Малахи
Тарау 4
— Сот күні еш шүбәсіз келе жатыр! Ол лаулап жанған пешке ұқсамақ. Сол кезде барлық өркөкіректер мен зұлымдық жасаушылар сабан іспетті болады. Осы келе жатқан күн оларды өртеп жібереді! — деп нық айтады Әлемнің Иесі. — Олардың бірде-бір тамырын да, бұтағын да қалдырмайды!
2 Бірақ Менің есімімді терең қастерлейтін сендерге ақталу сыйлайтын күн шығады, оның сәулесінің аясында жандарың сауығады. Сонда сендер қорадан шығып, секіріп ойнайтын торпақтардай азат жүресіңдер.
3 Сол кезде зұлымдарды таптап тастайсыңдар. Мен осының бәрін іске асырған күні олар табандарыңның астындағы күл сияқты болады, — дейді Әлемнің Иесі.
4 Хориб тауында өз қызметшім Мұса арқылы бүкіл Исраилге тапсырған Таурат заңындағы ережелер мен шешімдерімді естеріңде сақтаңдар!
5 Біліп қойыңдар, «Жаратқан Иенің ұлы да қорқынышты соты күні» келмес бұрын Мен сендерге Ілияс пайғамбарды жіберемін.
6 Ол әкелерді балаларымен, балаларды әкелерімен шын жүректен татуластыратын болады. Ал егер олар мойынсұнбаса, Мен келіп, бүкіл елді қарғап, қиратамын.