Леуіліктер
Тарау 8
Жаратқан Ие Мұсаға тағы да нұсқау беріп былай деді:
2 «Менің алдыма Һаронды және оның ұлдарын, сондай-ақ, арнайы киімдерін, май жағу рәсіміне арналған майды әрі күнәнің құнын өтейтін құрбандыққа бір жас бұқаны, екі қошқарды және ашымаған нан салынған себетті алып кел.
3 Бүкіл қауымды кездесу шатырының алдына жина».
4 Сонда Мұса Жаратқан Иенің берген тапсырмасын орындады да, қауым кездесу шатырының кіреберісінің маңында жиналды.
5 Мұса жиналғандарға: «Жаратқан Ие бізге мынаны істеңдер деп бұйырды», — деді.
6 Содан ол Һарон мен оның ұлдарын алға шығарып, оларды сумен жуып тазару рәсімінен өткізді.
7 Мұса Һаронға арнайы ұзын көйлегін кигізіп, жалпақ белбеуін тақты да, сырт көйлегі мен жеңсіз сырт киімін кигізді. Мұнан кейін ол жеңсіз сырт киімді кестеленіп тоқылған белбеумен буды.
8 Һаронға кеуде қалтаны таққызып, соған «Нұр және Кемелділік» атты арнайы жеребелерді салып қойды.
9 Содан соң Мұса Һаронның басына сәлдені кигізді. Сәлденің маңдай жағына Һаронның Құдайға түгелдей бағышталғандығын белгілейтін алтын тақташаны бекітіп байлады. Осының бәрін Мұса Жаратқан Иенің бұйырғанына сай орындады.
10 Бұдан кейін Мұса Жаратқан Иенің жер бетіндегі тұрағы — киелі шатырға және ондағы барлық нәрселерге арнайы май жағып, осы рәсім арқылы оларды Құдайға бағыштады.
11 Мұса майдың біразын құрбандық үстеліне жеті рет бүркіп, сол үстел мен оның барлық бұйымдарына және қазан мен оның тұғырына май жағу рәсімін жасап оларды Құдайға бағыштады.
12 Сол майдың біразын Һаронның басына құйып май жағу рәсімін орындап, Һаронды Құдайдың қызметіне бағыштады.
13 Бұдан кейін Мұса Һаронның ұлдарын алға шығарды да, үстеріне арнайы ұзын көйлек кигізіп, белдерін жалпақ белбеумен буып, бастарына сәлде кигізді. Осының бәрін Мұса Жаратқан Иенің бұйырғанына сай орындады.
14 Содан соң Мұса күнәнің құнын өтейтін құрбандыққа бір жас бұқаны әкелдірді. Һарон мен оның ұлдары соның басына қолдарын қойды.
15 Мұса бұқаны шалып, оның біраз қанын саусағымен құрбандық үстелінің мүйіз тәрізді шошақтарына жағып, осы арқылы құрбандық үстеліне тазарту рәсімін жасады. Қанның қалған бөлігін Мұса құрбандық үстелінің түбіне төгіп, үстелді күнәнің арамдығынан тазартып, оны Жаратқан Иеге бағыштады.
16 Мұса бұқаның бүкіл ішмайы мен шарбы майын, бауырының көк етін, қос бүйрегін майларымен қоса алып, құрбандық үстелінің үстінде өртеп жіберді.
17 Ал бұқаның терісін, етін, ішек-қарны мен жынын ел қонысының сыртына шығарып өртетті. Осының бәрін Мұса Жаратқан Иенің бұйырғанына сай орындады.
18 Мұнан кейін Мұса түгелдей өртелетін құрбандыққа бір қошқарды әкелдірді. Һарон мен оның ұлдары қошқардың басына қолдарын қойды.
19 Мұса қошқарды шалып, қанын құрбандық үстеліне барлық жақтарынан бүрікті.
20 Мұнан кейін ол қошқарды мүшелеп бөліп, басын, сол бөліктерді және майларын өртеп жіберді.
21 Мұса қошқардың ішек-қарны мен сирақтарын сумен жуып, қошқарды толығымен құрбандық үстелінде өртеп жіберді. Бұл шалынып, түгелдей өртелген құрбандық — Жаратқан Иеге хош иісті де ұнамды тарту. Осының бәрін Мұса Жаратқан Иенің бұйырғанына сай орындады.
22 Бұдан кейін Мұса екінші қошқарды алдыртты. Ол Һарон мен оның ұлдарын діни қызметке тағайындау рәсіміне арналған қошқар еді. Һарон мен оның ұлдары қошқардың басына қолдарын қойды.
23 Мұса қошқарды шалып, оның қанынан алып, соны Һаронның оң құлағының сырғалығына, оң қолының бас бармағына, оң аяғының үлкен башпайына жақты.
24 Содан соң Мұса Һаронның ұлдарын алға шығарып, олардың да оң құлақтарының сырғалықтарына, оң қолдарының бас бармақтарына, оң аяқтарының үлкен башпайларына қан жақты. Мұнан кейін ол құрбандық үстеліне барлық жақтарынан қан бүрікті.
25 Мұса малдың майын: майлы құйрығын, бүкіл ішмайы мен шарбы майын әрі бауырдың көк етін, қос бүйрегін майларымен қоса және оң жақ санын алды.
26 Содан соң ол Жаратқан Иенің алдында тұрған, ашытқысыз пісірілген нан салынған себеттен бір-бірден ашымаған нанды, зәйтүн майы қосылған шелпек нанды және пәтір нанды алды. Оларды майлы бөліктердің және оң жақ санның үстіне қойды.
27 Мұса осылардың бәрін Һарон мен оның ұлдарының қолдарына ұстатып, Жаратқан Иенің алдында әрі-бері тербетіп ұсындырды.
28 Бұдан кейін Мұса бұл тартуларды Һарон мен оның ұлдарының қолдарынан қайтарып алып, құрбандық үстелінің үстіндегі түгелдей өртелетін құрбандықтың үстіне қойып, өртеп жіберді. Діни қызметкерді тағайындау рәсіміндегі осы құрбандық — Жаратқан Иеге шалынып, өртелу арқылы ұсынылған хош иісті де ұнамды тарту.
29 Сол сияқты, Мұса малдың төсін алып, оны Жаратқан Иенің алдында әрі-бері тербеп ұсынды. Бұл діни қызметкерді тағайындау рәсімінде шалынған қошқардан Мұсаға тиесілі үлес болды. Осының бәрін Мұса Жаратқан Иенің бұйырғанына сай орындады.
30 Содан кейін Мұса тағайындау рәсіміне арналған майдың және құрбандық үстеліндегі қанның біразын алып, оларды Һаронға және оның киімдеріне әрі Һаронның ұлдарына және олардың киімдеріне бүрікті. Осылайша ол Һаронды және оның киімдерін, сол сияқты, Һаронның ұлдарын және олардың киімдерін Жаратқан Иенің қызметіне бағыштады.
31 Содан соң Мұса Һаронға және оның ұлдарына былай деді: «(Құрбандыққа шалынған екінші қошқардан қалған) етті кездесу шатырының алдында пісіріңдер. Сол етті сендердің қызметтеріңе тағайындалу рәсіміне орай жасалған тартудың нанымен қосып жеңдер. «Һарон мен оның ұлдары осыны жесін» деген бұйрықты сендерге жеткізген едім ғой.
32 Жеп болған соң нан мен еттен артылып қалғандарын өртеп жіберіңдер.
33 Сендердің қызметке тағайындалғандарыңнан кейін жеті күн өтпейінше, кездесу шатырының кіреберісінен шығуларыңа болмайды. Себебі Жаратқан Иенің сендерді Өзінің қызметіне тағайындау рәсімі жеті күнге созылады.
34 Бүгінгі біздің істегенімізді Жаратқан Ие сендерді күнәларыңның арамдығынан тазарту үшін бұйырған еді.
35 Сендер кездесу шатырының кіреберісінде жеті тәулік бойы күні-түні Жаратқан Иенің қызметіне дайын болып тұрыңдар. Өлмей тірі қалуларың үшін солай істеңдер, себебі Жаратқан Ие маған осылай бұйырды».
36 Сонда Һарон мен ұлдары Жаратқан Ие Мұса арқылы бұйырғанның барлығын орындады.