Малахи
Тарау 2
— Ал мынау Менің сендерге арнаған ескертуім, уа, діни қызметкерлер!
2 Мені тыңдап, есімімді шын жүректен құрметтеуге берік шешім қабылдаңдар! — деп нық айтады Әлемнің Иесі. — Әйтпесе Мен сендердің өздеріңе қарғыс жіберемін, әрі сендердің халыққа берген баталарыңды қарғысқа айналдырамын. Иә, тіпті қазірдің өзінде Мен оларды қарғысқа айналдырдым! Себебі сендер Менің есімімді шын жүректен құрметтемейсіңдер.
3 Сендердің кесірлеріңнен Мен ұрпақтарыңды жазалаймын. Өз мейрамдарыңда ұсынылған құрбандықтарыңның жынын беттеріңе жағамын. Сонда сендер соларыңмен бірге қоқыс төгілетін жерге әкетілесіңдер.
4 Осылай сендер Леуі руымен жасаған Келісімімнің өз күшінде қалуын көздеп өздеріңе осы ескертуді жібергеннің Мен екенімді білетін боласыңдар, — дейді Әлемнің Иесі. —
5 Менің Леуі руымен жасаған Келісімім өмір мен амандықты мақсат еткен. Мен осы екеуін де оларға сыйлап келдім. Леуіліктер Менің есімімді қастерлеуге тиіс еді. Бастапқы кезде олар Менің есімімнің алдында дірілдеп қорқып, оны терең қастерледі де.
6 Ауыздарынан тек шынайы тәлім ғана шығып, олар еш өтірік айтпайтын. Леуіліктер Менімен байланысып тыныш та әділ жүрді, әрі көптеген адамды теріс жолдарынан қайтарды.
7 Себебі діни қызметкердің аузынан шыққан сөздері білімді сақтайды. Адамдар оның айтқандарынан тәлім алуға ізденулері керек. Себебі ол — Әлемнің Иесінің хабаршысы.
8 Бірақ сендер осы жолдан тайып кеттіңдер. Берген тәлімдеріңмен көптеген адамды адастырдыңдар. Сендер Леуімен жасасқан Келісімімді бұздыңдар! — Әлемнің Иесі осыны әшкерелейді. —
9 Сондықтан да Мен сендерді бүкіл халыққа абыройсыз етіп, олардың көз алдында масқаралап, төмендеттім. Себебі сендер Менің тура жолыммен жүрмедіңдер. Таурат заңымды жүзеге асырғанда адамның бет-жүзіне қарадыңдар.
10 Біздің бәріміздің көктегі Әкеміз бірдей ғой! Бәрімізді де бір Құдай жаратқан жоқ па?! Ендеше неліктен біз бір-бірімізге опасыздық жасап, Жаратқан Иенің ата-бабаларымызбен жасаған Келісімін бұзамыз?
11 Яһуда халқы опасыздық жасады. Исраил мен Иерусалимнің ер адамдары жексұрын іс істеді! Олар бөгде тәңірге табынатын әйелдерге үйленіп, Жаратқан Ие сүйген киелі орынды арамдады.
12 Мұны істеген не соны жақтаған әрбір адам тіпті Әлемнің Иесіне арнап сый-тарту әкелетін болса да, Жаратқан Ие оны Исраилдің елді мекендерінен аластатсын!
13 Сендер тағы мынаны да істейсіңдер: Жаратқан Иенің құрбандық үстеліне көз жастарыңды төгіп, қынжылып жылайсыңдар. Себебі Ол сендердің құрбандықтарыңа көңіл бөліп, оларды сендерден ризалықпен қабылдаудан бас тартады.
14 Ал сендер: «Неге?» деп сұрайсыңдар. Өйткені сендер жастай үйленген әйелдеріңе адал болмай, өмірлік жар боламын деп берген серттеріңнен тайдыңдар. Бірақ сендердің әйелдеріңмен жасаған келісімдеріңе Жаратқан Иенің Өзі куә болған еді.
15 Құдай ерлі-зайыптыны біртұтас болуға жаратпады ма? Олар жан-тәндерімен Оның меншігі. Құдай сендерден нені қалайды? Ол құдайшыл ұрпақтардың өсіп-өрбуін қалайды. Сонымен әрқайсың жан дүниелеріңді таза сақтап жүріңдер! Ешқайсың жастай некелескен әйелдеріңе опасыздық жасамаңдар!
16 «Себебі Мен ерлі-зайыптының ажырасқанын жек көремін! — деп жариялайды Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие. — Сол ісі оның әйелін зорлықпен бүркеп тастағанымен бірдей болады. Сондықтан (әйелдеріңе) опасыздық жасамау үшін жан дүниелеріңе қырағы болыңдар!» — деп ескертеді Әлемнің Иесі.
17 Сендер айтқан сөздеріңмен Жаратқан Иеге ауыртпалық түсірдіңдер. Бірақ та «Біз Оған қалайша ауыртпалық түсірдік?» деп сұрайсыңдар. Сендер: «Зұлымдық жасайтындарды Жаратқан Ие жақсы көріп, оларға риза болады екен!» дейсіңдер де, «Әділдікті қорғайтын Құдай қайда?» деп сұрайсыңдар.