Леуіліктер

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27


Тарау 11

Жаратқан Ие Мұса мен Һаронға нұсқау беріп былай деді:
2 — Исраил халқына мынаны айтыңдар: Жер бетіндегі бар хайуандардың ішінен мыналарды жеулеріңе болады:
3 Тұяғы екіге бөлінген ашатұяқты әрі күйіс қайыратын барлық хайуандардың етін жеулеріңе болады.
4 Бірақ күйіс қайыратын немесе ашатұяқты хайуандар арасынан мыналардың етін тамаққа пайдалануға болмайды: түйе күйіс қайырса да, тұяқтары екіге бөлінген аша емес, сол себепті оның еті сендер үшін арам.
5 Майбасар күйіс қайырса да, ашатұяқты емес, сол себепті оның еті сендер үшін арам.
6 Қоян күйіс қайырса да, ашатұяқты емес, оның еті сендер үшін арам.
7 Ал шошқа тұяғы екіге бөлінген, ашатұяқты болғанмен, күйіс қайырмайды, сондықтан да сендер үшін арам.
8 Осы хайуандардың не етін жеулеріңе, не өлімтігіне жанасуларыңа болмайды. Ондайлар сендер үшін арам.
9 Суды мекендейтін мақұлықтардың қайсыларында қанаттары мен қабыршақтары болса, соларды азық етулеріңе болады. Олар қай суда болмасын, теңізде болсын, өзенде болсын, жеулеріңе болады.
10 Бірақ теңізде не өзенде құжынап жүзіп жүретін және суды мекендейтін басқа да мақұлықтардың қайсысында қанаттары мен қабыршақтары болмаса, оларды жеуге болмайтын, жиренішті деп санаңдар!
11 Олар сендер үшін жиренішті болғандықтан, етін жемей, өліктерінен де жеркенулерің керек.
12 Суды мекендейтін, қабыршақтары мен қанаттары жоқ кез келген мақұлық сендер үшін жиренішті.
13 Бірқатар құстарды да жиренішті деп біліңдер, соларды жеулеріңе болмайды. Олар: бүркіт, күшіген, тазқара,
14 қызыл кезқұйрық, қара кезқұйрықтың кез келген түрі,
15 қарғаның кез келген түрі,
16 түйеқұс, батпақ жапалағы, шағала, қаршығаның кез келген түрі,
17 байғыз, суқұзғын, құлақты жапалақ,
18 ақ үкі, бірқазан, тұйғын,
19 ләйлек, құтанның кез келген түрі, бәбісек және жарқанат.
20 Аяқтарымен жерде құжынап жүретін және ұшатын жәндіктердің бәрі сендер үшін жиренішті.
21 Барлық қанаттарымен ұшып, аяқтарымен жер басып жүретіндердің арасындағы тек сирақтары ұзын, секіре алатындарын ғана азық етулеріңе болады.
22 Олар: шегіртке, шекшек шегіртке, қара шегіртке, саяқ шегіртке және бұлардың барлық түрлері.
23 Алайда аяқтарымен жерде құжынап жүретін және ұшатын жәндіктердің бәрі сендер үшін жиренішті.
24 Осы жәндіктер адамды арамдайды. Олардың өліктерімен жанасқан адам кешке дейін арам болып саналады.
25 Кім солардың өлігін алып жүрсе, сол киімдерін жусын, ал өзі кешке дейін арам болып саналады.
26 Тұяғы толықтай емес, аздап қана бөлінген немесе күйіс қайырмайтын кез келген хайуан сендер үшін арам. Ондаймен жанасқан әркім арамданады.
27 Тұяғы жоқ, төрт аяқтап табанымен жүретін барлық хайуандар сендер үшін арам. Кімде-кім сондай жануардың өлігімен жанасса, сол кешке дейін арам болып саналады.
28 Кімде-кім солардың өлігін алып жүрсе, сол киімдерін жусын, ал өзі кешке дейін арамданған болып саналады. Ондай хайуандар сендер үшін арам.
29 Жер бетінде құжынаған мыналар да сендер үшін арам: көртышқан, тышқан, ешкіемердің кез келген түрі,
30 тағы да жармасқы кесіртке, келес, кәдімгі кесіртке, дала кесірткесі және құбылғы.
31 Жер бетіндегі бауырымен жорғалап құжынаған барлық мақұлықтардың ішіндегі арамдары — осылар. Олардың өліктерімен жанасқан әркім кешке дейін арамданған болып саналады.
32 Егер сол жануарлардың бірінің өлігі бір бұйымға құлап түссе, сол бұйым қандай заттан жасалған болса да: ағаш болсын, мата, тері немесе кенеп болсын, қандай пайдалы болса да арамданып қалады. Ондай бұйымды суға салып қою керек. Ол кешке дейін арам болып саналып, содан кейін адал болады.
33 Ал егер сондай жануардың өлігі қыш ыдыстың ішіне түсіп кетсе, онда ішіндегінің бәрі арамданады. Ондай ыдысты сындырып тастау керек.
34 Егер осындай ыдыстың ішінен жеуге болатын тамаққа су ақса, онда тамақ та арамданады. Ондай ыдыстан ішетін сусын да ішуге жарамсыз арам болады.
35 Осындай жануардың өлігінің кез келген бөлігі түскен заттың бәрі де, ошақ не тамақ даярлайтын ыдыс болсын, арамданады. Оларды сындырып тастау керек. Олар арамданған және оларды әрдайым арам деп санауларың керек.
36 Ал осындай жануардың өлігі бұлаққа не су жинайтын құдыққа түссе, олар таза болып қала береді. Бірақ өлікке жанасқан адам немесе зат арамданады.
37 Егер өлік себілетін дәнге түссе, дән таза болып қала береді.
38 Бірақ егер өлік суға малынған дәнге түсетін болса, онда дән арамданады.
39 Егер етін тамаққа қолдануға болатын хайуан өлсе, онда соның өлігімен жанасқан әркім кешке дейін арамданған болып саналады.
40 Өліктің етін жеген не өлікті көтеріп алып жүрген адам киімдерін жууы керек, оның өзі кешке дейін арамданған болып саналады.
41 Жер бетінде бауырымен жорғалап құжынаған барлық мақұлықтардан жиреніп, азық етпеңдер!
42 Бауырымен жорғалайтындарды, аяқтарымен жүретіндерді, не жер бетімен жорғалайтындардың ішіндегі көпаяқтыларды жемеңдер! Өйткені олар жиренішті.
43 Кез келген құжынап жүретін мақұлықтар арқылы өздеріңді жиренішті етіп, арамдамаңдар!
44 Өйткені Мен сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін. Мен киелімін, сондықтан сендер де Өзіме бағышталып, киелі болыңдар! Жер бетінде жорғалап жүретін ешбір мақұлықпен өздеріңді арамдаушы болмаңдар!
45 Құдайларың болу үшін өздеріңді Мысыр елінен азат етіп алып шыққан Жаратқан Ие Менмін. Мен киелімін, сондықтан сендер де киелі болыңдар!
46 Хайуандар, құстар, суда жүзетін және жер бетімен жорғалап жүретін барлық мақұлықтар туралы заң, міне, осы.
47 Арамды адалдан әрі жеуге болатын жануарларды жеуге болмайтындарынан ажырата біліңдер!