Леуіліктер

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27


Тарау 27

Жаратқан Ие Мұсаға тағы былай деп бұйырды:
2 — Исраил халқына мынаны айт: Егер біреу Жаратқан Иеге қызмет етуге бір кісіні бағыштауға ерекше ант еткен болса, онда сол кісі үшін берілетін төлемді төмендегідей мөлшерде белгілесін.
3 Егер сол кісі жасы жиырма мен алпыстың арасындағы ер адам болса, ол үшін берілетін төлем киелі орында қолданылатын ресми өлшем бойынша елу мысқал,
4 жасы сол аралықтағы әйел адамның төлемі — отыз мысқал күміс болады.
5 Егер жасы бес пен жиырманың арасында болса, ұл баланың төлемі — жиырма мысқал, қыз баланың төлемі — он мысқал күміс,
6 жасы бір ай мен бес жастың арасында болса, ұл баланың төлемі — бес мысқал, қыз баланың төлемі — үш мысқал күміс болады.
7 Жасы алпыстан асқан ер адамның төлемі — он бес мысқал, әйелдің төлемі — он мысқал күміс.
8 Егер ант еткен адамның осы көрсетілген төлемді төлеуге жағдайы көтермесе, сонда ол Жаратқан Иеге бағыштаған кісісін діни қызметкерге алып келсін. Діни қызметкер сол кісінің төлемін ант берушінің жағдайына қарай белгілейді.
9 Егер Жаратқан Иеге антпен бағышталған жануар құрбандыққа шалуға болатын адал хайуан болса, оны Жаратқан Иеге бағышталған деп есептеу керек.
10 Оны ауыстырып не жақсысын жаманымен, не жаманын жақсысымен алмастыруға болмайды. Егер орнына басқа бір малды беремін десе, онда сол малдардың екеуі де Жаратқан Иеге бағышталған деп есептелінеді.
11 Ал егер Жаратқан Иеге құрбандыққа шалуға болмайтын хайуан бағышталса, онда оны діни қызметкерге алып бару керек.
12 Діни қызметкер оны жақсы ма, жаман ба қарап шығып, құнын белгілейді. Оның белгілеген құны өзгеріссіз болып қалады.
13 Қожайыны осындай малын төлемін төлеп қайтарып алғысы келгенде, құнының үстіне оның бестен бір бөлігін қоса төлеп, малды қайтарып алсын.
14 Егер біреу өзінің үйін Жаратқан Иеге бағышталған деп арнаса, сонда діни қызметкер барып, сол үйдің жақсы ма, жаман ба қандай жағдайда екенін бағаласын. Діни қызметкердің үйге белгілеген құны өзгеріссіз болып қалады.
15 Сол адам құнын төлеп, үйін қайтарып алғысы келсе, құнының үстіне оның бестен бір бөлігін қоса төлесін. Содан үй қайтадан онікі болады.
16 Егер біреу өзінің отбасына тиісті мұралық жердің бір бөлігін Жаратқан Иеге бағыштағысы келсе, оның құны сонда себуге болатын тұқымның мөлшеріне байланысты белгіленеді. Он пұт арпа тұқымы себілетін егістіктің құны елу мысқал күміс болады.
17 Егер біреу егістігін Жаратқан Иеге Мереке жылында бағыштаса, жердің белгіленген құны өзгеріссіз болып қалады.
18 Ал егер ол егістігін сол жылдан кейін бағыштаса, жердің құнын діни қызметкер келесі Мереке жылына дейін қалған жылдардың санына сай белгілеп, құны соған сәйкес төмендейді.
19 Егер егістігін бағыштаған адам оны қайтарып алғысы келсе, жердің белгіленген құнының үстіне оның бестен бір бөлігін қоса төлесін, сонда егістігі қайтадан өзінікі болады.
20 Ал егер ол егістігін құнын төлеп қайтарып алмаса немесе (діни қызметкер) оны басқа біреуге сатып жіберген болса, онда оны қайтарып алуға ешбір мүмкіндік жоқ.
21 Осындай егістік Мереке жылында бұрынғы иесінен босайды. Ол Жаратқан Иеге бағышталған жер сияқты, ешкімге беруге болмайтын киелі болады да, діни қызметкерлердің үлесіне тиеді.
22 Егер біреу өзінің мұралық иелігіне жатпайтын басқа біреуден сатып алған егістік жерін Жаратқан Иеге бағыштаса,
23 діни қызметкер жердің құнын келесі Мереке жылына дейін қалған жылдардың санына сәйкес белгілейді. Ана адам жердің құнын Жаратқан Иеге бағышталған тарту ретінде сол күні-ақ төлесін.
24 Келесі Мереке жылы келгенде егістік оны сатып жіберген бастапқы иесіне қайтарылады.
25 Осындай істерде құн киелі орында қолданылатын ресми өлшем бойынша мысқалмен есептелінеді. Ал бір мысқалдың салмағы жиырма гераһқа тең.
26 Малдың тұңғышын Жаратқан Иеге бағыштауға болмайды, себебі мал мен адамның тұңғышы онсыз да Жаратқан Иенікі болып табылады. Не мүйізді ірі қара, не ұсақ малдың тұңғышы болсын, олар Жаратқан Иенікі.
27 Егер біреу Жаратқан Иеге қандай да бір арам мал бағыштаса, оның белгіленген құнының үстіне соның бестен бір бөлігін қоса төлеп, оны қайтарып алуға болады. Егер де құнын төлеп қайтарып алмаса, сол малды белгіленген құны бойынша басқа біреуге сату қажет.
28 Алайда ешкімнің де өзінің антпен Жаратқан Иеге бағыштаған меншікті нәрсесін сатып жіберуіне немесе құнын төлеп қайтарып алуына болмайды. Ол не адамы, не малы, не мұралық жері болсын, бәрібір антпен Жаратқан Иеге бағышталғанның бәрі де ерекше киелі.
29 Жаратқан Иенің бұйрығына сай түгелдей жойылуға белгіленген ешбір кісіні төлемін төлеу арқылы содан босатуға болмайды. Ондай адам өлтірілсін.
30 Елдің барлық өнімінің: егістіктерде өскен астықтың және ағаштардан жиналған жемістердің он бөлігінің бірі Жаратқан Иеге тиісті. Ол Жаратқан Иеге бағышталған киелі.
31 Егер біреу беруге тиіс он бөлігінің бірінен бір нәрсені құнын өтеп өзінде қалдырғысы келсе, онда ол соның құнының үстіне оның бестен бірін қоса төлесін.
32 Отарлар мен табындардың он бөлігінің бірі де Жаратқан Иеге тиесілі. Малын санаған малшының асатаяғының астынан өткен әр он малдың біреуі Жаратқан Иеге бағышталуға тиіс.
33 Мал иесі малының жақсыларын алып қалып, жамандарын беруші болмасын! Бір малды басқа малмен ауыстыруға да болмайды. Егер ол бір малды басқа малға ауыстырар болса, сол малдың екеуі де Жаратқан Иеге бағышталуға тиіс. Сондықтан бұрынғы иесіне оларды құнын төлеп қайтарып алуына болмайды.
34 Жаратқан Иенің Синай тауында Исраил халқына Мұса пайғамбар арқылы табыстаған бұйрықтары, міне, осылар.