Матай
Тарау 26
Иса осы сөздерін тамамдады да, шәкірттеріне:
2 «Екі күннен кейін Құтқарылу мейрамы болатынын білесіңдер. Сонда адамдар көктен келген Мені айқышқа шегелеп өлтіру үшін ұстап береді», — деді.
3 Сол уақытта елдің басты діни қызметкерлері мен рубасылары бас діни қызметкердің сарайына жиналып,
4 кеңес құрды. Олар Исаны айламен қолға түсіріп, өлтірудің жолын қарастырды,
5 бірақ: «Мұны мейрам күндері іске асыруға болмайды! Әйтпесе халық арасында бүлік шығып жүрер», — десті.
6 Ал Иса бұл кезде Бетанияда, бұрын алапеспен ауырған Шимонның үйінде болатын.
7 Сонда қолында аса бағалы иісмайға толы мөлдір тас құтысы бар бір әйел Исаның қасына жақындап келді. Әйел иісмайды дастарқан басында жантайып жатқан Исаның басына құйды.
8 Шәкірттері осыны көргенде наразы болып: — Неге мұндай ысырап?
9 Бұл иісмайды қымбат бағаға сатып, түскен ақшаны мүсәпірлерге үлестіруге болатын еді ғой! — десті.
10 Бірақ соларын ұға қойған Иса оларға қарсы шығып былай деді: — Әйелді неге мазалайсыңдар? Ол Маған ерекше жақсылық жасады.
11 Мүсәпірлер әрдайым қастарыңда ғой, ал Мен ұдайы қастарыңда бола бермеймін.
12 Иісмайды құюы арқылы ол Менің денемді қабірге қойылуға дайындады.
13 Сендерге шын айтамын: қай жерде болмасын бүкіл дүние жүзінде осы Ізгі хабар уағыздалғанда, осы әйелді де еске алып, істегенін айтатын болады.
14 Ал он екі елшінің Яһуда Исқариот есімді біреуі басты діни қызметкерлерге барып:
15 «Исаны қолдарыңызға түсірсем, маған не бересіздер?» — деп сұрады. Олар оған отыз күміс теңге ұсынды.
16 Осы кезден бастап Яһуда Исаны оларға ұстап берудің қолайлы сәтін аңдыды.
17 Ашымаған нан мейрамының бірінші күні шәкірттері Исаның қасына келіп: — Мейрам асыңызды қай жерде әзірлеуімізді қалайсыз? — деп сұрады.
18 Иса оларға мынадай жауап берді: — Қаладағы Мен айтқан адамға барып, оған былай деңдер: «Бұйырылған уақытым жақындап қалды. Мейрам салтын шәкірттеріммен бірге сенің үйіңде орындамақпын деп Ұстазымыз сәлем айтты». —
19 Шәкірттері Исаның тапсырғанындай істеп, мейрам асын даярлады.
20 Кеш түсе Иса он екі шәкіртімен бірге дастарқан басында жантайды.
21 Тамақ ішіп отырғанда Иса оларға қарап: — Сендерге шындығын айтайын: араларыңдағы біреу Маған опасыздық жасайды, — деді.
22 Олар еңселері түсіп, қатты абыржып бірінен соң бірі: — Мырза, сол адам мен емес пе екенмін? — деп сұрай бастады.
23 — Табақтағы тұздыққа Менімен бірге бір үзім нанын батырып алып жатқан біреуің Мені ұстап бересің.
24 Көктен келген Мен Киелі жазбаларда Өзім туралы алдын ала айтылған жолмен жүремін. Алайда Мені ұстап беретін адам қасіретке қалады-ау! Сол кісі үшін ешқашан дүниеге келмегені жақсы болар еді! — деді Иса.
25 Оған опасыздық жасаған Яһуда да: — Ұстаз, сол адам мен емес пе екенмін? — деп сұрағанда, Иса: — Мұны өзің айтып тұрсың, — деп жауап берді.
26 Олар тамақ ішіп отырғанда, Иса қолына нан алып, шүкірлік етіп бата берді. Нанды үзіп, шәкірттеріне беріп жатып: — Алып жеңдер, бұл — Менің денем, — деді.
27 Иса тостағанды да алып, шүкірлік етті. Оларға соны беріп жатып, былай деді: — Мынадан бәрің де ішіңдер.
28 Өйткені бұл — күнәлары кешірілсін деп көптеген адамдар үшін төгіліп, (Жаңа) Келісімді бекітетін Менің қаным.
29 Сендерге айтамын: Мен Әкемнің Патшалығы орнағанда сендермен бірге жаңа жүзім шырынынан ішетін боламын. Сол күнге дейін енді қайтып одан еш татпаймын.
30 Бұдан кейін олар Құдайды мадақтау әнін айтты; содан соң сол жерден шығып, Зәйтүн тауына қарай беттеді.
31 Жолшыбай Иса шәкірттеріне тіл қатып былай деді: — Бүгін түнде бәрің де (басыма түсетін жайттарға бола) Менен безіп кетесіңдер. Себебі (Пайғамбар жазбаларында мына тәрізді сөздер) жазылған: «Бақташыны» ұрып өлтіремін, сонда «отарындағы қойлары» бытырап кетеді.
32 Бірақ Мен қайта тірілгеннен кейін сендерден бұрын Ғалилеяға барамын. —
33 Ал Петір жауап қайырып: — Бәрі Сізден безіп кетсе де, мен ешқашан безіп кетпеймін! — деді.
34 Иса оған: — Саған шындығын айтайын: осы түні-ақ әтеш шақырғанша, сен Менен үш рет танасың! — дегенде,
35 Петір: — Маған Сізбен бірге тіпті өлуге тура келсе де, Сізден еш танбаймын! — деді. Барлық басқа шәкірттері де осыны айтты.
36 Осылай Иса олармен бірге бақшасы бар Гетсимани деген жерге жетті. Сонда Ол шәкірттеріне: «Мен ана жерге барып, сиынып мінажат еткенше, осында отыра тұрыңдар», — деп тапсырды.
37 Ол Петірді және Зебедейдің екі ұлын Өзімен бірге ала кетіп, қайғырып қинала бастады.
38 Осы үш шәкіртіне Иса: «Жаным өлердей қайғырып тұр. Осында қалып, Менімен бірге ұйықтамай, сергек болыңдар!» — деді.
39 Иса сол жерден әрірек барып, етпетінен жығылып былай деп мінажат етті: «О, Әкем, мүмкін болса, (қаһарыңа толы) осы «тостағанды» Маған жолата көрме. Алайда Менің емес, Сенің еркіңе сай болсын!»
40 Иса қайтып келгенде шәкірттерінің ұйықтап жатқанын көрді. Петірге: «Сонда ең болмағанда бір сағат Менімен бірге ұйықтамай отыра алмағаның ба?
41 Азғырылмау үшін сергек болып, сиынып мінажат етіңдер! Рух дайын болғанмен, тән осал», — деді.
42 Иса екінші рет тағы да шеткері барып, сиынып: «О, Әкем, егер (қаһарыңа толы) бұл «тостаған» Маған соқпай өте алмаса, онда Сенің еркің орындалсын!» — деп мінажат етті.
43 Иса оралып келгенде, шәкірттерінің қайтадан ұйықтап жатқанын көрді. Себебі көздерін ұйқы басқан еді.
44 Иса оларды қалдырып, тағы да барып, үшінші рет дәл сол сөздерін айтып сиынды.
45 Содан кейін шәкірттеріне қайта оралып, былай деді: «Әлі де ұйықтап, тынығып жатырсыңдар ма? Енді уақыт болды: Құдай тағайындаған Билеуші күнәкарлардың қолына ұстап беріледі.
46 Міне, Мені ұстап беруші таяп қалды. Тұрыңдар, соған қарай жүрейік!»
47 Иса әлі де осыны айтып жатқанда, он екі елшінің біреуі — Яһуда семсер мен сойыл ұстанған үлкен бір топ адамды сол жерге ертіп келді. Бұларды елдің басты діни қызметкерлері және рубасылары жіберген еді.
48 Исаға опасыздық жасаушы Яһуда белгі беру туралы: «Кімнің бетінен сүйсем, Ол — Соның Өзі. Сол Адамды тұтқынға алыңдар!» — деген болатын.
49 Яһуда дереу Исаның қасына барып: — Ұстаз, амансыз ба! — деп, Оның бетінен сүйді.
50 Иса оған: — Достым, сен не үшін келдің? — деді. Сонда жасақшылар жақындап келді де, Исаға тап беріп, Оны ұстай алды.
51 Кенеттен Исаның қасындағыларының біреуі семсерін суырып алып, бас діни қызметкердің малайына қарай сілтеп қалып, оның бір құлағын шауып түсірді.
52 Ал Иса оған: «Семсеріңді қынабына сал! — деп бұйырды. — Семсеріне сенген семсерден өлер.
53 Мен қазір Әкемнен сұрасам, Ол Маған дереу он екі әскери бөлімнен астам періштелерін жібереді! Әлде солай болмайды деп ойлайсың ба?
54 Бірақ олай істесем, Киелі жазбалардағы осы оқиғалар болуға тиіс деп алдын ала айтылғандар қалай жүзеге асар еді?!»
55 Сол сәтте Иса келген үлкен топқа қарап: «Мені тұтқындауға, қарақшыға қарсы аттанғандай, семсер мен сойыл алып шыққандарыңыз қалай? Күн сайын ғибадатханада тағылым беріп отырғанымда Мені ұстаған жоқсыздар.
56 Бірақ осылардың бәрі Пайғамбарлар жазбаларында алдын ала айтылғандардың жүзеге асуы үшін болды», — деді. Сонда шәкірттерінің бәрі Оны тастап, қаша жөнелді.
57 Исаны тұтқынға алғандар Оны бас діни қызметкер Қаяфаға апарды. Сол жерге дін мұғалімдері мен рубасылар жиналған болатын.
58 Петір Исаға алыстан, бас діни қызметкердің сарайының ауласына дейін, ілесе отырып, ішке кірді. Істің немен бітетінін көру үшін сақшылардың қасына барып отырды.
59 Сол кезде басты діни қызметкерлер мен бүкіл Жоғарғы кеңес Исаны өлімге кесу үшін Оған қарсы жалған айғақтар іздестірді.
60 Алайда көптеген куәгерлер алға шығып, өтірік айтса да, Оған тағатын бірде-бір дәлелді айып табылмады. Ақырында екі кісі алға шығып, Исаны былай деп кінәлады:
61 — Мынау: «Құдайдың киелі үйін бұзып, үш күнде қайта тұрғызу қолымнан келеді!» дейтін.
62 Сонда бас діни қызметкер орнынан тұрып, Исадан: — Ешқандай жауап бермейсің бе? Мыналар Саған қарсы не деп куәлік беріп тұр? — деп сұрады.
63 Бірақ Иса үндемеді. Сонда бас діни қызметкер Оған: — Мәңгі тірі Құдайдың алдында ант етіп, бізге айтып бер: Сен Құдайдың рухани Ұлы — Мәсіхсің бе? — деген сұрақ қойды.
64 Иса: — Өзіңіз айтып тұрсыз. Сіздерге мынаны да айтамын: Менің Билеуші ретінде Құдірет Иесінің оң жағында отырғанымды әрі аспандағы бұлттармен келе жатқанымды әлі көретін боласыздар! — деп жауап берді.
65 Сонда бас діни қызметкер шапанының өңірін айыра жыртып: — Ол Тәңірге тіл тигізді! Енді куәгерлердің қажеті қанша? Қорлық сөздерін өз құлақтарыңызбен естідіңіздер!
66 Бұған қалай қарайсыздар? — деп дауыстады. — Жиналғандар: — Ол өлім жазасына лайық! — деп жауап қайтарды.
67 Сонда олар Исаның бетіне түкіріп, жұдырықтады. Кейбіреулері Оның жағынан тартып-тартып жіберіп:
68 «Әй, Мәсіх, пайғамбар болсаң, Сені кім ұрды, бізге айтып берші!» — деп келекеледі.
69 Сол кезде Петір сыртта, сарайдың ішкі ауласында отырған еді. Бір қызметші қыз оған жақындап келіп: — Сен де ғалилеялық Исамен бірге жүретін едің ғой! — деді.
70 Алайда Петір бәрінің алдында: — Не деп тұрғаныңды білмеймін! — деп мойындамады.
71 Содан ол ішкі ауладан шығып, қақпа жағына жылжи берді. Сонда Петірді тағы бір қызметші қыз көріп, маңындағыларға: — Мынау да назареттік Исамен бірге жүретін! — деді.
72 Петір қайтадан: — Ол Адамды білмеймін! — деп мойындамай, ант ішті.
73 Сәл кейінірек сонда тұрғандар оның қасына келіп: — Сен шынымен де солардың біреуісің! Қалай сөйлегеніңнен-ақ білініп тұр! — деді.
74 Сонда Петір: — Ол Адамды еш білмеймін! — деп ант ішіп, қарғана бастады. Сол сәтте-ақ әтеш шақырды.
75 Петірдің есіне Исаның: «Әтеш шақырғанша сен Менен үш рет танасың» деген сөзі түсті. Ол қақпа сыртына шығып, қатты жылады.