Леуіліктер
Тарау 16
Һаронның екі ұлы Жаратқан Иенің алдына оттың (Ол бұйырмаған бөтен түрін алып) келіп, өлгеннен кейін Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып
2 былай деді: — Ағаң Һаронға мынаны ескерт: Һаронның шымылдықтың арт жағындағы ең қасиетті бөлменің ішіне және онда орналасқан Келісім сандығының үстіндегі қақпақтың алдына өзі қалаған кезінде келуіне болмайды. Әйтпесе ол өледі. Өйткені күнәнің арамдығынан тазару рәсімі орындалатын сол қақпақтың үстіндегі бұлт ішінде Мен боламын.
3 Һарон киелі орынға кіргенде күнәнің құнын өтейтін құрбандыққа бір жас бұқаны және шалынып, түгелдей өртелетін құрбандыққа бір қошқарды әкелсін.
4 Һарон бедерлі бәтестен тігілген арнайы ұзын көйлегін және тәнін жабатын бәтес шалбарын киіп алсын. Содан соң ол бәтестен тоқылған жалпақ белбеумен белін буып, басына бәтес сәлдесін орап алсын. Бұлар (Өзіме киелі орында қызмет көрсеткенде ғана киіп жүруге болатын) киелі киімдер. Һарон оларды киместен бұрын денесін сумен жуып тазарсын.
5 Һарон Исраил халқының қауымынан күнәнің құнын өтейтін құрбандыққа екі текені және түгелдей өртелетін құрбандыққа бір қошқарды қабылдасын.
6 Һарон жас бұқаны өзінің күнәларының құнын өтейтін құрбандық ретінде ұсынсын. Осы арқылы ол өзін және отбасын күнәларына бола арамданған күйлерінен тазартады.
7 Содан соң ол екі текені кездесу шатырының кіреберісінде Жаратқан Иенің алдына тұрғызып қойсын.
8 Һарон екі текенің қайсысы Жаратқан Иеге бағышталатынын, қайсысы халықтың күнәларын мойнына артып шалғай құла түзге айдалып тасталатынын жеребе тастап анықтасын.
9 Жеребе түсіп, Жаратқан Иеге бағышталған текені Һарон күнәнің құнын өтейтін құрбандық ретінде шалып, ұсынсын.
10 Ал жеребе бойынша күнәні мойнына артып әкетуге бағышталған теке тірідей Жаратқан Иенің алдына әкелініп, ұсынылады. Осы теке елсіз иен далаға айдалып тасталғанда халықтың күнәларының арамдығын өзімен бірге алып кетеді.
11 Һарон әлгі жас бұқаны өзінің күнәсінің құнын өтейтін құрбандық ретінде алып келіп шалсын. Сонда Һарон және оның отбасы күнәларына бола арамданған күйлерінен тазартылады.
12 Бұдан кейін Һарон Жаратқан Иенің алдындағы түтету үстелінен қызып тұрған көмір шоғына толы табаны және майда етіп тартылған екі уыс хош иісті затты алып, солармен ішкі шымылдықтың арғы жағына өтіп барсын.
13 Һарон сол жерде, Жаратқан Иенің алдында хош иісті затты табаға салсын. Соның бұлт тәрізді хош иісті түтіні Келісім сандығының үстіндегі қақпақты тұмшалап көзден тасалайды. Осылайша Һарон өлмей тірі қалады.
14 Һарон жас бұқаның қанының біразын саусағымен осы қақпақтың шығыс жағына бүріксін. Мұнан кейін ол саусағымен жеті рет қақпақтың алдына да біраз қанды бүркіп шашсын.
15 Содан соң Һарон халықтың күнәларының құнын өтейтін құрбандыққа арналған текені де шалсын. Оның қанын ішкі шымылдықтың арғы жағына алып барып, құрбандыққа шалған жас бұқаның қанымен не істеген болса, текенің қанымен де соны істесін: оны сол қақпақтың үстіне және оның алдына бүркіп шашсын.
16 Осылайша Һарон ең қасиетті бөлмені оның арамданған күйінен тазартсын. Ең қасиетті бөлме Исраил халқының Жаратқан Иеге мойынсұнбағандықтан жасаған барлық күнәларының кесірінен арамданған болатын. Исраилдіктердің арасында тігіліп қойылған, дәл солай арамданған бүкіл кездесу шатырын да Һарон осы сияқты тазартсын.
17 Һарон ең қасиетті бөлмеге кірген мезгілден бастап, оған тазарту рәсімін жасап аяқтап шыққанға дейін басқа ешбір адам кездесу шатырында болмауға тиіс. Осылай Һарон өзін, отбасын және бүкіл Исраил қауымын арамданған күйінен тазартады.
18 Содан соң Һарон кездесу шатырынан шығып, Жаратқан Иенің алдындағы құрбандық үстеліне барып, оны да арамданған күйінен тазартсын. Сол үшін ол бұқа мен текенің қанынан алып, құрбандық үстелінің барлық төрт бұрышындағы мүйіз тәрізді шошақтарына жақсын.
19 Һарон саусағын тағы да қанға малып алып, оны құрбандық үстеліне жеті рет бүркіп шашсын. Осылайша құрбандық үстелін исраилдіктердің күнәларының кесірінен арамданған күйінен тазартып, оны қайтадан Жаратқан Иеге бағыштап киелі қалпына келтіреді.
20 Һарон ең қасиетті бөлмеге, бүкіл кездесу шатырына және құрбандық үстеліне оларды арамданған күйінен тазарту рәсімін орындап болған соң, тірі текені алға шығарсын.
21 Содан Һарон текенің басына қолдарын қойып, исраилдіктердің күллі теріс қылықтарын, олардың Жаратқан Иеге мойынсұнбай жасаған күнәларының барлығын да мойындап, осы текенің басына артсын. Содан соң текені арнайы дайын тұрған адамға тапсырып, ол соны елсіз иен далаға айдап апарсын.
22 Адам текені иен далада босатып жібергеннен кейін, теке халықтың барлық теріс қылықтарын шалғайдағы құла түзге алып кетеді.
23 Содан соң Һарон қайтадан кездесу шатырына кірсін де, ең қасиетті бөлмеге барар алдында киіп алған арнайы бәтес киімдерін шешіп, сол жерде қалдырсын.
24 Ол киелі орында бүкіл денесін сумен жуып, өзге арнайы киімдерін киіп, шықсын. Мұнан кейін өзінің және бүкіл халықтың әкелген құрбандықтарын шалып, (құрбандық үстелінде) түгелдей өртеп ұсынсын. Осы арқылы Һарон өзін және бүкіл халықты арамданған күйлерінен тазартсын.
25 Һарон күнәнің құнын өтейтін құрбандыққа шалынған малдардың майларын да құрбандық үстелінде түтетіп өртеп ұсынсын.
26 Ал (халықтың күнәлары артылған) текені елсіз иен далада босатып жіберген адам қайта оралғанда үстіндегі киімдерін жуып, денесін де сумен жусын. Содан кейін оған ел қонысына кіруге болады.
27 Күнәнің құнын өтейтін құрбандық ретінде шалынып, қандарын Һарон халықты арамданған күйінен тазарту үшін ең қасиетті бөлмеге апарған жас бұқа мен текеге келсек, олардың денелерін ел қонысының сыртына шығарып, сол жерде терілерін, еттерін және ішек-қарындарын жынымен қоса өртеп жіберу керек.
28 Соларды өртеген адам үстіндегі киімдерін жуып, денесін де сумен жусын. Содан кейін ғана оның ел қонысына қайтып кіруіне болады.
29 Мынау сендерге арналған тұрақты ереже: жетінші айдың оныншы күні Жаратқан Иеге ерекше бой ұсынып (ораза тұтып) еш жұмыс істемеңдер! Бұл тумысынан исраилдік болғандарға ғана емес, сондай-ақ, араларыңда тұрып жатқан жат жұрттықтарға да қатысты.
30 Себебі сол күні сендер үшін күнәнің арамдығынан тазарту рәсімі жасалып тазарасыңдар. Соның арқасында сендер Жаратқан Иенің алдында барлық күнәларыңнан пәк таза болып тұрасыңдар.
31 Сол күн сендер түгелдей тынығатын демалыс күні болсын. Сендер Жаратқан Иеге ерекше бой ұсынып ораза ұстаңдар! Бұл — тұрақты ереже.
32 Болашақта әкесінен кейін тағайындалып, орнын басқан (бас) діни қызметкер де халықты арамданған күйінен тазарту рәсімін (жыл сайын) дәл солай орындалуы керек. Сонда ол (бас) діни қызметкердің бәтестен тігілген арнайы киімдерін киіп алып,
33 ең қасиетті бөлмені, бүкіл кездесу шатыры мен құрбандық үстелін, сондай-ақ, діни қызметкерлер мен бүкіл қауымды арамданған күйінен тазарту рәсімін орындасын.
34 Бұл сендерге арналған тұрақты ереже болады: жылына бір рет Исраил халқының барлық күнәларына бола оларды арамданған күйінен тазарту рәсімін орындаңдар! Мұса бәрін де Жаратқан Ие өзіне айтқандай істеді.