Ошия
Тарау 14
Құдайына мойынсұнбай қарсы шыққандары үшін Самарияның халқы кінәларының кесірінен жазаланатын болады. Олар семсерден өледі. Жас балаларын жау жерге соғып өлтіріп, жүкті әйелдерінің іштерін жарады.
2 Уа, Исраил халқы, өз Құдайың Жаратқан Иеге қайта орал! Осылай күйрегеніңе өз күнәларың себепші болды.
3 Кінәларыңды мойындайтын сөздер айтып, Жаратқан Иеге қайтып келіңдер! Оған былай деңдер: — Барлық күнәларымызды кешіріп, бізді рақыммен қабылдай гөр! Саған аузымызбен мадақтау айтып, соны сый-тарту ретінде ұсынбақпыз.
4 Ассур бізді құтқара алмайды, біз атқа мініп, өз күшімізге де сенім артпаймыз. Бұдан былай өз қолымызбен жасаған бұйымға: «Біздің тәңіріміз!» деп табынбаймыз. Сенен ғана, уа, Жаратқан Ие, жетімдер рақым табады.
5 — Мен оларды опасыз мінездерінен сауықтырып, өз мейіріміме сәйкес жақсы көремін. Себебі оларға деген қаһарым қайтты.
6 Мен Исраилді жерге түскен шықтай сергітетін боламын. Сонда Исраил лалагүлдей жайнайды, әрі Ливан тауындағы самырсын ағаштарындай тамырларын тереңге жібереді.
7 Исраилдің жас өркендері кең жайылып өседі. Ол зәйтүн ағашындай көрікті, ал хош иісі Ливан самырсынының жұпарындай болады.
8 Халқым қайтып келіп, саямда тыныстап, дәнді дақылдай бітік өсіп, жүзім бұтасындай гүлдейді. Сонда атағы жайылып, Ливан шарабындай кең танымал болады.
9 Ефрем сонда: — Қойшы сол жалған тәңірлерді! — деп айтпақ. (Ал Мен мынадай жауап беремін:) — Мен сені естіп, назарымда ұстаймын. — Мен жайқалған арша ағашы сияқтымын. — Сенің жеміс беруің Менің жарылқауыммен.
10 Кім бұларды ұғынатындай дана болады? Кімнің түсінігі бар болса, соларға көз жеткізеді. Жаратқан Иенің көрсеткен жолдары түзу, әділдер олармен жүретін болады, ал Иемізге қарсы бас көтергендер соларда сүрініп құлайды.