Леуіліктер

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27


Тарау 15

Жаратқан Ие Мұса мен Һаронға тағы нұсқау беріп былай деді:
2 — Исраил халқына мынаны айтыңдар: егер біреудің денесінен ірің бөлінетін болса, сол адам таза емес болып саналады.
3 Ірің не ағып жүрген, не іркіліп тоқтап қалған екі жағдайда да адамды арамдайды.
4 Денесінен ірің ағатын адамның жатқан төсегі әрі ол отырған нәрселердің бәрі арамданады.
5 Оның төсегімен жанасып кеткен әркім киімдерін жуып, өзі де сумен жуынсын. Сол адам кешке дейін таза емес болып саналады.
6 Денесінен ірің ағатын адамның отырып кеткен жеріне отырған басқа адам да киімдерін жуып, өзі де сумен жуынсын. Сол адам кешке дейін таза емес болып саналады.
7 Егер біреу ірің ағып жүрген адамның денесімен жанасып кетсе, ол киімдерін жуып, өзі де сумен жуынсын. Сол адам кешке дейін таза емес болып саналады.
8 Егер денесінен ірің ағатын адамның түкірігі таза біреуге шашырап кетсе, ол киімдерін жуып, өзі де сумен жуынсын. Сол адам кешке дейін таза емес болып саналады.
9 Денесінен ірің ағатын адам отырған аттың ері де арамданады.
10 Оның отырған кез келген нәрсесімен жанасқан немесе соны көтерген әркім киімдерін жуып, өзі де сумен жуынсын. Сол адам кешке дейін таза емес болып саналады.
11 Денесінен ірің ағатын адам қолын жумай біреуге қолын тигізетін болса, ол киімдерін жуып, өзі де сумен жуынсын. Сол адам кешке дейін таза емес болып саналады.
12 Денесінен ірің ағатын адам ұстаған әр қыш ыдысты сындырып тастау керек. Ал егер ол ағаш ыдыс болса, сумен жуылып-шайылсын.
13 Сол адам ірің ағудан сауығып кеткенде, өзінің тазаруы үшін жеті күнді санасын. Сол кезең өткеннен кейін адам киімдерін жуып, өзі ағынды сумен жуынсын. Содан кейін ол таза болып саналады.
14 Сегізінші күні ол екі орман кептерін немесе екі жас көгершінді алып, кездесу шатырының кіреберісіне Жаратқан Иенің алдына келіп, құстарды діни қызметкерге табыстасын.
15 Діни қызметкер олардың біреуін күнәнің құнын өтейтін, екіншісін түгелдей өртелетін құрбандықтар ретінде шалсын. Осылайша ол Жаратқан Иенің алдында сол адамды денесінен ірің аққандықтан болған арам күйінен тазартады.
16 Егер ер адамның шәуеті ағып кетсе, ол денесін түгелдей сумен жусын. Сол адам кешке дейін таза емес болып саналады.
17 Оның шәуеті тамған әрбір киім мен былғары бұйымды сумен жуу керек. Сол киім не бұйым кешке дейін арамданған болады.
18 Еркек әйелмен жақындасып, шәуеті ағып кетсе, екеуі де сумен жуынуға тиіс. Олар кешке дейін таза емес болып саналады.
19 Егер әйелдің әдеттегідей айлық етеккірі келіп жүрген болса, оның таза емес деп саналатын уақыты жеті күнге созылады. Сол кезде онымен жанасқан әр адам кешке дейін таза емес болып саналады.
20 Етеккірі келіп жүрген әйел жатқан әрі отырған нәрселердің бәрі де арам болып саналады.
21 Сондай әйелдің төсегімен жанасқан әркім киімдерін жуып, өзі де суға түсіп шомылсын. Ол кешке дейін таза емес болып саналады.
22 Әйелдің отырған нәрселерімен жанасқан әркім киімдерін жуып, өзі де сумен жуынсын. Ол кешке дейін таза емес болып саналады.
23 Әйелдің жатқан төсегінің не отырған бұйымының үстіндегі кез келген нәрсесімен жанасқан әркім кешке дейін таза емес болып саналады.
24 Егер ер адам әйелімен бір төсекте жатып, оның етеккірі бұған жұғып қалса, онда сол адам жеті күн бойы таза емес болып саналады. Ол жатқан әрбір төсек те арамданған болады.
25 Егер әйелдің етеккірі әдеттен тыс басталып, көпке созылса немесе етеккірі әдеттегіден ұзақ уақытқа созылса, онда әйел сол кезең бойы таза емес болып саналады.
26 Сол аралықта әйел жатқан әр төсек не отырған әр нәрсе оның әдеттегі келетін етеккірімен арамданған төсегі не отырған нәрселері сияқты арам болып саналады.
27 Осы нәрселермен жанасқан әркім таза емес болып саналады. Ол киімдерін жуып, өзі де сумен жуынсын. Адам кешке дейін таза емес болып саналады.
28 Әйел етеккірі тоқтағанда жеті күнді санасын. Сол кезең өткеннен кейін ол таза болып саналады.
29 Сегізінші күні әйел екі орман кептерін немесе екі жас көгершінді алып, кездесу шатырының кіреберісіндегі діни қызметкерге апарсын.
30 Діни қызметкер екі құстың біреуін күнәнің құнын өтейтін, екіншісін өртелетін құрбандықтар ретінде шалсын. Осылайша діни қызметкер сол әйелді етеккірінен болған таза емес күйінен тазартады.
31 Осылайша сендердің Исраил халқын өздерін арамдайтын нәрселерден бөлек ұстауларың қажет. Әйтпесе олар араларыңдағы Менің киелі шатырымды арамдап, соның кесірінен өледі.
32 Денесінен ірің не шәует ағып кеткендіктен таза емес еркектерге
33 және етеккірі келіп жүрген әйелдерге, денесінен түрлі сұйықтық ағатын еркек не әйелге және таза емес болған әйелімен бір төсекте жатқан ер адамға арналған заң, міне, осы.