сенің Патшаң саған келе жатыр! Ол кішіпейілділікпен есекке мініп, тайқардың, жүк таситын бір жас көліктің, үстінде отыр».
6 Екі шәкірт барып, Исаның тапсырғанындай істеп,
7 ұрғашы есек пен тайқарды алып келді. Олар үстіне шапандарын жапқаннан кейін, Иса тайқарға мінді.
8 Халықтың көбі жамылғыларын жолға жайса, өзгелері ағаштардан бұтақшалар кесіп алып, соларды төсеп отырды.
9 Алды-артынан еріп жүрген қалың топтар қатты дауыспен былай деп айқай салды: «Дәуіттің Ұрпағы үшін Тәңір Ие мадақталсын!» «Жаратқанның атынан келе жатқан (Патша) жарылқанған!» «Заңғар аспанда Жаратқан Ие мадақталсын!»
10 Иса Иерусалимге кірген кезде бүкіл қала толқып, халық: — Бұл кім Өзі? — деп сұрасты.
11 Оған еріп жүрген қалың топтар: — Бұл — Иса, Ғалилеядағы Назареттен шыққан Пайғамбар! — деп жауап қайырды.
12 Иса ғибадатхананың алаңына кірген соң, ондағы сатушылар мен алушылардың бәрін де қуып шығарды. Ақша айырбастаушылардың үстелдері мен көгершін сатушылардың орындықтарын аударып тастады.
13 Оларға: «Киелі жазбаларда: «Менің (киелі) үйім мінажат ететін үй деп аталатын болады!» делінген. Бірақ сендер оны «қарақшылар ордасына» айналдырғансыңдар!» — деп қатаң ескертті.
14 Соқырлар мен ақсақтар ғибадатханада Оның қасына жиналып, Иса оларды сауықтырды.
15 Алайда басты діни қызметкерлер мен дін мұғалімдері Исаның жасаған тамаша істерін және балалардың ғибадатхана алаңында: «Дәуіттің Ұрпағы үшін Тәңір Ие мадақталсын!» — деп айқайлағанын көріп-естігенде, ашуланды.
16 Олар Исаға: — Бұлардың не деп жатқандарын естіп тұрсыз ба?! — деп наразылықтарын білдірді. Ал Иса: — Әрине, естіп тұрмын. Сіздер (Забурда) «Балалардың, кішкене бөбектердің аузымен Өзіңді дәріптетесің» деп жазылғанды ешқашан оқымап па едіңіздер? — деп жауап қайтарды.
17 Содан кейін Иса ғибадатханадағы халықты қалдырып, қаладан шығып, Бетанияда түнеді.
18 Ертеңгісін қалаға қайтып келе жатқанда Исаның қарны ашты.
19 Жол бойында Ол бір інжір ағашын көріп, қасына барды. Бірақ одан жапырақтан өзге ештеңе таппады. Сонда Иса: «Бұдан былай мәңгі ешқандай жемісің болмасын!» — деді. Інжір ағашы бірден қурап қалды.
20 Мұны көрген шәкірттері қайран қалып, өзара: — Ағаш қалайша бірден қурап қалды? — деп сұрасты.
21 Иса: — Сендерге шындығын айтамын: егер еш күмәнсіз Құдайға сенсеңдер, Менің осы ағашқа істегенімнен де зор нәрсені істейтін боласыңдар. Мына тауға: «Орныңнан көтеріліп, теңізге лақтырыл!» — десеңдер, сол орындалады.
22 Құдайға сеніммен сиынып (Оның еркіне сай) нені сұрасаңдар да, Одан аласыңдар, — деп жауап берді.
23 Содан соң Иса ғибадатханаға кірді. Жұртқа тағылым беріп жатқан Оның қасына елдің басты діни қызметкерлері мен рубасылары жақындап: — Бұл істерді қандай билікпен істеп жүрсіз? Сізге мұндай билікті кім берді? — деген сауал қойды.
24 Исаның жауабы мынау болды: — Мен де сіздерге бір сұрақ қояйын. Соған жауап берсеңіздер, онда бұл істерді қандай билікпен істеп жүргенімді айтып беремін.
25 Жақияның орындаған шомылдыру рәсімі қайдан болып еді: көктің еркімен бе, әлде адамның еркімен бе? Олар өзара пікірлесіп: «Егер «көктің еркімен» десек, Ол бізден: «Ендеше Жақияның уағызына неге сенбедіңіздер?» деп сұрайды.
26 Ал «адам еркімен» десек, халықтың наразылығына ұшыраймыз деп қаймығамыз. Барлығы Жақияның пайғамбар болғанына сенеді ғой», — десті.
27 Сондықтан олар Исаға: — Оны білмейміз, — деп жауап берді. Иса: — Олай болса, Мен де бұл істерді қандай билікпен істеп жүргенімді айтпаймын, — деп кесіп айтты.
28 — Ал мына оқиғаға қалай қарайсыздар: Бір адамның екі ұлы болыпты. Ол біреуіне келіп: «Ұлым, бүгін жүзімдікке барып, жұмыс істеші», — деп тапсырғанда,
29 баласы: «Барғым келмейді», — деп жауап қайырады. Дегенмен кейінірек онысына өкініп, жұмысқа барады.
30 Әкесі екіншісіне келіп те дәл солай дейді. Бұл: «Жарайды, әке, барамын», — деп жауап берсе де, бармай қояды.
31 Осы екеуінің қайсысы әкесінің еркін орындады? — деп сұрады Иса. Ел басшылары: — Біріншісі, — деп жауап бергенде, Ол былай деді: — Ендеше сіздерге шындығын айтайын: Құдай Патшалығына сіздерден бұрын (теріс жолдан қайтқан) салықшылар мен азғын әйелдер кірмек!
32 Себебі Жақия әділдік жолын көрсетуге келгенде оған сенбедіңіздер. Бірақ салықшылар мен азғын әйелдер оған сенім артты. Ал сіздер тіпті мұны көргеннен кейін де теріс жолдан қайтпадыңыздар, әрі оған сенбедіңіздер!
33 Тағы бір астарлы әңгімені тыңдаңыздар: бір қожайын жүзім бағын отырғызады. Оны дуалмен қоршап қояды, әрі жүзім шырынын сығып алуға арналған шұңқыр қазып жасап, күзет мұнарасын да салады. Кейін бағын жүзімшілерге жалға тапсырып, өзі басқа жаққа сапарға аттанады.
34 Жеміс піскен мезгілде бақтың иесі өнімінен өзіне тиісті үлесін алу үшін қызметшілерін жұмсайды.
35 Бірақ жүзімшілер қызметшілерді ұстап алады: біреуін ұрып-соғып, өзгесін өлтіріп, тағы біреуін таспен атқылайды.
36 Қожайын бұрынғыдан да көбірек қызметшілерін жібереді. Бірақ әлгілер оларға да алдындағыдай істейді.
37 Ақыр соңында қожайын: «Менің ұлымнан қаймығар» — деп ойлап, оларға өз ұлын жұмсайды.
38 Бірақ жүзімшілер ұлын көргенде өзара: «Бұл — мұрагер ғой! Кәне, жүріңдер, оны өлтіріп, мұрасына ие болайық!» — деседі.
39 Оны ұстап алып, бақ сыртына алып шығып, өлтіріп тастайды.
40 Енді жүзімдіктің иесі келгенде, осы жүзімшілерге не істемек? —
41 Тыңдап тұрғандар Исаға: — Ол зұлымдарды азаптап өлтіріп, бағын басқаларға тапсырмақ. Солар мерзімі жеткенде оған тиісті өнімін беретін болады, — деп жауап берді.
42 Сонда Иса былай деді: — Киелі жазбадан мынаны ешқашан оқымап па едіңіздер: «Құрылысшылар менсінбеген Тас енді үйдің басты іргетасына айналды! Жаратқанның Өзі соны істеді, көз алдымызда бұл керемет болды!»
43 Сондықтан да сіздерге айтамын: Құдай өз Патшалығын сіздерден тартып алып, басқа бір халыққа тапсырмақ! Олар оның өнімін беріп тұратын болады.
44 Ал әлгі Тасқа сүрініп құлаған әркім талқандалады, әрі осы Тас үстіне құлағандар жаншылып қалады!
45 Астарлы әңгімелерін тыңдаған басты діни қызметкерлер мен парызшылдар Исаның өздері туралы айтқанын ұғып,
46 Оны тұтқындамақ болды. Алайда Исаны пайғамбар деп қадір тұтқан халықтан қорқып, соған батылдары бармады.