Леуіліктер

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27


Тарау 12

Жаратқан Ие Мұсаға нұсқау беріп былай деді:
2 — Исраил халқына мынаны айт: Егер бір әйел жүкті болып, ұл туса, онда ол жеті күн бойы өзінің айлық етеккірі келген кезіндегідей таза емес болады.
3 Сегізінші күні оның ұлы сүндеттелсін.
4 Содан соң әйел отыз үш күн бойы босанғандағы қан ағуынан тазару кезеңінің аяқталуын күтсін. Тазару кезеңі бітпейінше әйел киелі нәрселермен жанаспасын, әрі киелі орынға да бармасын.
5 Егер әйел қыз тапса, онда ол екі апта бойы өзінің айлық етеккірі келген кезіндегідей таза емес болады. Содан соң әйел алпыс алты күн бойы босанғандағы қан ағуынан тазару кезеңінің аяқталуын күтсін.
6 Ұл не қыз тапқаннан кейінгі тазару кезеңі аяқталғаннан кейін, әйел кездесу шатырының кіреберісіндегі діни қызметкерге түгелдей өртелетін құрбандыққа бір жасар тоқтыны және күнәнің құнын өтейтін құрбандыққа бір жас көгершінді не бір кептерді алып келсін.
7 Діни қызметкер оларды Жаратқан Иеге тарту етіп, әйелді күнәсінің арамдығынан тазарту үшін қажетті рәсімді орындасын. Әйелдің қан ағуынан таза еместігі сонымен бітеді. Бұл — босанып, ұл не қыз тапқан әйел орындауға тиісті рәсімдер туралы ереже.
8 Ал егер тоқты алып келуге әйелдің жағдайы көтермесе, біреуін — түгелдей өртелетін, екіншісін — күнәнің құнын өтейтін құрбандыққа арнап екі орман кептерін немесе екі жас көгершінді алып келсін. Сонда діни қызметкер әйелді күнәсінің арамдығынан тазартып, сол әйел таза болып саналады.