Жоел

1 2 3


Тарау 1

Мұнда Жаратқан Иенің Петуел ұлы Жоелге арнаған сөзі берілген.
2 Тыңдаңдар мынаны, уа, ақсақалдар, құлақ салыңдар, уа, елдің күллі тұрғындары! Өз бастарыңнан өткен күндерде не ата-бабаларыңның заманында мұндай нәрсе болып па еді?
3 Бұл туралы хабарды балаларыңа айтыңдар, балаларың немерелеріңе, ал немерелерің шөберелеріңе жеткізсін!
4 Шегірткенің құрттарынан қалғанды шегірткелер жеді, шегірткелерден қалғанды басқа құрттар жеді, ал одан қалғанды қоңыздар жеп тауысты.
5 Ояныңдар, уа, маскүнемдер, еңіреп жылаңдар! Ей, шарап ішетіндердің бәрі де, тәтті шарапты жоқтап зарлаңдар, өйткені енді содан құр қалдыңдар!
6 Себебі Менің еліме бір «халық» басып кірді, олар күшті әрі қисапсыз көп, ал тістері — арыстанның тістеріндей, тырнақтары — ұрғашы арыстанның тырнақтарындай күшті де өткір.
7 Сол «халық» Менің жүзім бұталарымды ойрандады, інжір ағаштарымның бұтақтарын сындырып, жемістерін жұлып тастап, бұтақтары ағарып қалды.
8 Атастырылған күйеуін жоқтап, азалы киім киіп тұрған қыздай зарлап жылаңдар!
9 Жаратқан Иенің киелі үйінде жұрт астық әрі сұйық тартуларын ұсынбайтын болды. Соған Жаратқан Иеге ғибадат етуші діни қызметкерлер қайғыруда.
10 Егіндіктер ойрандалған, қара жер қайғырып жатыр, өйткені қуаңшылықтан егін құрып, жүзімдер суалып, зәйтүн жемістері піспей солып қалды.
11 Күдерлеріңді үзіңдер, уа, егіншілер, зарлаңдар, уа, жүзімшілер! Өйткені далада жинайтын өнім қалмады.
12 Жүзім бұталары қурап, інжір ағаштары солып қалды, анар, құрма, алма, даладағы барлық ағаштар да қурап қалды. Содан адамдар да қуаныштан ада болды.
13 Уа, діни қызметкерлер, азалы киім киіп жылаңдар! Құрбандық үстелінің алдында қызмет етуші сендер, зарлаңдар! Азалы киімдеріңді түнде де шешпей ұйықтаңдар, уа, Құдайымның қызметкерлері! Өйткені сендердің Құдайыңның үйінде енді астық әрі сұйық тартулары ұсынылмайтын болды!
14 Құдайға арнап ораза ұстайтын уақытты белгілеңдер! Салтанатты жиналыс жариялап, елдің ақсақалдары мен басқа да тұрғындарын Құдайларың Жаратқан Иенің киелі үйіне жинап алыңдар! Иемізді көмектесуге жалбарына шақырыңдар!
15 Жаратқан Иенің күні таяп қалды. Бұл қандай қасіретті күн болмақ! Сол күні құдіреті шексіз Құдай елді талқандамақ.
16 Біздің көз алдымыздан азық-түлік алшақтап кетіп, Құдайымыздың киелі үйінен қуаныш пен шат-шадыман әндер ғайып болады емес пе?
17 Себілген тұқым топырақ кесектерінің астында құрғап қалды. Содан егін шықпай, қамбалар бос тұр, астық қоймалары бұзылған.
18 Малдың ыңырсуын-ай! Ірі қара жайылым болмай айналаны кезіп адасып жүр, ұсақ мал да қиналуда.
19 Уа, Жаратқан Ие, Саған жалбарынамын! От иен даладағы жайылымдарды жалмап, жалындары жеміс ағаштарын құртып жіберді!
20 Даладағы жабайы аңдар да Саған жалбарынуда, өйткені бұлақтардың арналары кеуіп, елсіз даладағы жайылымдарды өрт жалмады.